» » Ауданның жоғары наградасы табысталды

Ауданның жоғары наградасы табысталды

Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері, Ақпарат саласының үздігі, жерлесіміз Нұрсұлтан Мықтыбаевтың есімі аудан халқына жақсы таныс. Осы уақытқа дейін түрлі жанрда жазылған, әртүрлі тақырыптарды қамтыған публицистикалық шығармалары еліміздің маңдайалды қаламгерлерінен жоғары бағасын алған ол қоғамда тек кәсіби журналист қана емес, өзінің азаматтық көзқарастарымен де танымал.
Нұрсұлтан, әсіресе, адамзат баласына қиын сынақ әкелген COVID-19 вирусымен күресте алғашқылардың бірі болып Сыр халқына шынайы ақпарат таратуымен көзге түсті. Қауіпті індеттің алғашқы тіркелген күнінен бастап журналист ретінде күн-түн демей еңбек етіп, блок-посттарда адам өмірінің сақшысы болған дәрігер, тәулік бойы қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалаған полицей, ел тыныштығын күзеткен әскерилермен бірге қона жүріп, олардың өлшеусіз еңбегін халыққа талмай насихаттай білді. Карантин кезіндегі боямасыз картиналарды да ашық көрсетіп, тұрғындарға санитарлық нормаларды қатаң сақтау керектігін түсіндіруде ерекше белсенділік танытты. Әскери қызметшілермен бірге облыс орталығы мен ауыл-ауылды аралап, жұқпалы кесел ошақтарын залалсыздандыру жұмыстарына да қатысып, өзінің азаматтық көзқарасынан бір танбады.
Сондай-ақ, айдың-күннің аманында снаряд жарылып, Арыс халқының басына қиын-қыстау күн туғанда қаланы өзі көзімен көріп, халқымен тілдесіп қайтқан жазбасын жұрт жапа-тармағай оқитын, былайғы күні де бас редактормын демей асай-мүсейін асынып, репортаж жасау үшін оқиға орнында, халықтың бел ортасында жүруге асық, қандай жағдай болмасын жан аямай жұмыс істейтін жерлесіміз күні кеше ғана елімізде табиғи апат орын алып, 10 аймақта төтенше жағдай жарияланған кезде де алдыңғы қатардан табылды. Елдік пен бірлік сыналар қиын-қыстау сындарлы сәтте алғашқылардың бірі болып қайырымдылық керуенін ұйымдастыруға атсалысып қоймай, Сыр елінің қолдауын сол тұста жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардың бірі саналған батыс өңіріне өзі барып жеткізген оның жанкешті еңбегі біраз әріптестеріне үлгі болғаны жасырын емес.
Ел үшін еткен еңбектің ескерусіз қалмайтыны ақиқат. Жерлесіміз сол кезде-ақ су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына Қызылорда облысынан гуманитарлық көмекті ұйымдастырып, жеткізгені үшін «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы А.Сафималиевтің Алғыс хатымен марапатталды. Артынша табиғи апатқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде нағыз ерлік пен патриотизмнің үлгісін көрсетіп, отандастарымыздың қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еткен еңбегі үшін қала әкімі С.Қожаниязовтың, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың Алғысы жарияланды.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай, халқымыздың ұлттық болмысын айқындайтын құндылықтарды насихаттап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін өзінің Алғысын арнайы тапсырған болатын.
Ал 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, еліміздің ақпарат саласын дамытуға қосқан үлесі мен қажырлы қызметі үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Құрмет грамотасына ие болды.
Нұрсұлтанның осы марапаттары күні кеше ғана өз жалғасын тауып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін ауданның ең жоғары наградасы – Қармақшы ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды. Оны аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов арнайы тапсырып, алдағы атқарар істеріне сәттілік тіледі.
Нұрсұлтан өзі туып-өскен қасиетті Қармақшы ауданының талай мәрте атын шығарып, даңқын асырып келе жатқандығы шындық. Осы тұрғыдан алғанда, оның аталған грамотамен марапатталуы – оның елжанды азамат ретіндегі еңбегіне жерлестері тарапынан берілген әділетті баға болғандығы сөзсіз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
06 шілде 2024 ж. 5 350 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10344)

05 қазан 2024 ж.

№78 (10343)

01 қазан 2024 ж.

№77 (10342)

28 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 168

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031