Ұлт болашағы – ана тілінде
Тіл туралы жазу, ол туралы айтудан қашпау да, жалықпау да керек. Себебі тіл – бүкіл бір халықтың жүрегі. Оның бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр. Сондықтан әр халық өз тілінде мақтанып қана қоймай, оны дамытып, жұмыс жасауы керек. Осы ретте тіл мәртебесі үшін талмай еңбектеніп жүрген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын атауға болады. Жыл сайын тілдің абыройын асқақтату үшін түрлі іс-шара, дөңгелек үстел, байқау ұйымдастырып қана қоймай, өз саласында мемлекеттік тілді дамытуда күш салып жүрген қызметкерлерді елеп-ескеруді де ұмытқан емес. Мерейлі мерекелерінде түрлі сала мамандарын арнайы құттықтауды әдетке айналдырған.
Бейсенбі күні халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалында келелі кездесу болды. Онда ұрпағымыздың алғашқы білім баспалдағында еңбек ететін балабақша мамандары арнайы шақырылған. Кездесуге «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Раева, осы қоғамның алқа мүшелері Әбдірахман Құлдүйсенов пен Бауыржан Қайырбаевтар қатысты.
Алғы сөз берілген ауданның белгілі азаматы Әбдірахман Құлдүйсенов тіл тақырыбында тағылымды дүниелер айтып, ұрпақ тәрбиелеуде ерекше үлес қосып жүрген мамандарға алғысын жеткізді. Ал осы қоғамның аудандық филиалының төрағасы ГүлжауҺар Төлегенқызы бұл жиынның басты мақсатына тоқталып, тіл төңірегінде толымды ой айтты.
– Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ол – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, қолданыс аясы кең тілдердің бірі. Қазақ тілі қазақ халқының – ана тілі. Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріледі. Ана сүтімен бойға енген қасиет туған тілдің құдіретімен дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас туған тіліңді білуден басталады. Соған байланысты балаларды қорғау күніне орай балабақшада қызмет атқарып тілімізге құрметпен қарап белсенділік танытқан, нақты істерімен үлес қосқан сала қызметкерлерімен кездесіп, пікір алмасу мақсатында өткізіп отырмыз. «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады. Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіңдей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпау керек» деген еді біртуар ақын Мағжан Жұмабаев. Болашақ ұрпағын ой тереңдігіне, сезімталдыққа, қиял ұшқырлығына баули тәрбиелеуді мақсат ететін ата-ана педагог-тәрбиешіден қажымас жігер, талмас талап, шексіз төзімділік пен әдісті талап етеді. Жас жеткіншектерді ана тілінің сөз мәйегінің інжу-маржанын ұрпаққа дарытып, өз шығармашылықтары арқылы түйген-білгенін, оқыған-үйренгенін уақыт талабымен үйлестіріп, жаңашалап бала бойына сіңіру – сіздерге артылған міндет. Осы парызды арқалап, жауапкершілігі жоғары еңбекті атқарып жүргендеріңіз үшін мың алғыс. Себебі халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы және сауаттылығы оның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымының кеңдігімен, оралымдылығымен және ұтымдылығымен өлшенеді. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз арқылы тілдің ауқымы кеңейіп, ұрпақ жадында сақтала бермек, – деген Гүлжауһар Раева біршама қызметкерге алғыс хат табыстап, сый-сияпат ұсынды.
Жиында балабақша тәрбиешілері іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірсе, тәрбиеші Мөлдір Бекұзаққызы әдемі кездесуді тіл туралы өлеңімен қорытындылады. Тілдің деңгейі мұндай жандар тұрғанда тұғырынан түспек емес. Десе де, тіл туралы толғану баршамызға міндет.
Бұл ретте халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлы «Анамыздың ақ сүтімен бойымызда дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды,тарихымызды ұмыту» деп ой түйеді. Ана тілін сүю, оны құрметтеу әрбір жас ұрпақтың міндеті. Әркім өз анасынан туа үйренген тілімен сөйлеуге тырысуы керек. Қазақ даналығында «Әр ұлттың ана тілі – білімнің кілті» деп тегін айтылмаса керек. Кез келген халықтың мәңгілік сара жолы,өркендеу жолы ана тілінде. Ана тілі – халқымыздың рухани байлығы, баға жетпес асыл мұрасы. Оның қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заты тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбатымыз.
Қынжылтатыны, қазір туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндер көп. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде кейбір адамның қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – қазақ тіліне зиян шектіруде.
Тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам болмайсыз. Тіл тағдыры – елдің тағдыры. Әр адам ана тілін біліп, оны құрметтеуі парыз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА