» » Нұрсұлтан – «Үркер» Ұлттық сыйлығының жеңімпазы!

Нұрсұлтан – «Үркер» Ұлттық сыйлығының жеңімпазы!

Талантты журналист, жерлесіміз, «Сыр медиа» ЖШС-не қарасты Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбай Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығы байқауында «Жылдың үздік репортажы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды!
Қазақ журналистикасына серпін беруге арналған «Үркер» Ұлттық сыйлығының тағайындалғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен де, бұған дейін Ұлттық сыйлықты қазақтілді журналистердің қанжығаға байлайтыны санаулы деген пікір айтылып жататын. Екіншіден, бұл сыйлық Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы республикалық беделді басылымдардан артылмайтын.
Енді міне, азуын айға білеген, есімінің өзінен ат үркетін кіл мықтылардың ғана аты аталатын байқауда Сыр бойының атын шығарып, даңқын асырған, Ұлттық сыйлықты жеңіп алған Нұрсұлтан Мықтыбайды қалай мақтасақ та, онымен қалай мақтансақ та жарасады!
«Үркер» Ұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталып, Нұр-Сұлтандағы «Қаз медиа» төрінде еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен Нұрсұлтан арнайы марапатталған өткен жұма, яғни, 13 қараша күні бөркін аспанға атып қуанбаған қызылордалық жоқ шығар!
Иә, сол күні көзі қарақты оқырмандар әлеуметтік желіде бір-бірінен сүйінші сұрасып, алақайлап жатты. Жасыратыны жоқ, кейбір әріптестеріміз жүлдені өзі алғандай қуанды. Қуанбағанда қайтсін?! Себебі, жүлденің аты да, заты да салмақты! «Ұлттық» дегенінің өзі біраз нәрседен хабар береді емес пе?!
Оның үстіне, бұл сыйлық – аймақтар арасынан алғашқы болып Қызылорда облысына бұйырып отыр. Ал, облыста оны тұңғыш болып Нұрсұлтан Мықтыбай еншіледі.
Бұл – Сыр журналистикасының тарихында бұрын-соңды болмаған жеңіс!
Енді Нұрсұлтанның байқауға ұсынған мақалалары туралы бірер сөз. Ол еліміздің журналистика саласындағы №1 сыйлығы «Үркер» Ұлттық бәйгесінің салмақты әрі ең қиын аталымы – «Жылдың үздік репортажы» номинациясына қатысты. Репортаж – журналистиканың ең биік шыңы саналады. Себебі, оқырман репортажды оқығанда, кейіпкермен бірге өмір сүріп, сол оқиғаның ортасында жүргендей күй кешуі керек. Ал, Нұрсұлтанның репортаждары адамзат баласына қиын сынақ әкелген COVID-19 вирусымен күресте адам өмірінің сақшысы болған дәрігер, полицей, әскерилер туралы болды. Шыны керек, пандемия кезінде елдің ең алдымен іздегені Мықтыбайдың мәліметтері болды. Жұрт әуелі Kyzylorda-news.kz ақпаратына сенді, сілтемесімен ұсынды. Ұжымын да іске кәсіби жұмылдыра білген, ақпаратты жедел әрі нақты дерек көзінен беруде, аудармалар жасап, аудиожазбаларды қағазға түсіруде әбжілдік танытқан Нұрсұлтан мен оның командасының жеделдігі мен жауапкершілігін әріптестері де оң бағалады. Цифрлардан бөлек блок-бекеттердегі дәрігер, тәулік бойы қоғамдық тәртіпті бақылаған полицей, ел тыныштығын күзеткен әскери, қауіпті індетпен күресте алдыңғы лектегі мамандармен сұқбаттаса жүріп, олардың жан сезімін ақ параққа айна-қатесіз түсіру үшін өзі де бірде дәрігер, бірде полицей, бірде әскери формасында бір күнін өткізіп, оқырманға қызықты әрі шынайы репортаждар ұсынды.
Жалпы, ақпарат саласындағы Ұлттық сыйлық биыл төртінші рет табысталып отыр. Айта кетерлігі, 2020 жылдың 2 қазаны мен 5 қарашасы аралығында ұйымдастырылған «Үркер» ұлттық сыйлығының 11 номинациясына үміткерлерден 470 өтінім келіп түсті. Ұлттық бәйгені ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырды. Ұлттық сыйлықтың үздіктерін мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, еліміздің танымал журналистері және Ұлыбритания, Израильден арнайы келген сарапшылардан құралған қазылар алқасы анықтады.
Қызылорданың абыройын асқақтатқан елорда төріндегі марапаттауда Нұрсұлтан Мықтыбайға «Үркер» естелік мүсіншесі мен оның арнайы куәлігі және бір миллион теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.
Жүлдең құтты, мерейің әркез үстем болсын дейміз жеңімпаз Нұрсұлтанға.
Нұрсұлтанның жеңісі – Сыр журналистикасының жеңісі!

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
17 қараша 2020 ж. 2 461 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 111

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930