Жебеден жігітке мінез қонар
Бала күнімізде түзу ағаш көрсек одан қару жасап ойнайтынбыз. Қару болғанда қандай түрі? Анау шетелдің қатарынан оқ жаудыратын автоматын емес, кәдімгі қазақтың қылыш найзасын, садағын жасайтынбыз. Өзім соның ішінде садақ жасап, жебесін тартып ойнағанды қатты жақсы көрдім. Талдардың иілген жіңішке бұтағын көрсек болды кесіп алатынбыз. Қолдан нысана жасап, жебені соған дәл тигізудің шебері болдық. Кейін есейе келе бәрі балалықтың еншісінде қалды.
Ауданда садақ атуды қайта жандандырып жүрген қос азамат бар. Бүгінде олардың бастаған ісіне жігіттер қауымы риза. Күнде кешкісін серуенге шыққандар мұнда бас сұқпай кетпейді. Жанәділ және Алмат есімді қос кәсіпкер өз қаражаттарынан садақ ату орнын ашып, елге ұсынуда. «Ер қаруы – бес қару» демекші соның ішінде садақ атуды дәріптеген жігіттер қармақшылық ерлердің бойына рух бергендей.
– Бұл идеяны Бағдат есімді ағамыз ой ретінде тастады. Себебі ауданда мұндай бастама бұрын-соңды болмаған. Мен ойланып әрі қарай Алматқа айттым. Ол бірден қолдай кетті. Сөйтіп садақты алудың жолдарын іздестірдік. Астана қаласынан арнайы тапсырыспен алдырттық. Біздегі қолданыстағы садақ монғол садағы деп аталады. Қолға ұстауға өте ыңғайлы, адырнасы тартқанға оңайлықпен үзілмейді, жебесі де сына қоймайды. Бір тартып жібергенде жұқа ағашыңды тесіп өтіп кетеді, – дейді Жанәділ Арыстанбекұлы.
Мұнда бақ сынап көрем деушілерге санаулы жебе сатылады. Шектеулі уақыт жоқ. Әр нысанаға бал қойылған. Дәл нысананың ортасына тигізгенге жігіттердің дайындаған ұтысы бар. Бағымызды байқап біз де жебе тарттық. Балалық шақты бір еске түсірдік. Бастапқыда саусақтарымыз икемге келе қоймады ма, атқан жебеміз нысанадан ауытқыды. Бірақ бір байқағаным садақ ұстағанда бойыңды батылдық билейтіндей. Адамның түр әлпеті өзгеріп, қос қабағың қатулы күйде қалады. Жалпы қазақтың қаруын ұстағанда ерге мінез қалыптасатыны рас секілді.
– Садақ ату орнын алғаш ашқанымызда жігіттердің мұнда көп келуі тез байқалды. Аудан жігіттері бұрыннан садақ тартып жүргендей. Нәтижелері жақсы. Тіпті өзара бәсекелесіп жарысып та жүрді. Оларға ілесіп келген қыздар да садақ тартқанда жігіттерден асып түспесе, кем емес. Жалпы садақ ату барлық спорт түрі секілді денсаулыққа өте пайдалы. Нысананы дәлдеу үшін адам миында қаншама формула құрады. Амал ойластырады, жоспарлайды. Мұның бәрі тұнып тұрған математика. Денсаулық тұрғысынан айтсақ, садақ ату арқаны тік ұстауға, көру қабілетінің жақсаруына көп көмектеседі, – дейді Алмат Пернебаев.
Кәсіпкер жігіттер алдағы уақытта садақ атудан сайыс ұйымдастыру жоспарда бар дейді. Тіпті қысқы уақытта да бұл жер жұмысын жалғастыратынын айтты.
Ерсін ӘЛІБАЙ