» » Өнегелі Өмірқұловтар

Өнегелі Өмірқұловтар

«Отан отбасынан басталады» дейді. Дөп айтылған. Отанның қандай болмағы – бірінші кезекте отбасына байланысты. Ал отбасының бақ-берекесі, ынтымақ-ырысы ондағы ерлі-зайыптылардың ауызбірлігі мен татулығына келеді. Екеуі бір-бірімен сыйластықта, құрметте болса, ортасында гүлдің қауызындай бүр жарып келе жатқан ұрпақ та салиқалы, саялы болып ер жетпек.
Киелі топырағымызда тамыры тереңге тартқан, алып бәйтеректей жапырағын кеңге жайған өнегелі де өнерлі, парасатты отбасылар аз емес. Олардың қатарында ақжарлық Өмірқұловтар отбасын да мақтанышпен атауға болады.
Әулеттің тірегі, қамқоршысы Сәдуақас Әбілдаұлы Ақжар ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын механизаторлықтан бастап, бүгінде «Ораз ахун ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде инженер болып қызмет атқарады.
Шаңырақтың отанасы, көпбалалы ана, «Офицердің анасы» медалінің иесі Сара Есмаханова да осы ауылдың тумасы. Мектеп бітіріп, Қызылордадағы сол уақытта Н.Гоголь атымен аталатын (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті) институтқа оқуға түсіп, оны 1984 жылы бітіреді. «Бастауыш сыныптың педагогикасы мен методикасы» факультетінде білім алған болашақ ұстаз институт бітірген жылдан бастап ауылдағы No28 орта мектепте кішкентай бүлдіршіндерді бастауыш сынып мұғалімі ретінде білім нәрімен сусындатып келеді.
Ерлі-зайыптылардың өмірде бірге келе жатқанына биыл 38 жыл толып отыр.
– Жан жарыммен отбасылық өмірдің ыстық-суығын бірге көріп келе жатқанымызға қырық жылға жуықтап қалыпты. Аз уақыт емес, әрине. Осы жылдар ішінде дүниеге 6 перзент келді. Ана атану махаббатына бөлене жүріп, кеудеме «Күміс алқа» тағындым. Мен үшін ең құрметті жан ол – балаларымның асқар таудай әкесі. Отбасылық өмірде ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Сондайда бір-бірімізді кешіре білдік, құрметпен қарауға үйрендік. Бүгінде ата-әже атанып отырмыз. Балаларымыз да, келіндеріміз де түрлі салада қызмет етіп, ел дамуына үлестерін қосып жүр. Олардан тараған немерелеріміз көзіміздің ағы мен қарасындай ыстық та тәтті, – дейді 40 жылдық еңбек өтілі бар ардақты ана, ұлағатты ұстаз.
Жас ұрпаққа, оның қатарында бастауыш сынып балаларына ұстаздық ету, инемен құдық қазғандай жұмыс. Тарыдай болып келген шәкірттерін талабын таудай етіп шығару – дарынды мұғалімнің қолынан ғана келетін іс. Десе де, білікті маманның шәкірттері де ұстазының маңдай тер еңбегін ақтап, мәртебесін көтеріп-ақ жүр. Оқушылары талай білім сайысында жоғары нәтиже көрсетіп, 3 мәрте «Алтын белгі» иеленген. Мысалы 2014 жылы Бану Жақсығұлова, 2019 жылы Нұрболат Тұрабай, өткен оқу жылында Олжас Арықбаев алтын белгілі шәкірттер атанған. Үздік оқушыларды дайындаудағы қажырлы еңбегі үшін бірнеше рет білім қызметкерлері облыстық кәсіподақ коми- тетінің жолдамасымен елордаға танымдық туристік саяхатқа барып, демалып келді.
– Жас ұрпақты тәрбие, білім нәрімен сусындатуда 3 мәрте жолдамамен демалып қайттым. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, шәкірттерім республикалық, облыстық, аудандық пәндік олимпиадалардан жүлделі орындар алып, биіктен көрініп келеді. Өзім де облыстық «Үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2010» байқауына қатысып, жүлделі I орын мен бағалы сыйлықпен марапатталдым. Еңбектің арқасында облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы, аудан әкімі мен аудандық білім бөлімінің диплом, алғыс хаттарына ие болдым, – дейді білім саласының білікті маманы Сара Өсерқызы.
Ұстаз білім саласында ғана емес, сонымен қатар ауылдағы қоғамдық жұмыстардың да белсендісі. Ол ауылдағы «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі. Өнегелі Өмірқұловтар отбасының ұйытқысы. Жанұя жарастығын сақтаған ақ жаулықты ана. Мемлекетіміздің байлығы, құндылығы – мерейлі отбасы дер болсақ, Өмірқұловтар жанұясы аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының «Үздік жанұя» номинациясының жеңімпазы. «Бос уақытымда С.Бөртебайұлы атындағы клуб үйінде ұйымдастырылған әжелер ансамблінің дайындығына қатысып, түрлі мерекелерде ән айтып, өнер көрсетіп жүрмін. Ауылда өткізілетін іс-шараларға қол үзбей қатысып тұрамын. Балалардың әкесі өте еңбекқор жан. Әкенің орны қашанда – төр. Отбасылық өмірде сыйластықта, бірлікте келеміз. Балаларымыз да сенімімізді ақтап, жақсы қырымен көрінуде. Жастар, отбасында балаларымыз ата-анасына қарап бой түзейді. Бұл – шындық. Сол себепті күнделікті еңбек етумен бірге, аналарымыз қосымша бір өнер, әлде сүйікті ісін қатар алып жүрсе, нұр үстіне нұр болмақ» дейді ол сөзіне екпін түсіре.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
18 мамыр 2024 ж. 382 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 324

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930