» » Туған жердің туын берік ұстаған

Туған жердің туын берік ұстаған

Адамзат баласының басқа жаратылыстан артықшылығы да оның ой-санасы мен ақыл-парасат иесі болуында. Сол ақыл-ойды дамытып, өмір қажетіне асыратын бірден-бір құрал – ол кітап. Сол айтқандай, жерлестеріміздің жаңадан кітабы шықты дегенді естісек, балаша қуанатынымыз өтірік емес. Жуырда редакциямызға атбасын тіреген білім саласының ардагері, елдің жанашыр ағасы Сұлтанбек Мырзабаев бос келмей, «Ақтайлақ – атамекенім» атты кітабын ұстай келіпті. Бұған дейін оның 2021 жылы баспа көзін көрген әдемі мұқабалы «Ауылым – бақыт мекенім» кітабын жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдаған болатын.
С.Мырзабайұлы Тұрмағамбет ауылының төл перзенті. Осындағы №29 орта мектепте ұзақ жылдар ұстаздық етіп, пән мұғалімі, мектеп директорының орынбасары қызметтерінде болған. Абыройлы еңбекпен 2012 жылы зейнет демалысына шығады. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен біліміне арнаған сыйлы азамат ауданның қоғамдық жұмыстарының бел ортасында жүріп, азаматтығын танытты. Бұдан бөлек қым-қуыт тіршіліктің арасынан уақыт тауып, ел тарихына қалам тартып жүр.
Алғашқы кітабында «Ел-жер тарихы», «Зұлмат жылдар зобалаңы», «Ешкімде ұмытылған жоқ», «Жерлес интернационалистжауынгерлер», «Ауыл қарлығаштары», тағы басқа да бөлімдер бойынша ауыл тарихынан, ондағы айтулы азаматтардың өмір-еңбек жолынан сыр шертетін, жастарға өнегелік әңгіме, мақала, мөлтек сыр, естеліктерін жарияласа, жаңа кітабында «Бабалар жолы», «Ақтаңдақ жылдардың іздері», «Кітапхана – білім бесігі. Кітапханашы – мерейлі мамандық», «Алдыңғы толқын ағалар мен замандастар, кейінгі толқын інілер туралы» бөлімдерден түзілген.
Кітапты қолына алған оқырман атабабаларымыздың қилы замандардағы соқтықпалы-соқпақты жолдарына қанығып, бір сәт одан ғибрат алар еді. Сонымен қатар туған жерінің туын берік ұстанған автордың да алға қойған мақсат-мұратының асылдығына көз жеткізген болар еді.
Рухани қазынаның алғы сөзін жазған әріптесіміз Сәкен Алдашбаев «... Ақсарбас олжаны ақтара отырып, құрастырушы ұстаз Сұлтанбек Мырзабаевтың ерен еңбегін жоғары бағалайсың. Өйткені, мұнда Ақтайлақ мекені жайлы мәлімет бере келіп, топырағын қасиетке балаған автор Бекет биден бастап он саусағынан өнер тамған Зәріп Абзалұлына дейінгі нән болмысты, нар бітімді жандар жайлы сөз етеді. Кітаптағы әрбір тұлғаның тұнған болмысынан кейінгі ұрпақ үлкен өнеге, таусылмас үлгі алары анық...» деп ой тұжырымдай келе «... Жалпы оқырман үшін жинақталған еңбектің артында қанша ізденіп, көз майын тауысқан зерттеу, көлдей еңбек жатыр. Маржан мен жаһұтқа толы кітаптың оқырманы телегей теңіз байлыққа кенелмек» деп баға береді.
Иә, біз тек кітаптың бағыт-бағдарын хабардар еттік. Ал алтын сандықтың кілтін іздесеңіз, оны әрі қарай парақтап, рухани ләззатына кенелу өз таңдауыңызда, құрметті қауым!
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
14 тамыз 2024 ж. 367 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 285

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 380

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930