» » Дәрігерге құрмет - бізден міндет

Дәрігерге құрмет - бізден міндет

Қазір жанымызды шүберекке түйіп деніміз үйде, бала-шағаның қасында отырмыз. Аса бір қажеттілік болмаса тысқа шықпаймыз, қорғаныш қарекетінсіз орынсыз сыртқа аяқ баспаймыз. Мұндай сақтанушылық – мемлекет тарапынан ел азаматтарына қойылып жатқан басты талап. Жағдайды көзі көре тұрып, көренеу сақтанбаған сан соғуда. Ойнайтын мәселе емес – коронавирусың. Шетел асып, саяхаттаған қаншама отандасымыз ойнақтаймын деп шоқ басып келді. Шоқ емес-ау, құдды бір от басып келді дерсіз. Тыныш отырған халық едік. Әбігерге түстік те қалдық.
Мақұл. Өткен іс өтті. Жұғатын вирус жұғып, есіктен енді. Беталысы жаман. Күн санап онымен науқастанған адам саны артуда. Бірнеше қазалы жағдай орын алып үлгерді. Амал қанша. Қазақта "Болған іске болаттай бол" деген аталы сөз бар. Болаттай мықты, темірдей төзімді болуға тура келеді.
Осындай жағдайда тұлғасы адамзаттық мұратпен өлшенетін, бірақ істеген ісі көзге көріне бермейтін ерекше мамандық иелері бар. Олар – дәрігерлер, ақ халатты абзал жандар. Инфекцияның қауіпті, қорқынышты екенін біле тұра, мемлекеттің әрбір мүшесінің өмірі үшін жан алысып, жан берісіп күресіп жатқан медицина қызметкерлерінің ерен еңбегіне еріксіз басыңды иесің. Осындай абзал жандарымыздың арқасында бірқатар науқас ауруынан айғып, отбасына аман-есен оралуда. Алайда, буырқанған дауылдың дегбірін басып, бетін қайтару – оларға оңайға соғып тұрған жоқ. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, медицина қызметкерлері өздері де індет жұқтырып, жапа шегіп жатқаны аз емес. Осыны ескерсек, абзалдарымыздың түрлі әлеуметтік желі мен республикалық, облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратып жатқан насихаттары елеусіз қалмауы халықтың өз қолында. Бұл тұнық сөздің тереңіне үңілгендер дәрігердің жеке басының қамын емес, өзгенің саулығын басты орынға қойғанын білер еді. 24 сағат бетперде мен резеңке қолғаппен жүру – қаншалықты қиын екенін ел біліп те, сезіп те отыр.
Жақында ҚР Президенті Қ.Тоқаев республикалық телеарнадан қазақстандықтарға мәлімдемесін жасады. Онда еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер мен жәрдемдерді жариялады. Олардың қатарында Мемлекет басшысы сындарлы сағатта ешбір мойымай еңбек етіп жатқан шексіз мейірім иелеріне де қолдау ретінде бірқатар төлем көрсетілетінін атаған болатын. Соған сай медицина қызметкерлеріне "Қауіптілігі аса жоғары", "Қауіптілігі жоғары", "Қауіптілігі орташа" санаттар бойынша 850 және 212,2 мың теңге аралығында қосымша көмек көрсетілетін болады.
Әрине, бұл қаржылай қолдау. Одан да бұрын оларды қолдаудың үлкен жолы – қазақстандық әрбір азамат сақтық шарасын сақтап, мамандардың айтқанын айна-қатесіз орындау болса керек-ті.
Сөзімізді түйіндер болсақ, қазіргі елдің тілегі – отандасы үшін өз өмірін қатерге тігіп, індет аймағында жүрген аяулы жандардың отбасына есен оралып, аман болғаны. Ия, біздің медиктер қандай көмек пен құрметке де лайықты. Себебі олар көзге көрінбейтін майданның бүгінгі нағыз батырлары.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
04 сәуір 2020 ж. 841 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031