«Қазақстан барысы» Сыр жастарымен кездесті
Сыр өңірі талай талантты тудырған өлке. Сол таланттардың бірі, Сыр спортының үкілеген үміті – Мақсат Исағабылов. Ес білгеннен спортты жанына серік етіп, алдына қойған мақсатын нәтижеге айналдырып, талай бәсі биік бәсекеде топ жарған жерлесіміз елімізде дәстүрлі түрде өткізілетін «Қазақстан барысы – 2022» додасының алтын белбеуін жеңіп алған болатын. Алтын белбеу – жеңіске шөліркеген жергілікті жұртшылыққа үлкен сый болған еді. Талай палуанмен таласып, кеудесін жерге тигізбеген оғлан бүгін Жастар орталығына қонақ болды.
Жастарды спортқа шақыру, жауапкершілік пен табандылықты үйрету, тәжірибелерімен бөлісу мақсатында ұйымдастырылған шараны Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Оспанұлы ашты.
Құрметті жас достар! Алдын ала барлық оқу орындарында, әлеуметтік желілерде жерлесіміз, қазақ күресінің майталманы Мақсат Исағабылов біздің орталықта қонақ болады деп жариялаған болатынбыз. Спортқа жақын, спорт сүйер жастар бүгін жиналған екен. Өйткені спорт – адамды өзін-өзі шыңдауға баулитын, ұдайы физиологиялық даму мен тұрақтылықты талап ететін өмірлік позицияның бірі. Сол жолда аянбай еңбек еткен Мақсат ағамыз бүгінде Сыр бойына ғана емес, барша еліміздің мақтанышына айналып үлгерді, – деді Талғат Оспанұлы.
Шарада сөз алған палуан Мақсат Исағабылов спортта ең бірінші ерік-жігердің мықтылығы мен спортқа деген сүйіспеншілік болуының маңызды екенін жеткізді. Спортшының жетістігі тынымсыз жаттығу мен білікті бапкерден бөлек ата-анасына, жанкүйерлеріне де байланысты екеніне тоқталды.
Спорт – үлкен мектеп. Бала енді қалыптасып келе жатқан сәтінен спортқа ден қойып, тұрақты айналысса, нәтиже шығарары сөзсіз. Мінезінде мықтылық, шыдамылық пен сабыр, жеңіске мастанбай, жеңілісте сынбай шыдас беруге үйнереді. Бала кезімнен өзімнің болмысым қазақ күресіне жақын болды. Өз бөлмемде есікті жауып алып жаттығу жасап, дайындалатынмын. Алдымдағы ағама еліктеп, дәл осы спорт түрінен кәсіби жаттығып, талай қиындықты еңсеруім бүгінгі жеңісіме алып келді. Ұстанымға беріктік, спортқа адалдық, жақындарыңның қолдауы – әр спортшының бір нәтижеге жетуінің көрінісі. Сондықтан, барша жастарға темірдей тіртіп пен бастаған істі соңын жеткізуге шыдамдылық тілеймін, – деді палуан.
Шарада спорт сүйер жастар палуанға сұрақтарын қойып, еркін форматта ой-пікір алмасты. Шара соңында қазақ күресінің шебері жеңіске апарар техникалары мен тәжірибелерін қатысушы жастармен бөлісіп, шеберлік-сыныбын көрсетті.
Құралай ЖАҚСЫЛЫҚ,
Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығының баспасөз хатшысы