Еңбегі еленді
qarmaqshy-tany.kz ЕЛІМІЗДЕГІ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІПТІ НЫҒАЙТУҒА ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕН БӨЛЕК, ТҮРЛІ САЛАДА ЕҢБЕК ЕТЕТІН АЗАМАТТАР ДА ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНЫ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. СОЛАРДЫҢ ІШІНДЕ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ӨКІЛДЕРІНІҢ ОРНЫ ҚАШАНДА БӨЛЕК.
Әрине, БАҚ өкілдері қолына қару алып, қылмыскерлерге қарсы тұрмаса да Қазақстан полициясының атқарып келе жатқан ерен еңбектерін насихаттап, қарапайым тұрғындарды түрлі құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға үнемі шақырып келеді.
Қолына қару емес, қалам ұстаған журналистердің жанкешті еңбегі, әсіресе адамзат баласына қиын сынақ әкелген COVID-19 коронавирустық инфекциясы кезеңінде – елімізде төтенше жағдай жарияланған уақытта ерекше көрінді.
Осы қауіпті індет кезінде құқық қорғау қызметкерлері, дәрігерлермен қатар өз өмірлерін қатерге тіге жүріп, күн-түн демей ерен еңбектің үлгісін көрсеткен тілшілердің қатарында жерлесіміз Нұрсұлтан Мықтыбаев та бар.
Нұрсұлтан – елімізде пандемия өршіген тұста халық саулығы үшін күресте журналист ретінде алдыңғы шептен көрініп, Қызылорда облысының ғана емес, республика тұрғындарына шынайы ақпарат тарату үшін уақытпен санаспай жұмыс жасап, сондай-ақ дәрігер, еріктілер, полиция, әскери адамдардың коронавирустық инфекциямен күрестегі өлшеусіз еңбектерін талмай насихаттаған азамат.
Ол ұзаққа созылған пандемия кезінде блок-посттарда қона жүріп, ондағы полиция, дәрігер, әскери сала өкілдерімен бірге қызмет етті, тұрғындарға санитарлық нормаларды қатаң сақтау керектігін түсіндіруде белсенділік танытты. Әскери қызметшілермен бірге облыс орталығы мен ауыл-ауылды аралап, жұқпалы кесел ошақтарын залалсыздандыру жұмыстарына да қатысып, өзінің азаматтық көзқарасынан танбады.
Оның осы еңбегі ескеріліп, ішкі істер органдарының жұмысын, құқықтық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін белсенді жариялағаны үшін ҚР Ішкі істер министрі, полиция генералполковнигі М.Ахметжановтың осы жылдың 16 қаңтарындағы №15 бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен наградталды.
Осы айтулы оқиғаға орай, жерлесімізді Қызылорда облысы Полиция департаменті басшылығы арнайы қабылдап, елордадан жеткен жоғары марапатты департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ермек Ысқақов салтанатты түрде табыс етті. Ол әріптесіміздің елеулі еңбегінің еленгеніне департамент ұжымы да ерекше қуанышты екендігін жеткізіп, қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистік қызметіне одан әрі сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Н.Мықтыбаевты аталған медальмен наградтау кезінде оның пандемия кезіндегі жұмысынан бөлек, ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде еңбек еткен жылдарындағы саналы қызметі мен қол жеткізген табыстары да қоса ескерілген.
"Қт" ақпарат