Редакциядан – оқырманға
Қандай саланың болмасын өзіндік қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Журналистика да одан кенде емес. Санай қалсаңыз бір қолдың саусағын толтырмайтын қаламгері бар аудандық газетте жұмыс жасау жан-жақты болуды талап етеді. Себебі мемлекеттік тапсырыстың өзі ондаған тақырыпты қамтиды. Экономика, қаржы, демография, гендерлік саясат, ауыл шаруашылығы, қарулы күштер, жастар саясаты, маскүнемдікпен, нашақорлықпен, адам саудасымен күрес және тағы басқалары. Осылай жалғасып елу тақырыптан асып жығылады. Бәрі де қазіргі қоғам үшін керек нәрселер. Газет бетінен көрініс табуы тиіс. Өйткені біз мемлекеттің саясатын жергілікті жерде насихаттаушы, билік пен халықтың арасын байланыстырушы алтын көпірміз.
Аталған тақырыптардан басқа атқарушы билік пен өкілетті органдар, бөлімдер мен мекемелер аудан көлемінде өтіп жатырған түрлі шаралардың басылым бетінен көрініс тапқанын қалайды. Шақырады, барамыз. Қатысамыз, жазамыз. Олардың өздері де жоғары тұрған басшылары берген тапсырмаларына орай мақалалар жолдайды. Кейін «қашан шығады», «біраз болып қалды ғой» деп телефон шалып, жиі мазалауға көшеді. Оқырмандардан, штаттан тыс тілшілерден хаттар да жиі келіп жатады. Оларды да қарап, өңдеп, газет талабына сай етіп дайындайтын жоғарыда аталған саусақпен санарлық журналистер. Маңызды ақпараттар сол бойда ақпараттық агенттікте көрініс табады. Осындай тынымсыз тірлігі бар біздер кәсіби мерекемізде әріптестер жайлы қалам тербемесек, ал басқа уақытта біз үнемі өзгелерді жазамыз.
Тілшінің тынымсыз тірлігі
Тілшілік – тіршілік. Жыл он екі ай жылт еткен жаңалықты сіздерге жеткізеді. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын осы бір кәсіп иелерінің жұмыс күні қалай өтеді? Сырт көзбен қарағанда «жиналысқа барады, мақала жазады» деген бірсарынды жұмыс болып көрінер. Алайда бүгін сіздерге толассыз ақпарат ағынының ортасында жүрген тілшілердің тынымсыз тірлігін көрсетеміз.
Біріншіден, журналистің жұмысқа баратын уақыты белгілі, қайтатын уақыты белгісіз. Иә, тілшілер уақытпен санаспай жұмыс істейді. Ауа-райына да қарамайды. Аяқ астынан тапсырма келсе, ауыл аралап жолға да шығып кете береді. Тақырып та талғамайды. Бірде арнайы іс-шараға қатысса, енді бірде кезекті кейіпкеріңмен кездесіп, мақалаға ақпар аласың. Ал кейде тұрғындардың шағымына байланысты мақала әзірлесе, кейде қуанышымен бөлісесің.
Газеттің бір күні. Қым-қуыт қамасқан қарбаласқа толы. Әрбір санаулы сағаттарды асқан жауапкершілікке жұмсай білу журналистердің мінсіз міндетіне баланады. Әлімсақтан қалыптасқан қағиданы, алдыңғы аға газеттерден бастап, облыстық, аудандық баспасөздер де бір ізбен, бір жолмен бүгінге дейін ұстанып келеді. Осы үрдісті үзбей алып жүрген аудандық «Қармақшы таңы» газетінің ұжымы апта бастар алғашқы күнді газет дайындаумен бастаса, келесі күніміз жиналыспен басталады. Дүйсенбі күнгі газет дайындауды мінсіз атқарып, арқадан жүкті түсіріп, келесі газеттің қамына кірісеміз.
Әр аптаның сейсенбісінде алдағы нөмірде жарық көретін материалдар шағын макетте жоспарланады. Бас редакторымыз Сәрсенкүл Жаудатбекқызы онда аса маңызды жаңалықтар мен мемлекеттік тапсырысқа сай да тақырыптардың қамтылуын үнемі бақылауда ұстайды.
Алдағы екі нөмірдегі мақалалар тізбегі талқыланып, күн тәртібіне қойылады. Аудан тыныс-тіршілігіне арналған жиындар, басқосулар, жаңалықтар тілшілер тарапынан әзірленіп, өз уақытында газет бетіне жіберіледі. Мұнымен қатар, шалғай ауыл, елді мекендерден келетін хат-хабарлар қорытылып, газет тіліне келтіріліп, мерзім, уақытына байланысты мақалалар қорына қосылады. Мұның сыртында тосыннан болатын жиналыстар, кездесулер де назардан тыс қалмайды. Уақыт пен жауапкершілікті ұтымды пайдалануды журналистің шеберлігі шешеді. Өйткені жаңалықты дәл уақытында кешіктірмей, маңызын жоғалтпай оқырманға ұсыну оқырмандардың газетке деген сенімділігін арттырады. Ол үдеден шығып жүрген әріптестердің еңбектері де ерен.
Жиналыстан шыққан соң, кейіпкерімізге хабарласып, кездесу уақытын белгілейміз. Мекемелерге барып, басшымен сөйлесіп, қажетті мәлімет аламыз. Тілшінің бір күні екіншісіне мүлде ұқсамайды. Таңертеңмен ауылға жол жүріп, түске таман аудан әкімдігіндегі жиналыста, одан соң мәдени іс-шарада жүруің де ғажап емес. Көзге көрінбейтін қызметі көп тілшілік күн осылайша өрбиді. Олай дейтініміз, ауыл-ауылға барғанда түрімізді жіті тани бермейді. Аты-жөнімізді айтқанда ғана «иә, иә мақалаларыңызды оқып тұрамыз» деп қауқылдаса жөнеледі. Жазғанымызды ойына тоқып, есімімізді есінде сақтаған осындай ойлы оқырмандарға қарап шабыт аламыз.
Газет дайындау – маңызды күн
Әр аптаның дүйсенбісі мен жұмасында редакцияда қарбалас тіршілік. Себебі апта сайын осы екі күнде газет баспаға дайындалады. Апта бойы барған жиналыс пен іс-шаралар, кезекті кейіпкерлер, сапарлаған ауылдар тапсырма бойынша жазылып, бас редактордың орынбасарына, кейін редакторға беріледі. Олардың қолдарынан өткеннен кейін өңделіп, жөнделіп, қатесі салынады. Ал тілшінің материал іздестіруі, зерттеуі, сұқбат алуы, оны жазып шығуы, оқырмандардан түскен хаттарды газетке лайықтауы, кейіпкерлер мен оқырмандардың көңілінен шығатындай етуі – өз алдына бір үлкен жұмыс, ми мен сананы іске қосатын дербес ұстахана.
Жоспарланған макет арнайы бағдарлама орнатылған қаладағы орталыққа жолданады. Ол жерде дизайнер-беттеуші маман макет бойынша мақалаларды қажетті беттерге, белгіленген орындарға орналастырады. Барлық мақала компьютерге түскеннен кейін кезекші редактор мен тілшілер оқып, қайта-қайта қатесін түзетіп, газетті баспаға дайындайды. Барлық беттер әзірленген соң редактор тексеріп, баспаға жіберуге рұқсатын береді.
Мұндай күндері артық бір-біріңмен сөйлесуге, өзгеге мойын бұрып қарауға мүмкіндік болмай қалады. Себебі жіті қадағаламасаң, кез келген жерден қате кетуі мүмкін. Бір әріптің түсіп қалуының өзі біз үшін үлкен қателіктің бірі. Әрбір әріпті, сөзді, сөйлемді, буынды, санды, суретті қарауың керек. Ал ақылы қызметтің тіпті жөні бөлек. Оларды иесіне оқытып, келісімін алудың өзі үлкен жұмыс. Барлық адамның қалтафоны үнемі жанында жүрмейді ғой. Ал біз олардың келісімінсіз баспа бетіне жібере алмаймыз. Осындай жағдайлардың себебінен де кеш қайтатын күндеріміз болады. Ал енді бірде газет беттері толық дайын болса да, тапсырма келсе бүтін макетті қайта бұзып, қосымша мақала енгізетін кездер де кездеседі. «Осы нөмірден қалмасын» деген тапсырма келсе, дайын дүниені де өзгертеміз. Мұндай сәттерде түнгі 10-12, кейде әрі қарай да жұмысты жалғаған күндеріміз болды. Қызығы да, қиындығы да мол дегеніңіз осы шығар, бәлкім.
Төзімді таратушылар еңбегі
Газет шығару тек тілшілердің ғана жұмысымен шектелмейді. Бір басылымның артында бірнеше сала мамандарының еселі еңбегі мен үлкен үлесі жатыр. Баспадан шыққан газеттің оқырман қолына тапсырылуы таратушыларға жүктелген міндет. Оқырман мен журналистер арасында алтын көпір орнатып, газеттің уақытылы жетуін қамтамасыз етіп жүрген қызметкерлердің еңбегін ескермеу бізге сын.
Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», – дейді. Иә, жаңалықтың жаршысына айналған басылымдардан қай саланың маманы болса да, өзіне керектіні табады. Сондықтан, халық қажетті дүниелерін жылдам алу үшін газет дер кезінде қолына түсуі керек. Ол оңай шаруа емес. Бір ғана басылымды шығару үшін бірнеше мамандық иесі жұмыла жұмыс істейді. Бас редактордан бастап, қарапайым тілші, есеп-қисапқа жауапты маман, техникалық қызметкер, қарауыл, жүргізуші, бәрі-бәрі бір іске жұмылады. Ал ауа-райының қолайсыздығына қарамай газет-журналдарды үйді-үйге жеткізуде таратушылардың жұмысы тіптен ерек.
Газет түске дейін келіп болмаса, дегбірі қашып, мазасыздана іздеп отыратын оқырмандардың қатары өте көп. Редакциядағы жұмыс телефонына «газетіміз кешігіп жатыр, келмей жатыр» деген қоңыраулар да түсіп тұрады. Мұның себебі де жоқ емес. Қаладағы орталық баспахана түні бойы халыққа жететін газетті шығарады. Сағат түнгі нешеде дайын болса, сол уақытта жүргізуші барлық ауданның газетін арқалап, аудан-аудандағы редакцияларға әкеліп тапсырады. Одан соң менеджер, кент әр ауылдың газеттерін бөліп, таратушы маманға береді. Тартушылар оны көшесіне қарай жіктеп, әрбір үйдің мекен-жайын жазып алып, таратуға кіріседі.
Әрбір таратушыда 15-20 көшеден бар. Бұл үлкен еңбек. Ауыр газетті бірі – велосипедпен жүріп тарқатса, енді бірі – кішкентай баланың қоларбасының көмегімен үйді-үйге жеткізеді. Онсыз мүмкін емес те.
Күйбең тірлікке толы таратушы жұмысының қызығымен қатар қиын тұстары жетіп артылады. Қыс мезгілінің қақаған аязына, шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан «оқырмандар газетті уақытылы оқысын» деп еңбек ететін таратушыларда тыным жоқ. Алайда, кейбір тұрғын үйлердің сыртында арнайы пошта жәшігінің тұрмауы, көше атауы мен үй нөмірінің жазылмауы біраз қиындық туғызатындығы жасырын емес.
Олардың «Бірнеше көшеге газет таратамыз. Көп жағдайда газет-журнал салуға арналған арнайы жәшіктің болмауынан есікке қыстырып кетуге тура келеді. Газет таратқан уақытта жұмыста болған үй иелері келгенше ауа райының желді, жаңбырлы күнінде газет ұшып немесе ылғалданып қалатын сәттер де кездеседі. Бұндайда тұрғындар таратушыларға ренішін білдіріп жатады. Екі тарап арасында осындай түсініспеушіліктің туындамауы үшін әр үйде көше атауы, арнайы пошта жәшігі орналастырылса» деген өтініш-тілегі жоқ емес.
Түйін
Қай дәуір, қай кезеңде болсын, бұқаралық ақпарат құралдарының уақыт үнімен үндесе отырып, қоғамның қозғаушы күші ретінде өзінің мақсат-міндетінен табыла білгендігі ақиқат. Сол арқылы тіршілік тынысына жан бітіріп, заман талабын қанағаттандыра алғанын өткен тарихымызға үңіле, бүгінгі қоғамның саяси өміріне назар аудара отырып аңғарамыз. Мұндай абыройлы биіктен көріну қиын да жауапкершілігі салмақты міндетті арқалап, мамандығын мақтаныш ете білген журналистер қауымының ізденісті істері мен қарымды қаламының жетістігі екені талас тудырмайды.
Даму сатысына табан тіреп, болашағын айқындап алу жолында жаңаша бастамаларды басты бағдар етіп ұстанған тәуелсіз елімізде бүгінгі күнге дейін бүкіл әлемді мойындатқан жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылып, тиісті жемісін беріп жатса, осынау табысқа журналистердің қосқан үлесі де қомақты екенін жоққа шығара алмаймыз. Қалың елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, жақсылығына қуанып, қиындығын көтерісе білуді, ақиқаттың ақ жолынан таймай, шындықтың шырайын кіргізіп, әділетті ту ете көк төріне желбірете көтерудегі ұстанымның болашақта да тиісті нәтижесін беретініне сенім мол.
Бір сөзбен айтқанда, баспа бетін көргеніне ғасырға жуықтаған аудандық «Қармақшы таңы» газеті өміршеңдігін жоғалтпай, алдағы кезеңдерде көркем де кестелі тілмен, терең де бай мазмұнда оқырманының рухани көңіл көкжиегін кеңейте бермек. Кәсіби мерекеміз құтты болсын, қадірменді әріптестер! Жазарымыз көбейсін! Оқырманымыз бен таралымымыз әрдайым арта берсін!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ