Мерейлі мамандық иесі
Өткенде бір кісінің еңбек кітапшамда екіауыз ғана сөз бар: «Бірі – жұмысқа кірді деген болса, бірі – зейнетке шықты» дегені есімде қалыпты. Сонда іштей таңданысымды жасырмай, «қандай керемет!» дегенмін. Бұрынғының кісілері «Дарақ бір жерден көктейді» деп, әр жұмыс орнына ұшып-қонбай бір жерде тұрақты жұмыс істеуді мәртебе санайтын. Оның үлгісін де талай рет көрсетті. Біздің қалам тербеуімізге себепкер болып отырған жан да сол кісілердің сарқытынан. Бір ауылда, бір салада 40 жылға жуық еңбек етіп келеді.
Ол – медицина саласының білікті маманы, саналы жылдарын өзі болмысымен қалаған ісіне арнаған Қалдыгүл Тоқсанбаева. Замандасымыз Т.Көмекбаев ауылында дүниеге келген. Тұрмағамбет ауылындағы No29 мектептің түлегі. Оған медицина қызметкерлерінің әрбір іс-қимылы, жұмыс формасы – шатырдай аппақ халаты қатты әсер етіпті. Әсіресе, тазалық пен тәртіпке деген олардың қағидасы жас қыздың ойын дөп басқандай еді. Өзі де тазайым, үйдегі тәрбие де соған бейімдей түсті. Адам жанына араша болу, пендесіне мейірім төгу, ізгілікке бастамашы болу – оның болашақ мамандық таңдауына айқын жол көрсетіп бергендей болды.
Қалдыгүл бала кезден қанына біткен батылдығына басып, сүйікті мамандығы санаған медбикелік оқуына құжат тапсырады. Мамандық таңдау – қашан да жауапты іс. Қателесуге болмайды. Жас қыз барлық емтиханды ойындағыдай тапсырып, Қызылорда медициналық училищесінің студенті атанып шыға келді. Студенттік жастық шағында да оқу орны оқытушыларының көзіне түсіп, алғырлығымен, белсенділігімен ерекшелене білді. Осылайша бойжеткен «Балаларды емдеу және аурудың алдын алу» мамандығы бойынша қолға диплом алып шығады.
– 1984 жылы оқуымды сәтті аяқтадым. Сол жылы болашақ жарымды кездестірдім. Ақжар ауылына келін болып босаға аттадым. Жан жарым Кәжіғали Таубаевпен бірге шаңырағымызда 4 бала тәрбиелеп өсірдік. Өмірдің ыстық-суығын бірге жеңе білдік. Қазір балаларымыздан 7 немере сүйіп отырған жайы- мыз бар, – дейді бақытты ана әңгімесінде.
Бір қызығы, Қ.Тоқсанбаева оқу орнын бітірген жылдан бастап Ақжар ауылдық ауруханасына медбике болып жұмысқа орналасса, 2005 жылдан бүгінгі күнге дейін ауылдағы No28 орта мектептің медбикелік қызметін абыроймен атқарып жүр. Ол өз сөзінде бала денсаулығын сақтауда орта мектепте атқарып жатқан міндетіміз көп дейді.
– Мектепте жұмыс істегесін бірінші кезекте алдымызда балалардың денсаулығы тұрады. Оны күнделікті қадағалап отыру – басты қызметіміз. Түрлі жұқпалы аурудың алдын алуда екпе жұмыстары жүргізіледі. Мектепішілік тазалық, балаларға берілетін ыстық тамақ сапасы және оның талап-тәртібімен берілуі қатаң қадағаланады. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жұмысы да жүргізіліп отырылады. Одан басқа құжаттармен де жұмыс жасаймыз. Аудандық ауруханасы мен білім бөлімі тарапынан берілетін жауапты жұмыс, тапсырмалар болады. Саламатты өмір салтын қалыптастыруда оқушыларға профилактикалық іс-шаралар, түсіндірмелер жүргіземіз. Оның ішінде жаман әдеттерден бойды аулақ ұстау, тазалық пен тәртіпті үнемі серік ету, әлдеқандай жағдай болғанда алғашқы медициналық көмекті қалай көрсетуге болады деген сынды шаралар да міндетіміздің бірі саналады, – дей келе, кейіпкеріміз әріптестерін алда келе жатқан мерекелерімен құттықтауды да жөн санады.
– Барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Еңбектеріне табыс, қызметтеріне абырой биігін, отбасыларына бақ-береке тілеймін, – деді ол мерекелік көңіл-күймен жадырай.
Білікті маманның еңбегі ескерусіз емес. Ол еңбек еткен жылдарда облыстық денсаулық сақтау басқармасының құрмет грамотасымен, аудан және ауыл әкімдерінің, аудандық аурухананың алғыс хаттарымен марапатталған.
С.АҚКІСІ