» » ҰБТ: Биылғы көрсеткіш қандай?

ҰБТ: Биылғы көрсеткіш қандай?

Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орнында тегін білім алуға жасалған алғашқы қадам, әрі түлек бағындырар белестің бірі. 11 жыл бойы тәлім берген ұстаз шәкіртінің бұл сыннан сүрінбей өтуін, үкілеген үміт артқан ата-ана перзентінің сенімнен шығуын тілейді.
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу Қызылорда қаласы мен Жаңақорған және Қазалы аудандарындағы 3 пунктте жүргізілді. Тестілеудің әділ өту барысын қадағалау мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінен, Үкіметтік емес ұйымдар, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің өкілдері және қоғам белсенділері бар арнайы мониторингтік топ мүшелері бақылады. Сондай-ақ, ҰБТ жүргізілген әр аудитория арнайы бейнебақылау камераларымен жабдықталып, тестілеу барысы тікелей эфир арқылы көрсетілді.
Аудан түлектері Қызылорда қаласындағы және Қазалы ауданындағы тестілеу пункттерінде өз білімдерін сарапқа салды. 17 маусым мен 5 шілде аралығында өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеу өз мәресіне жетті. Нәтиже де жаман емес. Жоғары балл жинап ұстаз, мектеп, аудан  мерейін асқақтатып жатқандар аз емес.
– 11 жыл бойы бойға жинаған білімнің нәтижесі көрінер шақ – түлек, ұстаз, ата-ана үшін де маңызды әрі қобалжуға толы кезең. Биыл аудан бойынша 594 түлек мектеп бітірсе, оның 538-і ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді. Түлектердің 90,1 проценті тестілеуден өтті. Тестілеу нәтижесінде ауданға қарасты 28 мектептен 84 түлек 100-ден жоғары балл жинады. Ал өңіріміз бойынша жоғары балл Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің шәкірті Қарақат Қанибекованың еншісінде. Ол бұл сыннан 132 балл жинап, қатарластарынан озып түсті. Тестілеуден жиналған әрбір жоғары ұпай – бүгінгі еңбектің ғана емес, жылдар бойғы қажымай-талмай, үздіксіз жасаған елеулі еңбектің нәтижесі, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Нәзен Бахадүрова.
Негізінде, мектеп – келешек ел басқарар, жер басқарар, елі мен халқын гүлдентер, мейірін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де қасиетті ұя. Мектептің негізгі тірегі – білімді де білікті ұстаздар. Ал шәкірттің тестілеуден сүрінбей өтуі мен мектеп қабырғасындағы әрбір жетістігі – ұстаздың кәсіби біліктілігі мен шеберлігінің жемісі. Осындай ұстаз мерейін асырған оқушы – Қарақат Қанибекова. Ол Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің түлегі, «Алтын белгі» иегері. Білімге құмар оқушы мектеп қабырғасында жүрген кезінде де түрлі пәндік олимпиадада бақ сынап, жүлделі орындарға қол жеткізіп отырған. Мұндай жоғары нәтижеге жету үшін кез келген талапкерге уақыт пен еңбекқорлық, ізденіс керек. Қарақат өз бойына ізденімпаздықты, уақытпен санаспауды, шаршамай оқуды серік ете білді.
– Мен ҰБТ-ға дайындығымды 10 сыныпта бастадым. Дайындық барысында «JUZ40» курсына тамыз айынан бастап қатыстым. Менің 132 ұпай жинауым қажымас қайраттың, ұзақ уақыт дайындықтың арқасы, сонымен қатар барша ұстаздарымның еңбегі. Әрбір оқушы мамандық таңдау үшін өз бейімділігін тануы қажет. Бала кезден есепке деген қызығушылығым жоғары, сол себепті география-математика пәнін таңдадым. Болашақта қаржыгер болуды мақсат еттім. Өз саламның білікті де білімді маманы болғым келеді. Болашақта шетелде магистратурада білімімді жалғасам деген мақсатым бар. Сондықтан да ағылшын тілінде білім беретін жоғары оқу орнын таңдамақпын. Осы ретте математика пәнінен білімімді шыңдаған Эльмира апайыма, бізді үнемі қанаттандырып, өзімізге деген сенімділікті ұялата білген мектеп директоры Гүлжахан апайыма алғысым шексіз, – дейді жоғары ұпай иесі Қарақат Қанибекова.
Ұстазын өнеге тұтқан шәкірт жөнінде мұғалімнің де айтары бар. «Мен Қарақатқа 5 сыныптан бастап математикадан сабақ бердім. Ол өте алғыр, ұқыпты, білімді шәкірттің бірі. Берілген тапсырмаларды тиянақты орындайды. Сабақта күрделі есептерді шығаруға тырысатын. Әрдайым тақырыптар бойынша түсінбеген сұрақтарын сұрап, алған білімін жинақтап, пысықтап отыратын. ҰБТ-ға дайындықты жоспарлы түрде тыңғылықты жүргізді. Өзінің білімділігімен, үлкен еңбегімен жоғары нәтижеге жетті деп ойлаймын. Өзі біліп қана қоймай, әрдайым өзге сыныптастарына көмектесіп, қолдау білдіреді. Қарақаттың болашақта білікті маман боларына сенемін» дейді математика пәнінің мұғалімі Эльмира Абатова.
– Қарақат үйде екінші бала. Ағасы былтыр тестілеуден 113 балл иеленген, Қайсар бүгінде Алматы қаласындағы Халықаралық Бизнес университетінің І курсын аяқтады. Өзінен кейін сіңлісі бар. Ол төртінші сыныпқа көшті. Ол да оқу үздігі. Үйде немерелерінің тілеуін тілеп, ақ батасын арнап отырған әжесі бар. Осы ретте бастауыш сыныпта білімнің негізін қалаған Ү.Томанов атындағы мектепке, бастауыш сынып мұғалімі Қалдыгүл апайға, бесінші сыныптан бастап білімін жалғап, бүгінде түлеп ұшқан Гүлжахан Мұнарбаева басқаратын Т.Көмекбаев атындағы мектеп-лицейінің ұстаздар қауымына алғыс білдіреміз. Қарақат өзіне қайтсем де 130-дан жоғары ұпай  аламын деп алдына мақсат қойды. Сол мақсатына жетті де. Енді грант иегері атанса деген үміт бар. Балаларымыз осылай жарқырап жүрсе, ата-анаға одан артық не керек? – дейді анасы Нұргүл Тілеубек.
Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгіден де жарық болуы – осындай рухы асқақ, өресі биік, білімді де талантты жастардың қолында. Мамандық таңдаудағы алғашқы және шешуші қадам болып есептелетін ҰБТ нәтижесі әр түлек үшін сәттілікке бастар жол болсын!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
09 шілде 2022 ж. 508 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 079

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031