Жоғары ұпай – жылдар жемісі
qarmaqshy-tany.kz Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орнында тегін білім алуға жасалған алғашқы қадам, әрі түлек бағындырар белестің бірі. Аудан түлектері толықтай бұл сыннан өтті. Нәтиже де жаман емес. Жоғары балл жинап ұстаз мерейін асқақтатып жатқандар жетерлік. Осындай оқушылар көшін бастап, Ұлттық бірыңғай тестілеуден 133 балл жинаған түлектер бүгінгі мақаламыздың арқауы болмақ.
Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейі – талай дарынды жасты ұшырған аудандағы іргелі білім ордаларының бірі. Мектеп түлектері биыл бір емес, екі 133 баллды қоржынға салып, аудан бойынша жоғары балл жинаған мектептердің қатарын бастады. Алғашқы үздік түлек, «Алтын белгі» иегері – Нұртуған Әнуарбеков. Озат шәкірт математика пәні бойынша жалпы республикалық пәндік олимпиада жүлдегері, бірнеше мәрте облыстық, республикалық конкурстың жеңімпазы атанған. Нақтылай кетсек, «Нұрлы болашақ» республикалық олимпиадасында математика пәнінен І орын, «KazRobotics» байқауының номинанты, жалпы білім беретін пәндер бойынша математика, химия, биология, география пәндерінен облыстық олимпиададан 2 дүркін II орын, «BILGEN ALAMAN» ұлттық білім сайыстарының республикалық кезеңінде II орын және «Білімді» атағының иегері, Байқоңыр қалалық «Будущее Байконура» жастар орталығының мүшесі, республикалық энциклопедиялық «Алтын түлек» жинағына енуші, Байқоңыр қаласы әкімінің үздік жастарға арнайы тағайындалған стипендиясының иегері. Жас та болса, талабы таудай шәкірт ҰБТдан да оза шауып, жоғары білім деңгейін көрсетіп 133 баллға ие болды. Кез келген талапкер үшін уақыт пен еңбекқорлық, ізденіс керек. Нұртуған өз бойына ізденімпаздықты, уақытпен санаспауды, шаршамай оқуды серік ете білді.
– Әрбір оқушы мамандық таңдау үшін өз бейімділігін тануы қажет. Бала кезден есепке деген қызығушылығым жоғары, сол себепті физика-математика пәнін таңдадым. Менің 133 ұпай жинауым қажымас қайраттың, ұзақ уақыт дайындықтың арқасы, сонымен қатар барша ұстаздарымның еңбегі деп білемін, – дейді Нұртуған Даниялұлы.
Жас түлек қазіргі таңда мемлекеттік грант негізінде Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің электртехникасы және автоматтандыру мамандығының 1 курс студенті атанды.
Ал басқару және менеджмент саласын таңдап отырған Алмас Жақанов аталған мектеплицейдің үздік оқушысы. Озат шәкірт география пәні бойынша жалпы республикалық пәндік олимпиада жүлдегері, бірнеше мәрте облыстық, республикалық конкурстың жеңімпазы атанған. Сондайақ Алмас – республикалық «Ұшқыр ой алаңы» дебат турнирінің облыстық кезеңінің 2 мәрте «Үздік спикері» атағын жеңіп алған дебатер. Ұлттық пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңінің 3 мәрте I орын иегері болған, Астана қаласында өткен «El umiti CUP2022» дебат турнирінің, «Ұшқыр ой алаңы» республикалық дебат турнирінің финалдық кезеңінің ойыншысы, Әлкей Марғұлан атындағы Қазақстан тарихы пәнінен республикалық олимпиаданың I орын иегері.
Оқушы кезінен жетістік жолын жалғап келе жатқан ол ұлттық тестілеуден 133 ұпай жинап, мектеп мерейін асырды. Бұл жетістік – ұстаз бен шәкірт арасындағы тығыз байланыстың, үздіксіз оқу мен ізденудің жемісі екені анық.
– Мұғалімдеріміз басымызға бақ қонса тасымауға, қиындық болса жасымауға үйретті. Алға қойған мақсатым айқын, арманым асқақ. Ерінбей еңбек етіп, ізденуді серік етсем барлық арманымның орындалатынына сенемін, – дейді Алмас Серікұлы.
Қазіргі таңда Алмас Астана қаласындағы Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің менеджмент және басқару мамандығының 1 курс студенті атанып, грант иеленді. Бір қызығы, аудан бойынша ең жоғары баллды иеленген қос түлек бір мектептің, бір сыныптың оқушылары. Оларға 5 сыныптан бастап ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, жас ұстаз Шынар Құрмаш жетекшілік етеді.
Оқушыларының шығармашылық дамуы мен бәсекеге қабілетті жеке тұлға ретінде қалыптасуы жолында аянбай еңбек еткен Шынар Болатбекқызы оқушыларын мақтан тұтады. Бітіруші сыныбында 4 бірдей «Алтын белгі» мен 5 «Үздік аттестат» иегерлерін шығарған білікті ұстаз оқушыларын тәрбиелеуде жаңаша ойлау жүйесі мен жанжақты білімдарлығын игі пайдаланғаны көрініп-ақ тұр. Жаңа қоғам кеңістігінде жас ұрпаққа жаңаша білім беруде қойған қатаң талаптарының арқасында бүгінде оқушылары биік белестерді бағындырып, мемлекетіміздің ең таңдаулы университеттерінен «грант» иеленді. Бұл – ұстаз еңбегінің айқын көрінісі. Жоғары ұпай жинап, аудан абыройын асырған түлектердің жетістік жолы сәтті қалана берсін демекпіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ