Мейірім иесі – медбике
– Скальпель, кеңейткіш, шолғырлау...
Мұндай құрал-сайман түрлерін ота жасау үстінде хирург-дәрігер тек қолымен «ымдайды». Ал қасындағы көмекші медбике отаның ыңғайына қарай шалт қимылдауы керек. Қате қадам, өткен әр секунд адам өмірі үшін маңызды. Сондайда жүрексінбей, адам қандай жағдайда келсе де жарасын таңып, қарайласатын жандардың бірі – хирургия бөлімінің медбикесі Еңлік Жалғасова.
25 жастағы жас маман аудандық ауруханада 2018 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Жастайынан ақ халатты абзал жан болуды армандаған ол Түркістан облысындағы медициналық колледжден білім алады. Одан соң арманындағы жұмысына кірісіп, қазір өзі қалаған мамандығының иесі атанып отыр. Әрине, ақ халаттыларды көргенде қызметтік формасына қызығатынымыз рас. Алайда сол кіршіксіз ақ киімнің астарында не жатқанын ұғына бермейміз. Мәселен, жол апатынан біраз адам зардап шегеді. Осындайда бірінші болып хирургия бөліміне түсіп, мұнда медбикелер ем-шаралар жасайды. Қарапайым қаннан корқатын біз әлгі түрлі жарақат алған науқасты көруге жүрегіміз шыдамайтыны рас. Жақының қайтқанда денесін көруге жүрексінетіндер бар ғой. Ал бұл мамандық иелері мұндай оқиғамен күнделікті кезігіп отырады.
– Көбі түрлі нәрсе көресің, түсіңе кірмей ме деп сұрайды. Алғашында жеріген, түрлі түс көріп шошынған кездер болды. Бірде үскірік аяздан екі аяғын алдыруға бір кісі келді. Хирургия бөлімінің дәрігерлерінің қажырлы еңбегімен ота сәтті өтті. Ендігі кезек кесілген аяқты апарып, орнына қою. Сол тапсырма маған бұйырыпты. Алғаш аяқты көріп тұрған соң біраз қобалжыдым. Жұмыс қой, істеу қажет. Ерік-жігерімді жинадым да екі қолыммен әлгі аяқты көтеріп алдым. Темір секілді ауыр болады екен. Діттеген жерге әрең апарып, орналастырдым. Сол күні түнімен түс көріп, біразға дейін ойыма алғаным бар. Қазір бұған үйрендік. Ешқандай қорқыныш, жиіркену жоқ. Науқас қандай жағдайда келсе де алғашқы көмегімізді көрсетуге дайын тұрамыз, – дейді Еңлік Жалғасова.
Оның айтуынша, бір күнде түрлі жағдаймен көмекке жүгінетіндер келеді. Ондайда бөлім мамандары барлық жағдайды жасап, тіпті сол оқиғамен біте қайнасатыны бар. Жұбаныш болады, қолдау көрсетіп жүріп, тұрып кетуіне мотивация береді. Мейірімді қолдарымен ем-домын жасап, антына адал болады.
Бүгінде кейіпкеріміз жұбайы Нұрланмен бірге қос қызғалдағын өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған жас отбасы. «Қыздарым қандай мамандық иесі болғысы келеді, соны таңдайды. Өйткені арман жолындағы айқын мақсаты өз қалауымен болуы керек» дейді ол сөз арасында.
Айнұр ӘЛИ