Сезім тәттілері
Бүгінде жеке кәсібін ашып, күнкөріс көзіне айналдырып отырған жандар жетерлік. Еңбекпен табыс тауып, ниеттенсең болғаны емес пе? Осы ретте кент тұрғындарын түрлі тәттілерімен қуантып жүрген Сезім Берікқызын айтпай кетуге болмайды.
Кент орталығында орналасқан «Sezim deserts» дүкеніне көпшіліктің жиі бас сұғатыны рас. Тұрғындар күлімдеген жүзімен, ақжарқын мінезімен, бар тәттісі дайын тұратын Сезімді көріп қуанып қалатынынын айтады. Расында да, әрбір тұтынушыға деген риясыз көңілі өзіне баурайды. Осындай ерекше көңілмен, шын ниетпен дайындалғандықтан болар, әрбір өнімі сүйсініп жеуге тұрарлық. Біз тәтті әлемнің иесімен әңгіме барысында тазалықты, шынайылықты, ең бастысы өз ісіне деген махабатты байқадық.
Сезім осы кенттің тумасы. No121 мектепте тәлім алып, жоғары білімді Астана қаласында архитектура мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтайды. Алайда 19 жасар Сезімнің жаны тәтті дайындауды қалайды. Ашылғанына көп уақыт болмаса да, дүкеннің тұрақты тұтынушылары қалыптасқан. Кәсібін өз қаражатымен бастаған кәсіпкер алдағы уақытта көкжиегін кеңейтуге ниетті.
– Мен бала кезден тамақ, тәтті өнімдер әзірлегенді жақсы көремін. Тәттілерді алғашында ғаламторға қарап үйрендім, кейіннен Аста- на қаласында шеберлік сағатына қатысып, қыр-сырын үйрендім. Әрдайым дәмді етіп ас дайындау, түрлі тәтті пісіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қызығушылықпен бойыма сіңген қасиет бүгінде өмірімнің мәніне, тірлігімнің көзіне айналып отыр. Қазір де әрбір тәттіні ерекше махаббатпен дайындаймын, – дейді кәсіпкер.
Расында да, асты дәмді ету кез келгеннің қолындағы іс емес. Сондықтан тағамы тәтті асханалар мен өнімі ерекше дүкендерді тұрғындар бекер іздемесе керек. Кез келген өнім дайындайтын орынның мол табыс табуы сондағы аспаздың ерекше ептілігіне тікелей байланысты.
Осы ретте Сезім Айқодықованың тәттілеріне күмән келтіруге болмайды. Оның қолынан шыққан әрбір тәтті бүгінде үлкен сұранысқа ие. Дүкенге келушілердің де, той-жиынға арнайы тапсырыс берушілердің де қатары көп. Осындай дәмді тағамдар жасайтын ол күнделікті табысына көңілі толатынын айтады.
– Жеке кәсіп ашып, көпшілікке тәтті тағамдар түрін ұсынып, олардан алғыс алып отырғаныма қуаныштымын. Кәсіп ашуыма себепші де, қолдаушы да, бағыт-бағдар беруші де – ата-анам. Жас болғаныма қарамай маған сенім артқандары үшін алғысым шексіз. Әлі де алға қойған мақсатым көп. Жеке кәсібімді жылдар өте ұлғайтқым келеді. Санаулы тағам түрлерімен шектеліп қалмай, олардың санын арттыру да жоспарда бар. Алдағы уақытта заманауи торттардың, тәттілердің түрін меңгеріп, мәзірге оны да қоспақпын. Тәтті пісіруге ешқашан ерінген емеспін. Керісінше бұл іс мені шабыттандырады. Өзімнің сүйікті ісіммен асханада таңнан кешке дейін жүре беруге дайынмын. Тек тапсырыс берушілер мен дүкен тұтынушыларының көңілінен шығуды ойлаймын, – дейді ол.
Үйренсем, білсем деп талпынған жастың жетер асуы асқақ. Алдына үлкен мақсат қойған жан сол жолдан таймаса, биіктерге жетері хақ. Кәсібін жақында ашып, сол мақсатта тапжылмай еңбек етіп жүрген жанның несібесі де мол болмақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ