» » Жас спортшының жеңісі

Жас спортшының жеңісі

qarmaqshy-tany.kz Талай дарын иесі шыққан біздің өңірден спорт саңлақтары да қалыс қалмайды. Оған әлемдік аренада туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды асқақтата орындап жүрген жерлес жастарымыз дәлел. Иә, ауданда жастар арасында спортқа деген құлшыныс жоғары. Сондай спортқа жаны жақын жанның бірі – Әлихан Әлиасқаров. Жас спортшы қазірде Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің 9 сыныбында оқиды.

Оның бала күнінен бастап спортқа қызығушылығы оянады. 2019 жылдан бері қазақ күресіне қатысып, талай додаларда топ жарып жүр. Алғашқы жеңісі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жасөспірімдер арасында өткен қазақ күресінен аудандық ашық біріншілікте І орын иеленуден басталады. Сол уақыттан бастап алыс-жақын аудан мен Ақтөбе, Атырау қалаларында өткен сайыстардан жүлдемен оралады. Былтыр Қызылорда қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Бала барысы – 2022» байрақты бәсекесінде І орынды қанжығасына байлады.
Әлихан отбасындағы жеті ағайындының алтыншысы. Көпбалалы отбасында тәрбиеленуде. Әкесі Нұрлан Ақтау қаласындағы «Серт» ЖШСде инженер-электрик болса, анасы Жақсыгүл Өмірәлиева аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесінде аяжан болып жұмыс істейді.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, спортта баланы баптайтын жаттықтырушының еңбегі жоғары. Ол №15 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі Сымбат Оспановтың жетекшілігімен 5 сыныптан бастап жаттығады.
– Әлихан шәкіртім өткен жылы «Бала барысы» атағын иеленді. Облысымызда алғашқы рет ұйымдастырылған бұл байқауда ол 5 балуанмен белдесіп, финалда салмағы 70 келіден жоғары жаңақорғандық балуанмен белдесті. Белдесудің соңғы секундтарында шәкіртіме жігер беріп, «Осы мүмкіндікті жіберіп алсаң, бұл сәт енді саған қайтып келмейді. Жеңіске жету сенің басты мақсатың болу керек. Сен бұл белдесуде жеңесің» деп бойына жігер беріп жібердім. Бұл басы да, соңы да емес. Алда талай жарыстар күтіп тұр, – дейді тренері Сымбат Сәбитұлы.

Спортқа жақын кей адам сөзге шорқақ келеді. Кейіпкеріміз де дәл солай. Көп сөйлемейтіндіктен анасын да әңгімеге тартып көрген едік. –
Басқа балаларымның ешбірі спортқа жоқ. Тек Әлиханымның ғана спортқа деген талпынысы жақсы. Үнемі жаттығудан қалмайды. Болашақта күшті қажет ететін мамандықтардың бірінде оқығысы келеді. Жаттықтырушысы да мықты маман. Соның арқасында қазірде күніне екі мезгіл жаттықтыруға барып жүр. Алдағы уақытта Байқоңыр қаласында өтетін жарыс пен Қызылордада болатын «Бала барысына» дайындық үстінде. Ұлыма күнделікті күш-қуат беретін дәрумендер мен құнарлы тамақтануын қадағалап отырамын, – дейді Жақсыгүл апай.

Қазақта «Болар елдің баласын бетін қақпай, белін бу» деген тәмсіл бар. Сондықтан, Әлихан секілді ертеңінен зор үміт күттіретін жастарға тілекші болып, оның әрбір жетістігіне қуанамыз. Әрине, үздіксіз дайындық биік шыңдарға жетелейді. Біздің жас спортшының алдында әлі де талай дүбірлі жарыстардан жеңіспен оралатынына сеніміміз мол.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
03 қыркүйек 2023 ж. 823 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 322

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 416

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930