Жоғары марапат иеленді
Талантты журналист, жерлесіміз, Қазақстанның баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері Нұрсұлтан Мықтыбай Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының 2022 жылғы лауреаты атанды.
Сырбойылық журналист Нұрсұлтан Ертуғанұлы зерттеу мақалалары үшін алдыңғы қатардан көрініп, «Журналистік зерттеу» аталымында топ жарды.
– Нұрсұлтанның студенттік шағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде көз алдымызда өтті. Сонау Қызылорданың ауылынан келген жұқалтақ бала бірінші курстың алғашқы айында-ақ республикалық «Ел» газетіне жұмысқа орналасып, тілшілік өмірге араласып кете барды. Көлдей мақалалар жазып, кәсіби журналистермен бірге иық теңестіре еңбек етті. Кейіннен публицистиканың түрлі жанрларына қалам тербеп, оларды да еркін меңгерді. Сараптама, талдама, репортаж, сұқбат, зерттеу мақалалары арқылы ұстаздарының ерекше ілтипатына бөленді. Адамзат баласын алаңдатқан қауіпті індет кезіндегі циклді репортаждары үшін «Үркер» Ұлттық сыйлығын иеленді. Енді, міне, Қазақстан Журналистер одағының жоғары марапатына лайық деп танылды. Шәкіртіміздің осындай биік белестерді бағындырып жүргені бізді қуантады, – дейді танымал публицист, Журналистер одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының төрағасы Шархан Қазығұл.
Биылғы жыл – Балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай, сыйлыққа үміткерлердің осы тақырыптағы материалдары басты басымдыққа ие болды. Сәйкесінше, Нұрсұлтанның сыйлыққа ұсынылған балалар арасындағы қылмыс пен тәрбие, жаңартылатын энергия көздері туралы топтама материалдары, ұстазы, «Қазақ журналистикасының Корифейі» атанған Намазалы Омашевтің көптомдық таңдамалы шығармалар жинағы жайлы жазған зерттеу еңбектері қарымды қаламгерлер тарапынан жоғары бағаланды.
Ерекше атап өтерлігі – Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының «Журналистік зерттеу» аталымында осы уақытқа дейін америкалық Сноуден Эдвард, австралиялық Ассанжи Джулиан, ресейлік Александр Мироглов секілді журналистер мен «Вконтакте», «Telegram» әлеуметтік желілерінің авторы Павел Дуров жеңімпаз атанған болатын. Енді, осындай кіл мықтылардың соңын біздің жерлесіміз Н.Мықтыбай жалғап, биік белестен көрінді.
Айта кетейік, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының 2022 жылғы лауреаттары қатарында Нұрсұлтаннан бөлек, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Фархат Әміренов, белгілі журналист-заңгер Бекен Нұрахметов, «Atameken Business» телеарнасының редакторы Есенбек Санатұлы, «Комсомольская правда – Казахстан» газетінің тілшісі Виктор Верк, «Экспресс-К» газетінің шолушысы Николай Энелане, «Қазақ үні» газеті орыс бөлімінің редакторы Дастан Елдесов және «Silk road» ақпараттық агенттігінің журналисі Шолпан Елеусізова бар.
Нұршайық ӘБДУӘЛИ