Бір жәдігер тарихы
ҚАЗАҚ ЭТНОСЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ МӘДЕНИЕТІНІҢ БІР БӨЛІГІ – ЖАУЫНГЕРЛІК ҚАРУ-ЖАРАҒЫНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ ЕЖЕЛГІ САҚ ДӘУІРІНЕН БАСТАУ АЛЫП, БІРНЕШЕ ҒАСЫРДЫ ҚАМТИДЫ.
Бесқару – қазақтың дәстүрлі жауынгерлік толық кешені. Байырғы ортада «Ер қаруы – бесқару» өзіндік жұмсау тәсілімен ерекшеленетін болған. Ату қаруын садақ, түйреу қаруын найза, сүңгі, кесу қаруын семсер, соғу қаруын шоқпар, шабу қаруын балта, айбалта, шақан деп бөліп келген. Қарулардың бұл бес тобы көшпелі қоғамда біздің заманымыздың I мыңжылдығында пайда болған. Дәстүрлі ортада XIX ғасырға дейін қолданылып келді. Бесқарудың әрқайсысының жұмсалу тәсілдерінің ерекшеліктері негізінде найзагерлер, қылышкерлер, айбалташылар және садақшылар секілді жеке әскери қосындар құрылған және шайқас кезінде қолданылатын әскери тактика да маңызды рөл атқарған. Көшпелілердің соғысы алғашқы сәтте алыс қашықтықтан садақ атысудан басталып, кейін шығынға ұшыраған жау әскеріне сүңгімен соққы беріп, қоян-қолтық ұрыста қылыш, айбалта, шоқпар қолданған. Байырғы ортада алқалы топ жиналған үлкен ас-тойларда бес қару түрлерінен сайыстар (садақ aтy, найзаласу, қылыштасу, айбалта және шоқпармен соғысу) өткізілген. Ал батырлар бесқаруды толық жете меңгеруге және олармен қарулануға міндетті болды.
Көшпелі халықта көне заманнан ер қаруы киелі саналған. Соның бірі – найза. Найза – атты жауынгердің негізгі түйреу қаруы. Сабы қайың, қарағай, емен сияқты қатты ағаштардан жасалып, басына темірден жебе кигізіледі. Жебе ұңғысының найза сабымен түйіскен жерін металмен құрсап, қынап бекітеді. Әдетте найза басына шашақ тағылады. Бұл аққан қанды қарудың сабына жібермеуге арналған. Әскербасының найзасына дәреже белгісі ретінде байрақ, жалау тағылады. Сабының қолға ұстайтын жері жұмсақ болу үшін барқыт, мақпалмен оралып, қайыстан ілгек салынады. Әдетте қазақ найзаларының ұзындығы 150-190 см болғанымен, темір сауытқа қарсы қолданылатын «сүңгінің» ұзындығы 3-3,5 метрге дейін жеткен. Өткен ғасырларда, сирек те болса найзаның тағы бір түрі алыстан лақтыруға арналған қысқа сапты найза да болған. Оны «жыда» деп атаған.
Ақтанберді жырау «Қоңыраулы найза қолға алып, Қоңыр салқын төске алып, Қол төңкерер ме екенбіз?! Жалаулы найза жанға алып, Жау қашырар ма екенбіз?!» деп жырлаған. Осылайша отансүйгіштікке, ерлікке шақырған. Қару асыну құқына ие болған адамдарға белгілі бір артықшылықтар да берілген. Мысалы, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңы бойынша хан кеңесіне қару асынған хандар, сұлтандар, батырлар мен рубасылар ғана қатыса алатын болған.
Жауынгер халқымыз «аттың жалында, түйенің қомында» жүріп, «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» Алтай мен Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр даланы асқан ерлікпен қорғап қалған.
Аудандық мұражай – көне жәдігерлер мұқият сақталған мекеме. Тарихи-өлкетану мұражайының қорында көне дәуірден сыр шертетін, бабаларымыздың жауынгерлік рухын дәріптейтін түрлі қару түрлері мен қорғаныс сауыттарын көптеп кездестіруге болады.
Ғалия ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының қор
сақтаушысы
сақтаушысы