40 жыл бір салада
Уақыт зымыран, жүйрік-ақ. Кеше мектеп бітіріп, қос бұрымына тастай қып бантик таққан қырмызы қыздың мамандық таңдауға келгенде өзге қатарына қарағанда кібіртіктеп, қиналмағаны рас. Озат оқушылар қатарында білім алған оның пәндер арасынан химия мен биологияға қызығушылығы басқашалау болды. Бұл оның медицина саласына бір табан жақындап, келешек қызметін таңдауға септігін тигізді. Мінеки, арада қанша жыл өтсе де, жүрек қалауымен таңдаған мамандығының игілігін ғана көріп келеді. Білікті маманның денсаулық сақтау саласында келе жатқанына тегеурінді 40 жыл өтіпті.
Біз әңгімелеп отырған Клара Сәрсенова – Ақжар ауылының тумасы. 1965 жылы дүниеге келген. Аудандық аурухананың перзентхана бөлімінің жоғары санатты акушері болып қызмет етеді.
Замандасымыздың аз-кем өмір жолына тоқталып өтсек. Ол 1980 жылы Қызылордадағы медициналық училищесінің «Акушер» мамандығын үздікке тәмамдап, жолдамамен өзі туыпөскен Ақжар ауылдық амбулаториясына жұмысқа қабылданады. Алғашқы еңбек жолы ауылдан басталған медбикенің одан арғы қызметі 1989 жылы аудандық аурухананың перзентхана бөлімінде бас акушер болуымен жалғасын табады. Одан соң 16 жыл осы бөлімде аға акушерліктің тізгінін мықтап ұстайды. 2009 жылдан бастап босану бөлімінің акушеркасы болып үздіксіз еңбек етуде.
– Акушерлік – өте жақсы мамандық. Әр ана, әр отбасы сәби дүниеге келгенде қалай қуанады, біз де олардан артық қуанбасақ, кем қуанбаймыз. Мамандыққа келуімнің себебі де осында жатқан болар. Кезінде аналарымыз босанғанда заманы қиындау болды. Перзентханада орын аз болды ма екен, ол кісілер көбінесе үйде босанатын. Сондайда аналармыз «Сенің кіндік шешең мына кісі, сенің бауырыңның кіндік шешесі ана кісі» деп айтып отыратын. Содан кішкене күнімізден-ақ кіндік ана деген ұғым санамызда қалып қойды. Кіндік ана тану – үлкен құрмет. Менің бір бауырымның кіндік анасы ауданға белгілі Қоңырбай Дәуменов деген ағамыздың анасы болды. Інім көрген жерде жаңылмай апамыздың алдынан жүгіріп шығып, «кіндік ана» деп құшақтай алатын. Ол кісі де қолындағы барын беріп, бәйек болып жататын. Біз соған сырттарынан қызыға қарап, мейірленіп тұратынбыз. Акушер мамандығын таңдағанда мен де сол кісілердей болсам, ізін қусам деп армандаған шығармын, – дейді ол ойымен бөлісіп.
Клара Сәдуқызы – мамандығына адалдық танытумен бірге, мекемедегі қоғамдық жұмыстардың да белсендісі. Талай мәрте түрлі аудандық, облыстық жарыс-сайыстарға қатысып, жүлдегер атанған. 2016 жыл оның еңбек жолында ерекше аталады. Себебі білікті маман осы жылы «Жылдың үздік акушері» номинациясын жеңіп алып, аудан мерейін тасытқаны бар.
К.Сәрсенова – ұжымда сыйлы әріптес, жастардың жол көрсетуші тәлімгері болса, отбасында аяулы жар, балаларының ардақты анасы. Өмірлік серігі Мұхтар теміржол саласында қызмет етеді. Бүгінде екеуі – 2 бала мен 8 немеренің ұйытқы, қамқоршысы. Үлкені – Мейрамбек Қызылорда қаласында жоғары білімді маман. Ал Қуаныш – аудандық пошта торабы басшысының орынбасары қызметінде.
– Акушерлік мамандығын жас кезімнен жақсы көремін. Армандағанмын деп айттым ғой. Сол арманым орындалды. 40 жылдық еңбек өтілімде жүздеген сәбидің жарық дүниеге келуіне себепкер болып, кіндік анасы атандым. Әрбір ананың аман-есен өмірге ұрпақ әкелуіне, қуанышына үлесімді қосқаныма өзімді бақытты санаймын. Дүниеге іңгәлаған сәбидің келген күні біз үшін ұлы күн есептеледі. Ұлтымыздың болашағы – аналарымыз бен сәбилеріміз әрқашан да аман-сау болсын, – дейді ол сөз түйінінде тілегін білдіре.
С.АҚКІСІ