Кларалардың анасы немесе еңбекке берілген баға
qarmaqshy-tany.kz Тілшілік қызметте небір жанмен тілдесіп, сұқбаттасасың. әңгімесін тыңдайсыз. Олар да өмірден көрген-білгендерін бөліседі. Түрлі – тағдыр, түрлі – тарих. Бірі-біріне ұқсамайтын ұзын жолдың бойы. Сондай бір жолда кезекті кейіпкермен тілдесудің сәті түсті.
Бұл кісі жайында аудандық аурухананың акушері, еріктілердің өңірдегі көшбасшысы Әсем Мерекованың жылы лебіз білдіргені – бізге де мақалаға ой салған. Өзіміз білетіндей, қарапайым еңбек адамы ешкімнің алдына түсіп мақтау күтпейтіні, марапат сұрамайтыны белгілі нәрсе ғой. Бірақ біз осы азаматшамен болған диалогта осыған анық көз жеткізгендей болдық. Биыл медицина саласында келе жатқанына отыз жеті жыл толып отырған әпкеміздің қуанышы мүлде басқада. Әпке деп отырғанымыз – Алдашбай ахун ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінің акушері, жоғары санатты медбике Клара Есмаханова.
Ол 1966 жылы Ақжар ауылында дүниеге келген. Әкесі Өсер ауылда қойма меңгерушісі болып істесе, анасы Мұңлыхан қолынан өнер тамған шебер болған екен. Екеуі де өмірінің соңына дейін перзенттерін адалдыққа, еңбекке баулып өткен. Отбасында тоғыз баланың бірі болып өмірге келген өрімтал қыз 1974 жылы ауыл мектебінің табалдырығын аттап, оны «жақсы» деген бағаға бітіріп шығады. Білім ордасынан түлеп ұшқан жылы Қызылордадағы медициналық училищесінің «Акушер» бөліміне оқуға түсіп, 1986 жылы қолына дипломын алады. Ол уақытта оқу бітірген жас мамандарды жұмыс істеуге ауылдық жерлерге жіберетін болған. Клара да туған жеріне келіп, ауылдастарына қызмет көрсетуді құп көріпті.
– Сол кезде дәрігеріміз Үмітжан Сариева апай болды. Білікті маманнан жақсы тәрбие алып, тәжірибе жинадым. Еңбек жолымда ең бірінші мені әйел-аналармен жұмыс жасауыма бағыт-бағдар берген де осы апайым болатын. Мамандық таңдауыма келсем, кезінде Ақжар ауылында үлкен аурухана болды. Сол ауруханада акушер болып Лескүл Тайлыбаева деген апамыз еңбек етті. Бірде анам үйде босанып қалды. Сонда сол кісі келіп, босандырып алды. «Мынадай інілерің бар» деп көрсеткенде мен қатты қуанып, «Біреудің баласын аман-есен алып берген қандай ғанибет» деп ойлағанмын. Содан бастап Лескүл апаға еліктеп, акушер боламын деп шештім. Апайдың да жары Мұзарап Жәмитов ағамыз тіс дәрігері болған.
1986 жылдан бастап осы кезге дейін акушер болып жұмыс істеп келемін. Акушерлік – бұл қиын да жауапкершілікті қызмет. Бірақ қандай күрделі болса өзің қалаған мамандық болғасын ыстық-суығына төзуіңе тура келеді. Бұл жерде жүкті аналардың аман-сау тікенегін сыртына шығарып, сәбиін қолына алуына біздің еңбегіміз зор болуы керек. Олардың ауырмай-сырқамай дүниеге дені сау бала әкелуіне көп еңбек істеп, одан кейін де бақылауымызға алып отырамыз. Осы қырық жылға жуық өтілімде елдің алғысын алып жатсам, онда мені үнемі қолдап отыратын аудандағы акушер-гинекологтардың да үлесі мол. Аналармен тығыз қарымқатынаста жұмыс істеп, ризашылығына бөленген болсам, онда да кез келген уақытта маған көмек қолын созатын осы аялы алақанды әріптестерімнің арқасы. Нина Давыдова, Күнзира Анықова, Сәуле Жексенбаева, Алтынкүл Төлепбергенова, Раяш Құрманбаева және басқа да білікті дәрігерлердің табандылығымен кәсіби білігімді ұштадым. Үйретері көп сала мамандарынан үйренгенім аз болмады. Бұл апайларыма айтар алғысым шексіз. Жасыратыны жоқ, ауылда жұмыс істеу алғашқыда өте ауыр болды. Себебі, жедел жәрдем көлігі болмады. Ел арасы қашық. Аяғы ауыр әйелдерді кеңшардың жүк көліктерімен орталыққа жеткізетін едік. Бір айтарлығы, сол кезеңде үйінде ата-енесі, жас балалары бар екіқабат келіншектер үй-жайын тастап ешқайсысы перзентханаға алдын ала бармайтын. Қазір шүкір, әрбір елді мекенде жедел жәрдем көлігі зулап тұр. Заманның жақсылығын осыдан да көруге болатын шығар,– дейді көпбалалы ана.
К.Өсерқызы 1986 жылдан бастап 1994 жылға дейін Ақжар ауылдық ауруханасының акушері болса, 1994 жылы тұрмыс құрып, қазірге дейін Тұрмағамбет ауылдық ауруханасында қызмет істеп келді. Осы жылдың сәуірінен бастап ол жұмысын Алдашбай ахун ауылында жалғастыруда. Маманның қызметіне – ауыл аналарының жылда скринингтік тексеруден өтуін қадағалау кіреді. Оның ішінде, қатерлі жатырмойын, емшек безі ісігінің алдын алуға септігін тигізеді. Мұндай науқаспен ерте анықталған жағдайлар болып жаста, нәзік жандардың дерті асқанбай тұрып ем қабылдауына көмектеседі.
Әр уақыттың өзіне тән ерекшелігі болады. Қазір ғой, медицинаның көші ілгерілегені. Ертеректе жүкті әйелдер көбіне үйде босанып қалатын. Ондай сәттер кейіпкеріміздің еңбек жолында да аз болмағанға ұқсайды. Оның бір дәлелі – акушердің құрметіне есімі қойылған қыздардың алды бүгінде еңбекке араласқан.
– Ақжар, Тұрмағамбет ауылдарында қыздарына менің есімімді берген отбасылар бар. Ақжардағы Клара Темірбекқызы деген қызым қазір отбасылы болса, Тұрмағамбеттегі Клара Мейрамбекова деген қызым – студент. Осыдан артық маған қандай марапат керек. Осылай елдің алғысын алып жүрмін. Мерекеде ауданның барлық акушеріне, перзентхана қызметкерлеріне еңбектеріне табыс тілеймін. Әрқашанда отбасылары аман, денсаулықтары мықты болсын, – дейді ол ақжарма тілегін білдіріп.
Ардақты ана жанұясында адал жар, ұлқыздарының панасы. Жары Қанапия Оспанов көлік жүргізушісі қызметін атқарады. Берекелі отбасында төрт бала тәрбиеленіп отыр. Оразбек – Алдашбай ахун ауылдық мектебінде психолог-педагог. Айсара ана жолымен – акушер мамандығын таңдаған. Өскемендегі көпбейінді ауруханасында жұмыс істеуде. Ринат – ветеринария саласы бойынша мамандық алған. Ауылда еңбек етеді. Жанұяның кенжесі Мейіржан – медициналық стоматологиялық оқу орнының І курс студенті.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА