» » Күрес алаңындағы қайсар қыз

Күрес алаңындағы қайсар қыз


  Қазақ қыздары қай кезде де спортта биік белестерді бағындыра алды. Сол бұрымдылардың қатарында Олимпиада жүлдегерлері де бар. Осы ретте елімізді әлемге танытқан қазақ қыздарының тізіміне енген қармақшылық ару туралы сөз қозғамақпыз. Көк туымызды әлемдік аренада желбіретіп жүрген ақылына көркі сай күрес сүйген бойжеткен Әсемай Рүстемованың бойында сұлулық пен зеректік өзара үйлесім тапқан.
   Спортқа деген құштарлығы мен сүйіспеншілігі шексіз Әсемайдың жасы небәрі 20-да. Бала күнінен киелі Қармақшы топырағында өсіп, талай спорт тарланы түлеп ұшқан орталықтан тәлім алады. 12 жасында әкесі Ғалымжан Боранбаевтың күреске жетелеп әкелгендегі  үміті ақталды. Спортсүйер бойжеткен бүгінде біршама белесті бағындырып, шет елде де өзін мойындатып жүр. Нақтылай кетсек, Әсемай – жасөспірімдер арасында самбодан Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасында самбо күресінен  Қазақстан чемпионы, жастар арасында Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері. Дзюдодан 23 жасқа дейінгілердің Қазақстан чемпионы, жастар арасында Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, одан бөлек бірнеше турнирдің жеңімпазы.Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жас спортшы», «Жылдың үздің спортшысы» атанып, мерейі тасыған жанмен жақын таныстыруды жөн көрдік.
   – Жалпы қазақтың жанына жақын спорттың бірі – күрес. Отбасымызбен салауатты өмір салтын ұстанамыз. Спорт маған жақсы мінез қалыптастыруды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретті. Осы спорттың себебімен шетелді араладым. Түрлі спортшылармен тәжірибе алмастым. Жалпы бұл саладағы жүрген жандардың бәріне шетелді көру, жеңіс шыңына шығу бұйырсын деймін. Спортты енді бастап жатқан іні-сіңлілеріме ерінбей еңбектеніңдер дегім келеді. Сонда ғана оның нәтижесі болады. Өзімнің алдыма қойған мақсатым –былтыр Әлем чемпионатынан ІІІ орын алдым, соны алтынға айналдыру. Еліміздің көк туын көкке желбіретіп мықты спортшыларды шығарып, әлемге Қазақстанның қандай мықты ел екенін дәлелдегім келеді. Қазақстан азаматшасы ретінде өз еліме пайдамды тигізсем, – дейді Әсемай Ғалымжанқызы.
    Жалпы спортта жетістікке жетуде мінез қажет. Қанша жерден техникалық, тактикалық дайындығы жақсы болғанымен ерік-жігердің жоқтығынан жеңіліп жатады. Сондықтан оларды рухтан­дырып, жеңіске сендіру – жаттықтырушының жауапкершілігіндегі жұмыс. Ал Әсемайдың үнемі жеңіс төрінен көрінуіне бірден-бір себепші – жаттықтырушысы Бақберген Тәттімбетов. Спортшы арудың да ұстазына деген құрметі ерекше, айтар алғысы мен жеткізер лебізі бөлек.
– Әрбір жетістігім – бірінші Алланың, екінші – жаттықтырушым Бақберген ағайдың арқасы деп білемін. Ол менің жамандығымды жасырып, жақсылығымды асырып, тура жолға бағыттап, қиын сәтте қолдау білдіріп, ауыр кезеңдерден алып шықты. Ағайдың маған жасаған жақсылықтарын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ол өзі тәрбиелеп жатқан шәкірттерінің бәріне тең қарап, білгенін үйретуден танған емес. Сол кісінің қайсарлығының, қаталдығының арқасында біз жетістік төрінен көрінудеміз. Елімізде осындай жаттықтырушылар көп болса деймін. Себебі спортта жаттықтырушы мен спортшының арасындағы байланыс дұрыс болуы керек. Жаттықтырушы спортшыны шын түсіне алғанда ғана, шәкіртте сенім пайда болады. Соның арқасында жеңіске қол жеткізеді. Сондай-ақ, отбасыңнан қолдауы, саған сенім артуы спортшы үшін өте маңызды. Осы ретте маған үнемі ақ тілегін жаудырып, төрден көрінуіме тілекші болатын жақындарыма алғысыз шексіз, – дейді Әсемай.
   Киелі жерде туған спортшы қыз еліміздің көк туын әуеде желбіретіп, ата-анасының, ұстазының үмітін ақтап, ел намысын шетелде қорғап, биік шыңдардан көрінуді мақсат тұтқан жан. Бүгінде Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университетінде жоғары білім алып жатқан Әсемайдың әлі талай алар асуы алда. Біз тек арманың орындалсын дейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
16 қаңтар 2024 ж. 610 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031