Жеңімпаздарды жетелеген жаттықтырушы
Қай сала болсын өзіне тән қиындығы мен жауапкершілігі болады. Өмірде тал бойында төзім мен еңбекқорлық ұялаған жандар ғана жеңіске, абыройға жете алады. Жас болса да чемпион тәрбиелеп жүрген жанның бірі – Гүлайым Нұрмаханова. Ол жастарды спортқа баулып қана қоймай, жігерлендіріп, рухани күш-жігер беріп, отансүйгіштікке, намысшылдыққа, сергектікке тәрбиелеп жүрген ұстаз. Гүлайым Жосалы кентінің тумасы. Өзі де бала күнінен спортты серік еткен сұлу. Балалық қызығушылығы бүгініне айналып, спорт саласынан алыстамады. Керісінше, спортсүйер сұлуларды жеңіске жетелеуде.
– Бала күнімнен спортқа жақын болдым. Бақберген Тәттімбетов ағайымнан самбо күресінің қыр-сырын үйрендім. Өсе келе тыңғылықты жаттығуымның арқасында аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда орын алдым. Әрбір спортшының арманы болған Азия биігін бағындырдым. Кейіннен әлемдік байрақты жарысқа қатысып, жүлдемен елге оралдым. Спорттың арқасында ел, жер көріп көптеген жетістікке жеттім, – дейді жас жаттықтырушы.
Кент орталығындағы No183 орта мектепте тәлім алған Гүлайым жоғары білімді «Болашақ» университетінен «Спорт және туризм» мамандығын меңгереді. 2017 жылдан бері No16 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Еңбек өтілі 7 жылға жуықтаған маманның біршама жетістігі де бар.
– Осы салада барлық білген тәжірибелерімді шәкірттеріме үйретудемін. Оқушыларымның ішінде алғаш болып Ұлтай Сейілова жақсы нәтиже көрсетті. Облыстық, республикалық чемпионаттарда жеңімпаз атанып, самбо күресінен Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдесін иеленді. Белбеу күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қазіргі таңда Ұлтай тыңғылықты оқу жаттығу жиынында алдағы әлемдік додаға дайындық үстінде. Венера Борисова мен Айниса Орынбасарова қыздарым ел чемпионаттарында қола жүлдегер атанды. Осы қыздарымның артынан спортшы сіңлілері өсіп келе жатыр. Ақбота Жақсылықова, Мадина Бейбітова, Дарина Мұқашова, Айшабибі Амантаевалар республикалық, облыстық жарыстарда топ жарып жүр. Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтижеге жету үшін дайындалу үстіндеміз. Өсіп келе жатқан жас балуан қыздарымыз биіктерді бағындырады деген үмітім мол, – дейді Гүлайым Нұрмаханова.
Жалпы спорт темірдей тәртіп пен салқынқанды мінезді қажет етеді. Мұндай талап нәзікжандылар үшін оңай емес. Десе де, ерлермен қатар еңбек етіп жүрген Гүлайым бір жанұяның отанасы. Болашағынан зор үміт күтер 2 перзенттің анасы. Жаттықтырушылық жұмыс пен келіндік қызметті қатар алып жүрген жастың жұмысы да жауапты.
– Жаттықтырушы болу – өте жауапты жұмыс дер едім. Ең қызығы, тәрбиелеген шәкірттеріңнің жақсы нәтижеге жетіп қуанғанын, эмоциясын көру. Кейде қыз бала болғасын мықты қарсыласын әзер жеңіп, қуаныштан көздеріне жас алып қалады. Спорт болғаннан кейін кейде дене жарақаттарын алады. Ата-аналарынан аманат етіп алып кеткеннен кейін жарыстан соң үйлеріне аман-сау жеткізгенше уайымдаймын. Ата-ана ретінде оларды да түсінемін. Негізі спорт мінездің қалыптасуына әсер етеді. Спортшы сабырлы, салмақты намысшыл, төзімді болуы керек. Мықты спортшы болу – көп жастың арманы. Бірақ, көбі жарты жолдан тастап кетеді. Спортқа шын құмар баланың ынтасы ерекше болады. Оның ептілігі, жылдамдығы, мінезі, еңбекқорлығы бірден байқалады. Табиғатына қарай кейбір бала уақыт өте келе ашылады. Жеңімпаз атану үшін физикалық жағынан ғана емес, рухани жағынан да мықты дайындық қажет. Жарыста жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Жеңімпаз болғанда да, жеңілгенде де өзіңді-өзің ұстай білу адамның рухани өресіне байланысты. Жеңіске ұқыптылық пен тиянақтылықтың, еңбекқорлықтың арқасында ғана жетесің. Егер жеткен жетістігіңе рухани әлемің сай болмаса, абыройың аяқасты болуы бір-ақ сәтте, – дейді бапкер.
Міне, бойындағы бар білімін өзінен кейінгімен бөлісуге, аудан абыройы үшін қызмет етуге дайын Гүлайымдай жастар көп болса дейміз. Өйткені жауапты жаттықтырушыдан жеңімпаз шәкірт шығатынына сенім мол.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА