Әркімнің өз жолы бар, ұшар көгі
Адамның өмірі қызық қой. Бала кезіңде алаңсыз ойынның қызығында жүресің. Айналаңда не болып жатқаны маңызды емес. Ойын баласысың, әлем сенің көзқарасыңмен өмір сүріп жатқандай кіршіксіз, таза, ой-санаң да бұлақ сынды мөп-мөлдір, тұп-тұнық. Өсе келе жан-жағыңды бағдарлай бастайсың. Ненің не екеніне мән бересің, ақ пен қараны айырасың, адамтану деген ғылымның дипломы жоқ ғалымысың. Ал белорта жастан асқанда елдің алдына шығып, кейінгіге қандай өнеге қалдыра аламын деген ой еріксіз мазалайтыны бар.
Күні кеше секілді көрінгенімен ауылдың аққұба да қағілез қызы бүгінде қоғамнан өз орнын сайлаған сыйлы әріптес, отбасында ардақты ана, ауырған жан үшін емінің шипалы болуына себепкер болып жүрген саланың білікті маманы атанған. Әңгімеміз отыз тоғыз жылдық еңбек тәжірибесінің 19 жылын медбикелік қызметке және табаны күректей 20 жылын аға медбикелік жауапкершілікті жұмысқа арнаған ІІІ Интернационал дәрігерлік амбулаториясының аға медбикесі Бақыткүл Меңлібаева жайында болмақ.
Ол 1965 жылы ІІІ Интернационал ауылында дүниеге келген. Осындағы 10 жылдық мектепті ойдағыдай бітіріп, 1 жыл ауылдық ауруханада кіші буын қызметінде еңбек етеді. Бәрі де осы жерден басталады. Бұған дейін медицина мамандығымен сырттай таныс болғанымен, оны етене білмейтін бойжеткен енді шындап қызығушылық танытады. Қызметкерлердің үстіндегі аппақ қардай халаты мен бас киімі оған ерекше әсер етеді. Оған қоса мұнда жұмыс істейтіндердің темір тәртіпті ұстанатыны, ісіне деген мығымдылығы жас қызды одан сайын салаға жақындата түсті. «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» дегендей, мейірбикелік оқуға түсуге бел буады.
– Еңбек жолым кіші аяжандықтан басталды. Жұмыс істей жүріп, әрі қарайғы тағдырымды осы саламен байланыстыруды жөн көрдім. Аға-апалардың қызметтерін көріп, қызығушылығым мамандық таңдауыма сеп болды. Оған отбасым да қарсы болмай қолдады. Келесі жылы, яғни 1983 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург ) қаласына жол жүріп, өзім армандаған оқуыма түстім. Оны 1985 жылы бітіріп келіп, туған ауылымда мамандықпен еңбек жолымды бастап кеттім. Әуеліде сол кездегі 50 төсектік ауруханада ем-шара кабинетінде, сонымен қатар түнгі кезекшілікте жұмыс істедім, – дейді білікті маман сол жастық шағындағы кезеңді есіне түсіріп.
Медбикенің мұнан кейінгі еңбек жолы 1995 жылдан 2004 жыл аралығында балалар мейірбикесі болумен жалғасады. Сол 2004-тен бастап қазіргі таңға дейін аға медбике қызметін адал атқарып келеді.
– Өмірдің өзі үлкен мектеп. Осы салада қызмет етіп жүріп, қаншама жақсы-жайсаңмен қызметтес, әріптес болдым. Ұжым деген қарашаңырақ секілді. Бірге қызметтес болған адамдармен ауызбірлікте жақын араласып, бір үйдің баласындай болып кетесің. Кезінде жас маман болып келгенімде осында бірге жұмыс істеген апаларымның жақсылығын, мені қанатының астына алып білмегенімді үйреткендерін ешқашан есімнен шығарған емеспін. Марқұм Айдаркүл, Аршагүл апайларымнан алған тәжірибем көп болды. Елена Ким, Сартиназ Байрахтарова, Айымкүл Әбсатова апайларымнан да көптеген іс-тәжірибе жинақтадым. Жалпы ұжым ауызбірлікті. Бірнеше ұлттың өкілі қызмет етіп жатыр. Барлығы да өз ісін жақсы білетін, тұрғындар алдындағы жауапкершілігін жоғары деңгейде сезіне алатын мықты мамандар, – дейді Бақыткүл Ізгуқызы ұжымның ауызбірлігін сөз етіп.
Кейіпкеріміз салалық, ауыл әкімшілігі, аудандық және облыстық әкімдіктердің бірқатар марапатымен мадақталған. Екі мәрте аудандық аурухана бас дәрігерінің Құрмет грамотасын алса, 2003 жылы «Ең үздік медбике» сайысына қатысып, I дәрежелі дипломға ие болған. 2011 жылы басшылық тарапынан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушысының алғыс хаты, 2014 жылы облыстық кәсіподақ ұйымы төрағасының Құрмет грамотасы табысталған. Ал 2022 жылы облыстық білім басқармасының алғыс хатына лайық деп танылған.
Б.Меңлібаева отбасында жолдасы Ғанимен бірге 3 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйіп отырған бақытты жанұя. Үлкен қыздары Қызылорда қаласында қаржы саласында қызмет атқарса, ортаншы ұлдары ауылда су маманы болып жұмыс істейді. Жанұяның кенже қызы ана жолын қуып, медицина саласын таңдаған. Қазір Астана медицина академиясының 9-курс студенті, яғни резиденті. Бұйырса, болашақта неонатолог маман болмақшы.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК