» » Кенесарының әскери тактикасы

Кенесарының әскери тактикасы



Кенесары – қазақтың соңғы ханы. Шыңғысханның әскери өнерін қазақ даласында қолданып, заманауи әскери жасақ құра білген батыр болды. Оның әскери өнерін таныған бар қазаққа қызық болары анық. Хан Кене атасы Абылайдың жолын ұстанып, әскеріне ерекше талаппен жауынгерлер алған. Абылай заманында бесқарулы жігітке он талап қойылады екен:


1) күресте жеңу,
2) аударыспақта басым түсу,
3) садақ атқанда құралайды көзіне тигізу,
4) құрықпен, шоқпармен өнер көрсету,
5) асау атты үйрету,
6) бүркітпен түлкі алу,
7) ат жарыста мәреге алғаш жету,
8) қылыштасуда көзге түсу,
9) найзалауда жауын қабақтай ұшыру,
10) найза атуда нысанаға дөп тигізу.

Бұл талаптар Ағыбай батыр жырында жақсы айтылады. Көкшетауда «Абылай алаңы» дейтін қазақ үшін бір қасиетті орын бар. Осында хан Абылай тұсында жауынгерлік сайыстар, жекпе-жектер өткізіліп тұрған. Кенесары 20 мың жігіттен тұратын армия құрды. Оның ұйытқысы батырлар бастаған жасақтар мен төлеңгіттер еді. Хан Кене жауынгерлерге әскери істі жүйелі түрде үйретуді алғаш рет жолға қойған. Қатаң әскери тәртіп орнатылды. Тәртіпті бұзғандар қатаң жазаланады. Кенесары әскерінің тәртіптілігі жайында билеуші сұлтан Ахмет Жантөрин 1845 жылы Обручевке жазған хатында «Кенесары атқа қонып, тіл қатса болды, адамдары көз ілеспес жылдамдықпен жиналып, қаруларымен ат үстінен табылады» дейді. Осыдан Кенесарының қосыны әрқашан толық әскери дайындықта тұрғанын байқауға болады. Кенесарының тактикасы мен стратегиясы жайында жансыздардан хабар алып, соған тойтарыс берудің амалдарын қарастырған. Мұны бүгінгі архив деректері дәлелдеуде. Кенесары әскері ХІХ ғасырға сай қаруланған-ды. Әйтпесе, мұздай қаруланған орыс әскеріне төтеп бере алмас еді. Оның үстіне, қолбасшыларынан бастап кілең жүрегінің түгі бар сайдың тасындай ерлер жиналған әскер жасақтаған. Хан Кене мылтық, винтовка, қылыш пен сүңгі сынды соғыс қаруларын Бұқар мен Хиуада соқтырған. Кенесарының жасағы мыңбасы, жүзбасы, онбасыларға бөлінген. Әрбір жүздіктің өз байрағы болған.

Шайқас алдында сарбаздарын екі қатарға сапқа тұрғызған. Ал саптың қақ ортасында жасыл жалауын желбіретіп, сарбаздарға рух беріп, Кенесарының өзі орын алады екен. Қолбасшының артынан бірнеше қатар болып 5-10 сарбаз қарауыл есебінде тұрған. Олар – Кенесарыны қорғаушылар. Қолбасшы кездейсоқ бір нәрсеге ұрынса, әлгі сарбаздар жасыл байрақты өз қолдарына алып, алға қарай атойлап шаба жөнелген. Сарбаздар хан Абылайдың атын атап, «Абылайлап» жауға шабатын болған. Кенесары әскерінің жылқылары өте жүйрік: жауға жебедей атылған аттардың шабысына көз ілеспейді. Кенесары орыс әскерінің ұрымтал тұсын жақсы білген деседі. Кенесарының әскери өнеріне Ресейден тыс шетелдіктер де қызыққанға ұқсайды. «Орта Азия мен Батыс Сібір» атты 1857 жылы шыққан кітаптың авторы, жиһангез Томас Аткинсон: «Кенесары қазақтардан тамаша жауынгер жасап шығарды. Найзаласу мен айбалта қолданудағы кереметтей ептілігі Кенесары жігіттеріне күші басым қарсыластарымен соғыста жеңіске жетуге мүмкіндік беретін» деп жазған.

Хан армиясында әскери-далалық және агентуралық барлау біршама жақсы жолға қойылған. Сенімді адамдарынан арнайы барлау қызметін тағайындаған. Олар Кенесарыға өте адал адамдар болған. Мұны орыс деректерінде жақсы жазылған. Тыңшылар кейде жау әскерінің арасына да кірген. Мәселен, 1843 жылы Орынбор және Сібір әскерлерінің біріккен құрамының полковник Бизанов басқарған Орал қазақтары отрядында барлаушы Төлебай батыр болған. Ол әскер саны, қару-жарағы мен отрядтың бағдары жайлы хабар жеткізіп отырды ханға. Кенесары талантты қолбасшы ретінде түрлі соғыс тактикасын қолдана білген. Қазақтың кең даласы жылжып, орын ауыстыра ұрыс салу, соғыс жүргізу әдісін қолдануға мүмкіндік берді. Хан әскері шебер шабандоз болғандықтан әрі жер жағдайын жақсы білгендіктен қуғыннан жиі құтылып кететін. Олар дұшпанды айналып өтіп, ту сыртынан соққы салған. Мәселен, 1844 жылы сұлтан Ахмет Жантөриннің отрядын Кенесары әскер тұтқиылдан шабуылдап, әскердің күл-талқанын шығарған. Кенесары әскері қамыс, бұта, төбе сынды табиғи бекіністерді шебер пайдалан білді. Патша отряды бәрінен де қазақтардың тұтқиылдан шабуылдайтын адуынынан қорықты. Жеке қамалдар мен бекіністерге шабуыл жасаған кезде Хан Кене жасағы шашыранды қатармен алға ұмтылып, артынша бәрі қосылып, қамалды жан-жағынан қоршаған. Бұл әдіс, әдетте, дұшпанды әбіржітіп, әскерін шашыратуға мәжбүр етті. Мұндай тактиканы Кенесары 1838 жылы Ақмола приказы мен Ақтау қамалына шабуыл жасаған кезде пайдаланған.

Бұл жайында Ақтау қамалының коменданты, капитан Кастрюрин «Өткен маусым айының 22 күні сағат жетілерде бүлікші сұлтан Кенесары Қасымов бастаған 2 мыңға жуық қазақ бекініске шабуыл жасады және олар шашырай шабуылдап, сағат ширегіндей уақыт өткенде, бекіністі қоршады» деп суреттейді.


10 маусым 2020 ж. 1 234 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031