Тиянақты таратушы
Интернет үстемдік құрып тұрған уақытқа қарамастан бүгінгі оқырман үшін ақпарат көзі, жаңалықтың тынысы болып отырған газеттің рөлі жоғары. Онда еңбек ететін ұжымның артында қаншама жұмыс жатқанын қарапайым оқырманның бірі білсе, бірі біле бермесе керек-ті.
Иә, газет шығару тек тілшілердің ғана жұмысымен шектелмейді. Бір басылымның артында бірнеше сала мамандарының еселі еңбегі жатыр. Баспадан шыққан газеттің оқырман қолына дер кезінде жетуі – таратушыларға жүктелген міндет. Оқырман мен журналистер арасында алтын көпір орнатып, газеттің уақытылы жетуін қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлердің еңбегін ескеру қажет.
Жаңалықтың жаршысына айналған басылымнан қай саланың маманы болса да, өзіне керектіні табады. Сол себепті оқырманға газет дер кезінде қолына түсуі керек. Ол оңай дүние емес. Ауа-райының қолайсыздығына қарамай газет-журналдарды үйді-үйге жеткізуде таратушылардың жұмысы тіптен ерек.
Газет таратудағы тиянақты маманымыздың бірі – Гүлжанат Сәрсенбаева. Ол 1985 жылы мектепті бітірген соң медициналық училищеге оқуға түседі. Оны аяқтаған соң сол кездегі Ленинск қаласындағы госпитальда балалар хирургия бөлімінде медбике болып еңбек етеді. 1990 жылы Рүстембек есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Жолдасы да тартушы болып еңбек етеді. Екеуінің Айсұлу, Ринат есімді ұл-қыздары бар. Бүгінде немере қызығын көріп отырған бақытты отбасылардың қатарында.
2015 жылы медбикелік қызметінде қысқарту болып, жұмыссыз қалады. Араға бір жыл уақыт салып газетке таратушы болып жұмысқа қабылданады. Содан бері 8 жыл уақыт өтіпті. Осылайша Гүлжанат Ертілеуқызы тарату қызметінде тәжірибесі мол маманға айналады.
Бір қарағанда, газетті таратып шығу оңай деп ойларсыз. Әсілі, қай жұмыстың да жеңілі жоқ. Өзіне тән қызығы мен қиындығы бар. Шынтуайтында газет таратушының кезігер кедергісі көп. Жұмысы да қым-қуыт қарбаласқа толы. Кейде иесіз иттер олардың жұмысына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ абоненттің газет салатын жәшігі жоқ болса да, соның салдарынан газеті желге ұшып, жерге түсіп қалса да газетті алмадым деп шағым айтатындар да кездеседі.
Қаламгерлер мен оқырмандар арасына көпір орнатып, редакция жұмысының жандануына сүбелі үлес қосатын таратушылардың еңбегін елеп, бұқара бағасын бере жатар. Ал біз Г.Сәрсенбаеваның алғыс арқалап, ізгі тілектерді иеленіп жүрген, ырғақты тіршілігі көзге іліне бермейтін, жауапкершілігі мол, ісі тыңғылықты, көпке үлгі боларлық еңбегіне тәнті болдық.
«Өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» болатын газет түсінген адамға ақпараттың қайнар көзі және таусылмас құнды қазына. Сондайақ халықты сауаттандырып, көзін ашатын ақпарат құралы. Әсіресе, қазіргідей қазақы сөздің қаймағы бұзылып бара жатқан заманда газет оқу өте қажет-ақ. Өйткені, газет бар жерде сауаттылық әрі білім мен ғылым болады. Ал ғылымы бар елдер міндетті түрде дамиды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ