» » Биікті бағындырған балуандар

Биікті бағындырған балуандар

qarmaqshy-tany.kz Ауданда өңір тұрғындарының әлеуетін арттыруда көптеген игі бастама іске асырылуда. Оның ішінде, тұрғындарды бұқаралық спортқа баулуда заман талабына сай стадион мен спорт кешендері, заманауи құрылғымен қамтылған спорт алаңдары пайдалануға берілуде.
Осындай игі істердің арқасында жастарымыз түрлі деңгейдегі байрақты жарыстарға қатысып, еліміздің көк туын әлем көгінде желбіретіп, абыройын асқақтатуда.
Атап айтсақ, Жарболсын Құндақбаев, Қуаныш Қаражанов, Әділбек Серікбаев, Дархан Ерғалиев, Мұрат Кетебай, Марат Асылов, Бақберген Тәтімбетов, Ғалымжан Ержанов, Рашида Сарбасова, Жандос Топаев, Айдар Ерәлиев, басқа да есімдері елге танылған сала майталмандарының шәкірттері арасында Әлем, Азия, Қазақстан чемпионаттарында топ жарып, өңір абыройын асырып жүргендер жетерлік десек артық айтқандық емес. Осы жерде айтып кететін ерекше жайт, бүгінгі буын өкілдері білмеуі мүмкін ауданда «Спорт шебері» нормативін алғашқы болып орындаған еркін күрес майталманы Әлжан Төремахановтың аудан спортының дамуына ерекше үлес қосқанын атап өту біз үшін парыз.
Сонымен бірге, аудан халқына Әлем жеңімпазы деген атақты алғаш сыйлаған боксшымыз Өміржан Бауыржанұлы полицейлер арасында дүниежүзілік чемпионатта жасындай жарқырып, жеңімпаз атанса, кейіннен ол осы атағын бірнеше рет қорғады. Самал Бисенов те спорттың осы түрінен Азия жүлдегері атанды. 2008 жылы балуанымыз Бауыржан Райсов қазақ күресінен өткен Әлем біріншілігінде өз салмағында топ жарып жеңімпаз, содан кейін 3 мәрте Азия чемпионы атанса, Миржан Қуаңбаев қазақ күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2 рет Азия чемпионы, самбодан Азия чемпионы атанды.
Сондай-ақ, қазақ күресінен жасөспірімдер арасында өткен әлемдік додада Айбек Серікбаев, ересектер арасында Ғалымжан Әбдірахманов өз салмақ дәрежелері бойынша чемпион атанып, ел мерейін тасытты.
Ал, өз кезегінде «Қазақстан барысы» республикалық жарысында тамаша өнер көрсеткен Еламан Ерғалиев пен Мақсат Исақабылов жеңімпаз атанып, мерейімізді көтерді. Мақсат Азия біріншілігінде де топ жарса, Еламан Еуропа төрінде өткен байрақты бәсекеде мойнына жүлдегер медалін тақты.
Балуан қыздарымыз арасында да жоғары көрсеткішке ие болғандар жетерлік. Атап айтқанда, Динара Қодарова Азия біріншіліктерінде бірнеше рет жүлделі орындардан көрінсе, Гүлайым Нұрмаханова Ригада самбодан өткен Әлем чемпионатында айды аспанға шығарып, қола жүлдесін мойнына тақты. Енді бірде Ташкент қаласында өткізілген Азия біріншілігінде де бағы жанып, құрлық чемпионы атанды. Жақында Әсемай Рүстемова мен Ұлтай Сейілова сынды балуан қыздарымыз да Азияны бағындырды. Жасөспірімдер арасында да дзюдодан Бауыржан Жауынтаев дүниежүзілік байрақты жарыста жүлдегер атанса, өз қатары арасында зілтемір көтеруден екі мәрте әлем біріншілігінде көк туымызды әуеге әуелеткен Ерасыл Сәулебектің ерлігі қасиетті Қармақшыдай құтты атамекенді дүниежүзіне танытып, мерейімізді үстем етті.
Жеңіл атлетика спортының майталмандары Мұрат Кетебай мен Рашида Сарбасованың да үкілеген шәкірттері Қазақстан, Азия, әлемдік додаларда үлкен нәтижеге қол жеткізуде. Атап айтар болсақ, Рахымжан Келманов, Мейіржан Мақшат, Бағдат Елубаев, Нұрсұлтан Көлдеев, Данияр Әбілахатов қазіргі таңда Қазақстан құрамасының белді мүшелері.
Қармақшылықтар осындай даңқты спортшыларымен мақтанады. Бұрындары ауданымызды «Жүз жыраудың Отаны» десе, бүгінде Қазақстанның спортсүйер қауымы Қармақшыны «Жүз спорт шеберінің Отаны» деп те мақтанышпен қосып айтады. Бұл біз үшін үлкен мәртебе.
Десе де, ауданның спортсүйер қауымы қазіргі таңда сол чемпиондарымыздың қайда жүргенінен және олардың бүгінгі өмірінен бейхабар. Осы мақсатта спорт жанашыларының сұрауымен жеңімпаз жерлестеріміздің бүгінгі өмірінен хабар беруді жөн деп таптық.
Миржан Қуаңбаев Жосалы кентінің тумасы, №183 орта мектепте білім алған. Алғашқы кездері Марат Асыловтан, кейіннен Әділбек Серікбаевтың жаттықтыруымен қазақ күресі, самбодан тәлім алып, жылдар өте қазақ күресінен өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін жеңімпазы, самбодан да өз салмағында құрлық жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, қазақ күресі мен самбодан өткен халықаралық және республикалық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған балуан. Қазақ күресі мен самбодан халықаралық дәрежедегі спортшы.
Қазіргі таңда Алматы қаласында тұрады. Отбасылы. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде офицер. Өмірлік серігі Самал да самбодан бірнеше дүркін республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпаз, жүлдегері, «Спорт шебері» атағының иегері. Мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі.
Бақытты отбасында 4 қыз, 2 ұл тәрбиеленуде.
«Қай кезде де қасиетті Қармақшы ең ыстық атамекен болып қала береді. Талай дарын иелеріне құтты мекен атанған Жосалымды сағынбайтын күнім жоқ. Сәтін салса қазір-ақ алып-ұшып барғым келіп тұрады. Ол жақта анам мен бауырларым, достарым бар. Менің өсіп-өнген, осындай дәрежеге жеткізген отанымды қалайша жақсы көрмеймін, сағынбаймын. Ауылмен күнде хабарласып, онда болып жатқан жағымды жаңалықтарды естіп, қуанып отырамын. Биыл ауданымыздың құрылғанына 95 жыл толады екен. Осы ретте, жерлестерімді атаулы мерекемен құттықтап, әрдайым бақ пен береке үстемдік етуіне тілектестік білдіремін», – дейді Алматы шаһарынан арнайы ақ жарма тілегін жолдаған Миржан Талғатұлы.
Бауыржан Райсов Жосалы кентінің тумасы. Үсен Томанов атындағы №183 орта мектепте білім алып, бала жасынан осы спорт түрін бүгінгі күнге дейін өміріне серік етіп келеді. Алғашында Дархан Ерғалиевтің, содан кейін Әділбек Серікбаевтай ұстаздарының спортқа баулуымен жаттыққан.
Бауыржан 2004-2015 жылдар аралығында аудан орталығында самбодан өткен КСРО Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы халықаралық мемориалдың үзіксіз жеңімпазы атанған бірден-бір балуан. Сонымен қатар, самбо және қазақ күресінен жастар және ересектер арасындағы Азия біріншілігінің 2 дүркін жүлдегері, 3 дүркін жеңімпазы. ТМД жастары ойындары мен А.Харлампиев атындағы халықаралық мемориал мен Әлем кубогінің жүлдегері және қазақ күресінен Әлем біріншілігінің жеңімпазы, Қазақстан Республикасы ІІ жазғы спартакиадасы мен «Ақ бидай» ауыл спорт ойындарының, ұлттық спорт түрлері мен ҚР күрес федерациясының І орын иегері. Қазақ күресі мен самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленген.
Бауыржан Әлменбетұлы Қызылорда мемлекеттік Қорқыт ата атындағы университеттің түлегі. Бүгінде аудандық №15 мамандандырылған олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер мектебінің оқытушысы. Шәкірттері де көптеген дүбірлі жарыстарда жеңімпаз, жүлдегер атанып, ұстаз үмітін ақтауда.
«Мен үшін спорт бірінші кезекте тұрады. Өмірім спортпен, оның ішінде күреспен байланысқанына мақтанамын. Өзімді құптап, өміріме демеу көрсетіп отырған жерлестеріме шын жүректен ризамын. Қаншама байрақты жарыста жеңімпаз атанып келгенімде де, қаншама рет жүлдеден қағылып келгенімде де жерлестерім арқамнан қағып, қуанышымды бөлісті, ренжігенде жұбатты. Бүгінде спорттық мансабымды аяқтап, шәкірт тәрбиелеп отырған жайым бар. Жаттықтырушылық қызметімде де жақсы көрсеткішке жетудемін. Жас балуандарым арасында да жеңімпаздар бар. Оларға өмірден түйген тәжірибемді беріп келемін. Болашағынан көп үміт күтемін. Шәкірттерімнің өзім бағындырған белесімді бағындыратынына сенімдімін» дейді балуан Бауыржан.

Әлем біріншілігінде жеңімпаз атанған енді бір жерлесіміз, бүгінде аудандық №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде күрес бөлімінің жаттықтырушысы Гүлайым Нұрмаханова.
Ол 2011 жылы Ригада жасөспірімдер арасында самбодан өткен дүниежүзінің барлық мемлекетінен қатысқан жас самбошылар арасында өз салмағында топ жарып, жүлдегер атанған тұңғыш қармақшылық самбошы қыз. Сонымен қатар, ол Ташкентте самбодан ұйымдастырылған Азия чемпионатының жеңімпазы.
Бүгінде ол өзі қызмет ететін спорт мектебінде шәкірттерді самбо, қазақ күресіне баулуда. Нәтиже де жоқ емес. Жуырда Гүлайымның үкілеген шәкірті Ұлтай Сейілова Астанада өткен Азия біріншілігінде қола медальді жеңіп алып, ұстазының мерейін тасытты.
«Спорт мен үшін бірінші орында тұр. Бала жасымнан бастап ұстазым Бақберген Тәтімбетовтен осы спорттың қыр-сырын терең меңгердім. Өсе келе тыңғылықты жаттығуымның арқасында аудан, облыс, республикалық жарыстарда топ жарсам, жылдар өте міне әрбір спортшының арманы сияқты мен де Азия биігін бағындырдым. Кейіннен әлемдік байрақты жарысқа қатысып, жүлдемен елге оралдым. Мен бақыттымын, көптеген қыздарымыз спортта жарты жолдан шығып кетіп жатыр. Біріншіден, Бақберген ағайыма, екіншіден менің спорттың шыңына шығуыма қолдау көрсеткен ата-анам мен командаластарыма ризашылығым шексіз. Алда жоспарлар көп. Шәкіртім Ұлтай ел құрамасы сапында алдағы уақытта Әлем біріншілігіне қатысады. Алда оны осы дүбірлі додаға қатыстыруға үлкен дайындық тұр. Оның дайындығы мен денсаулығы менің жауапкершілігімде. Сондықтан да шәкіртімді алдағы әлемдік жарысқа қатысып, жүлдегер атануына тынымсыз жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Гүлайым.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
09 тамыз 2023 ж. 870 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031