» » Медбике болғанымды әкем қалады

Медбике болғанымды әкем қалады

Халық айтса қалт айтпайды дегендей, «Медицина қызметкерлерінің жанашырлығы науқастың күдігін сейілтіп, қайғысын әлсіретеді», «Аурухананың төрт қабырғасының өзі емдейді» деген сөздер елдің аузында жиі айтылады. Ия жылы сөз, емдік шөп және отамен емдеу әдісі қазақ халқында ертеден бар дәстүр. Ұлы ғұламаларымыз айтып кеткендей, алда-жалда жағдай болып сырқат жанға алдымен жаны ашып, көмек беретін де осы абзал мамандық иегерлері екеніне дау жоқ. Өмір мен өлім алысқан сәтте Жаратқаннан кейінгі жанымызды шүберекке түйіп тапсыратынымыз да осы ақ халатты абзал жандар ғой. Әсіресе үнемі ота жасалып, түрлі дене жарақатымен түсетін хирургия бөлімінің бұл саладағы көтерер нар жүгін айтпай кету әбестік болар. Сала демекші, осы саланың отыз жылдан аса уақыт  пұшпағын илеп жүрген кәсіби маман Жақсылық Ибрашова Байқоңыр  қаласының көпбейінді орталық ауруханасында  хирургия бөлімінің кезекші медбикесі.
Әрбір адамның өмірде өз жолы, өз тағдыры болады дейтін болсақ,  Жақсылық Санайқызының да мамандық таңдауға келгенде әкесінің ықпалы болғаны анық. Балық шаруашылығында еңбек еткен асқар тау әкенің бертінде денсаулығы сыр беріп, науқастанып қала беретіні пайда болған. Сол себепті де аумақтық дәрігер мен жедел жәрдем көмегіне сүйенетін кездер аз болмаған. Осындайда әке жүрек дәрігерлерге қызыға қарап, өз балаларының да осы саланы қалағанын іштей тәуір көрген. Әке пейілін жазбай танитын балалары да оған жауапсыз қалмады. Жеті перзентінің үшеуі бірдей медбикелік мамандықты таңдап, еңбек жолдарын осы салаға арнады. Жақсылық Санайқызының әпкелері бүгінде медбикеліктен зейнет демалысына шықса, өзі де жуық шамада зейнеткер атанбақшы.
Енді кейіпкеріміздің өмір жолына шегініс жасап кетсек.
Ж.Ибрашова 1964 жылы Қазалы ауданына қарасты Қасқақұлан елді мекенінде Санай әке мен Хадиша ананың отбасында дүниеге келген. Қатар-құрбысы секілді осындағы №17 орта мектепті жақсыға бітіріп, Түркістандағы медициналық училищесіне оқуға түседі. Оқу орнын екі жылдан соң бітіріп, еңбекке араласады.
– Алғашқы еңбек жолым 1984 жылы Қазалыдағы туберкулезге қарсы күрес ауруханасынан басталса, 1989-1991 жылдары әскери құрылыс госпиталінде жалғасын тапты. 1991 жылы Төретам кентінде дәрігерлік амбулаторияға жұмысқа қабылданып, қазірге дейін осы шаңырақта үзбей қызмет етудемін. Дәрігерлік амбулатория уақыт талабымен кеңейіп емхана атанды. Бастапқыда 25 керуеттік орын болса, одан соң Ақай ауылынан 50 керуеттік орын болып тағы да үлкейтілді. Онда сегіз жыл бойы аға медбике болып қызмет істедім. Мұнан соң да аурухана қызмет көрсетуі жағынан кеңейе түсіп көпбейінді аурухана орталығына айналды. Санап қарасам отыз бір жыл осы денсаулық мекемесінде медицинаның ыстық-суығына төзіп, бір адамдай жүгін көтеріп келеді екенмін, – дейді ол бізбен әңгімесінде. 
Сөзінен сабырлық пен ізеттің желі ескен Ж.Санайқызының мамандығына деген адалдығын рәуішті көңілінен сезбеу мүмкін емес.  «Әкеміз науқастау болды, аурудың азабын тартқан соң да ақ халаттылардың қызметіне әркез алғысын айтып, риза болып отыратын. Біздің де дәрігер болғанымызды қатты қалады. Олардың қасиетті мамандық иелері екенін кішкентайымыздан құлағымызға құйып, жадымызға жаттатып өсірді. Отбасында ата-анадан бес қыз, екі ұл тарасақ, соның үш қызы медбикелікті қалауымызға әкеміздің тікелей әсері болды десем қателеспеймін. Әпкелерім қазіргі таңда ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырса, мен жергілікті тұрғындарға өз қызметімді көрсетіп, жұмысымды жалғастырудамын» дейді ол өзіне де зейнеткерліктің де ауылы алыс емес екенін меңзеп.
Жақсылық Санайқызы әріптестері арасында құрметті болумен қатар жанұясында ардақты ана, аяулы жар. Көпбалалы отбасы Бұғанаевтардың шаңырағына келін болып түскен ол жан-жары Мұратбек Асылбекұлымен бірге сыйластықта отбасылық ғұмыр кешуде. Жолдасы электр торабын тарату мекемесінен зейнетке шықса, балалары Уәлихан мен Жарасхан бірі – сот орындаушысы болса, бірі –  жол потруль полициясының қызметкері болып жұмыстаратқаруда. Ана тәлімін көріп өскен Сәбит Алматы қаласында медицина университетінің жетінші курсында білім алып жүр. Ол мұнымен тоқтап қалмай мамандығы бойынша оқуын әрі қарай жалғастыруды алдына мақсат етіп қоюда. Отбасындағы төрт немере атасы мен әжесінің көз қуаныштары.
Бүгін – Халықаралық медбикелер күні. Айтулы күнге орай Жақсылық Санайқызы да әріптестеріне айтар алғысын көкейде іркіп қалмады.
– Байқоңыр көпбейінді орталық ауруханасының басшысы Талғат Әлішұлы Байтілеуовке, аға медбике Гүлмайрам Сәбиханқызына, хирургия бөлімінің аға медбикесі Лаура Ұзақбайқызына алғысымды білдіре отырып, барлық медбикелерді төл мерекелерімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Еңбектері жанып, ел үшін жасап жатқан қызметтеріне береке берсін деп тілеймін, – дейді ол мерекеде жылы лебізін жеткізіп.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
12 мамыр 2022 ж. 663 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 341

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 424

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930