» » Жаттығу залынан – олимп шыңына

Жаттығу залынан – олимп шыңына

qarmaqshy-tany.kz Арманы асқақ талай жастың бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтып, дүбірлі додаларда жеңімпаз атануына қолдау көрсетіп жүрген Артур Алиев басқаратын №15 аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі болашақ чемпиондарды спорттың бірнеше түріне баулуда. Мұнда спортқа икемі бар мектеп оқушылары бос уақытында дзюдо, самбо, қазақ күресі мен жеңіл, ауыр атлетика және басқа да спорт түрімен шұғылданып, білікті бапкерлерден жан-жақты дәріс алуда.
Мектеп тарихында еліміздің көк туын әлем көгінде желбіретіп, сыры көп спорт әлемінен талай дарындар ойып орын алды. Ауыр атлеттер Ерасыл Сәулебеков, Алина Галиушко, жеңіл атлеттер Миржан Мақшат, Бағдат Елібаев, Рақымжан Келманов, Данияр Әбілахатов және басқа да жерлестеріміз Әлем және Азия, Қазақстан біріншіліктерінде топ жарып, аудан халқының мерейін тасытты.
Сонымен қатар, осындай талантты спортшылардың жасындай жарқырап, ел құрметіне бөленуіне бірден-бір еңбек сіңірген жаттықтырушылар арасында Дархан Алмаханов, Қайрат Медеубаев, Бақберген Тәтімбетов, Айдар Ерәлиев, Рашида Сарбасова, Жандос Топаев, Абзал Бөрібаев, тағы басқа да жаттықтырушылардың елеулі еңбектерін атап өтуге болады.
Осы ретте, «Чемпиондар мектебі» атағын абыроймен арқалап жүрген спорт ордасының бүгінгі қал-ахуалы жайлы мектеп басшысы Артур Айтбайұлы былай деп ой білдіреді. «Біздің мектеп аудандағы ең байырғы спорт мектебі. Бұл киелі ордадан талай талантты спортшылар үлкен спорттық өмірге жолдама алып, ел намысын қорғады. Біршама шәкіртіміз Әлем, Азия, Қазақстан Республикасының чемпионы, жүлдегері атанып, қармақшылық спортсүйер қауымның мерейін тасытуда. Есімдері қазақ жұртшылығына танылған Әлжан Төремаханов, Қуаныш Қаражанов, Найзабек Сағымбаев, Әділбек Серікбаев, тағысын тағы атпал азаматтар жастарды спортқа баулып, құрмет төрінен көрінді. Ал, енді бүгінде алдыңғы буын ағалар ісін жалғастыру маған жүктеліп отыр», – дейді ол өз сөзінде.
Иә, талай дарын иелерін спорт деген тылсым өмірге қанат қақтырған мектепте бүгінгі күні 32 әртүрлі санаттағы жаттықтырушы 1174 шәкіртті 92 топ бойынша спорттың 13 түріне баптап баулуда.
Мектепте 2022-2023 оқу жылынан бастап есепті кезеңге дейін мерекелік даталар аясында аудан әкімдігімен, аудандық білім бөлімімен бірлесе бірнеше рет түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан жастары мен жасөспірімдері арасында ұлттық ойындар насихатталды.
«Мектебімізде Бақберген Тәтімбетов, Айдар Ерәлиев, Дархан Алмаханов, Қайрат Үсенов сынды жоғары санатты және Рашида Сарбасова, Абзал Бөрібаев, Ақан Ибрашев, Қазбек Алтыруов, Серік Молдабеков сынды білікті мамандардың шәкірттері ел намысын қорғап, аудан абыройын асқақтатып жүр. Сондай-ақ, Төретамда, Дүр Оңғар, Қармақшы ауылдарында және Жосалы кентінде бөлімшелері жұмыс істеуде. Осы оқу жылында мектеп түлектері мен шәкірттері арасында дзюдошы Еламан Ерғалиев пен ауыр атлет Алина Галиушко халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жеңіл атлет Рақымжан Келманов, ауыр атлетші, Әлем жеңімпазы Ерасыл Сәулебеков, дзюдошы қызымыз Әсемай Рүстемова «Қазақстан Республикасының спорт шебері» нормативін орындады. Қазір мектебімізде 4 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 51 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер болса, 12 І дәрежелі спортшы тәрбиеленуде. Осы оқу жылында таэквондо, жеңіл және ауыр атлетика, самбо, қазақ күресі, дзюдодан ерлер, жастар, жасөспірімдер арасында өткен дүбірлі жарыстарда шәкірттеріміз 19 рет чемпион атанса, 12 рет ІІ орынға, 13 рет ІІІ орынға көтеріліп, аудан мерейін тасытты» дейді мектептің жетістігін тілге тиек еткен Артур Айтбайұлы.
«Спорт – бейбітшілік елшісі» дегендей, саналы өмірін спортқа арнап, өңірімізді әлемге танытып жүрген олимпиадалық резервтің мамандандырылған №15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттерінің алар асуы әлі алда. Оған дәлел, өткен жылы мектеп шәкірттері – ауыр атлетші Нұрасыл Сәулебек Әлем жеңімпазы атанса, қыздар арасында ауыр атлет Алина Галиушка, самбошы Әсемай Рүстемова, жеңіл атлет Данияр Әбілахатов, таэквондодан Константин Ким, Аруна Ерболатқызы жеңімпаздар көшін бастады.
Әдеттегідей жыл соңында спортта жоғары нәтиже көрсеткен ұжымдар марапатталады. Осы ретте, 2022 жыл соңында олимпиадалық резервтің мамандандырылған №15 аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебі қол жеткізген жетістіктері үшін Сыр спорт мектептері арасында жүлделі ІІІ орынға ие болып, үздіктер қатарынан орын алды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
24 наурыз 2023 ж. 463 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (10293)

09 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930