136 балл: Орындалған мақсат
Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орнында тегін білім алуға жасалған алғашқы қадам, әрі түлек бағындырар белестің бірі. Аудан түлектері толықтай бұл сыннан өтіп болған жоқ. Десе де алғашқы нәтижелердің өзі қуантуда. Қазіргі таңда қатарластарынан оза шауып, ұлттық бірыңғай тестілеуден 136 балл жинаған жас түлек бүгінгі мақаламыздың арқауы болмақ.
Кент орталығындағы No121 мектеп – талай дарынды жасты ұшырған аудандағы іргелі білім ордасының бірі. Жоғары ұпай жинаған жас түлек Мақсат Қуанышбек осы мектептің шәкірті. Ол информатика пәнінен республикалық дарынды оқушылар байқауында «Үздік ғылыми жоба» авторы атанса, республикалық Ауыл мектептерінің пәндік олимпиадасында информатика пәнінен ІІ орын иеленген. Республикалық пәндік олимпиаданың І кезеңінен Алғыс хатпен марапатталған.
Жас та болса, талабы таудай шәкірт ҰБТ-дан да оза шауып, жоғары білім деңгейін көрсетіп, 136 баллға ие болды. Кез келген талапкер үшін уақыт пен еңбекқорлық, ізденіс керек. Мақсат өз бойына ізденімпаздықты, уақытпен санаспауды, шаршамай оқуды серік ете білді.
– Әрбір оқушы мамандық таңдау үшін өз бейімділігін тануы қажет. Бала кезден есепке деген қызығушылығым жоғары, сол себепті математика-информатика пәнін таңдадым. Менің 136 ұпай жинауым қажымас қайраттың, ұзақ уақыт дайындықтың арқасы. Сонымен қатар отбасымның маған деген сенімі, барша ұстаздарымның еңбегі деп білемін. Алға қойған мақсатым айқын, арманым асқақ. Ерінбей еңбек етіп, ізденуді серік етсем барлық арманымның орындалатынына сенемін, – дейді Мақсат Әбдімүбаракұлы.
Иә, қай кезде де отбасының қолдауы аса маңызды. Мақсат көпбалалы шаңырақтың екінші перзенті. Әкесі жеке кәсіпкер болса, анасы аудандық ауруханада қызмет етеді. Олар ұлдарының білімге құмарлығы бала кезінен бастау алғанын айтса, сынып жетекшісі шәкіртін мақтан тұтады.
– Мақсат өте зерек, алғыр, дарынды, үздік оқушы. Жауапкершілігі жоғары. Өзі салмақты, айтар ойын жүйелі жеткізе алады. Сыныптастары арасында белсенді. Өзінің табандылығымен, ұстаздардың берген білімінің, күнделікті дайындықтың арқасында осы деңгейге жетіп отыр. Біз бабы мен бағы қатар шапқан осындай шәкірттеріміз үшін қашанда қуаныштымыз. Мақсаттың болашақта еліміздің көк туын желбіретіп, білім мен ғылым саласында зор жетістікке жетіп, әлемдік аренада елімізді мойындататын білікті маман болатынына сенімім мол, – дейді сынып жетекшісі Клара Абжалиева.
Мақсат ҰБТ бойынша математика-информатика комбинациясын таңдаған. Соның ішінде математика пәнінен толық 50 балды жинаған. Бұл ең жоғарғы нәтиже. Әрі көптің біріне мұндай нәтиже бұйыра бермейтіні анық. Осы пәннен сабақ беретін ұстазы Индира Елбосынова шәкіртінің математикаға деген құлшынысының жоғары, ынтасы мол екенін айтады. Есеп десе шешімін табудан шаршамайтын оқушысының бұл жетістігін мақтан тұтып, болашақта еліміздің ғылымын дамытатын білгір маман болатынына үміт артады.
Ал информатика пәнінен 50 балдың 49-ын жинап, тағы да мерейі үстем болған. Өзі таңдаған саладан да сүрінбейтінін дәлелдеп шыққан. Информатика пәнінің мұғалімі Ғазиз Есмаханов оқушының еңбекқор екенін алға тартты. Ол мұндай нәтиже көрсетуі үшін үздіксіз білім алып, тынбай еңбектенгенін айтады.
ҰБТ-дан көздеген мақсатына жеткен Мақсат алдағы уақытта Алматыдағы Қазақ-Британ технологиялық университеті мен Сүлеймен Демирель атындағы университеттің бірінде «Ақпараттық технология» саласы бойынша білім алғысы келеді. Жоғары ұпай жинап, аудан абыройын асырған түлектің жетістік жолы сәтті қалана берсін демекпіз.
Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгіден де жарық болуы – осындай рухы асқақ, өресі биік, білімді де талантты жастардың қолында. Мамандық таңдаудағы алғашқы және шешуші қадам болып есептелетін ҰБТ нәтижесі әр түлек үшін сәттілікке бастар жол болсын!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ