Мейіргер марапаты
Өткен жылдың қорытындысында аудандағы қай мекемені алып қарасақ та өзіне сай үздігі болды. Топ ішінен жарып шыққандардың бірі облыстық, бірі республикалық деңгейде озаттар қатарынан табылды. Оның ішінде медицина саласының үздіктері де бар.
Ешқашан өлмейтін, үнемі даму үстінде жүретін мамандықтардың бірі – денсаулық саласы. Медицинасы дамыған елдің болашағы жарқын болмақ. Халықтың денсаулығы жақсы болса, қоғам да алға қарай ілгерілей береді. Мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің денсаулығымызды бақылайтын ақ халаттылардың қоғам алдындағы еңбегі еселі. Халықпен жұмыс істеу қызық әрі қиын. Оған жүктелетін жауапкершілік те көп. Осындай жауапкершілігі жоғары жұмысты абыроймен алып жүргендердің бірі – Нұржамал Әбдірайымова.
Ол 1983 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық колледжді бітірген соң қармақшылық жігітке тұрмысқа шығып, жолдамамен аудандық аурухананың физиотерапия бөлімшесінің мейіргері болып жұмысқа орналасады. 40 жыл бойы осы бір қызметтен табан тіремей еңбек етуде. Медицина саласында қырық жылға жуық үздіксіз еңбегі елеусіз қалмай, жақында өткен Қазақстан медицина қызметкерлері қоғамының ұйымдастыруымен өткізілген «Жыл үздігі – 2023» республикалық байқауына белсене қатысып, ұсынған жұмыстары үздік деп танылғаны үшін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» ордені мен дипломмен марапатталды.
Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, еткен еңбегі мен жеткен жетістігі болады. Байқауға құжаттарымды жинақтап өткізген болатынмын. Нәтижесінде үздік деп танылып, орден мен арнайы диплом алдым. Еңбегім ескерусіз емес. Басшылық тарапынан алған марапаттарым бар. Жалпы марапат төрінен көрінген әр адамның кеудесін қуаныш кернейтіні сөзсіз. Әрбірден соң бұл жақсы естелік болып қалады. Айналаң да сенімен бірге қуанып, жылы сөзін арнап жатады. Осы салада ұзақ жыл еңбек еттім. Зейнеткерлік демалысқа шығуыма да аз қалды. Қандай мамандық болса да өз қиыншылығы болады. Бастысы оны жақсы көруіңіз керек. Мен бұл жолда қателеспедім. Төзімділік пен шыдамдылық, біліктілік қашан да абырой биігіне жеткізеді, – дейді мейірімді медбике.
Білікті, жан-жақты адам қашан да айналасындағылардың тілін тауып, жылы шырай танытады, қолынан келген көмегін аянып қалмайды. Кейіпкеріміз де дәл сондай жанның бірі. Жұмыста да, үйде де ауызбіршілікті, бірлікті алдыңғы орынға қояды. Кейіпкеріміз өмірлік жарымен бірге шаттығы шалқыған шаңырақта қос бірдей азаматты аяқтандырып, бүгінде отбасының берекесін ұйытып, немерелерін еркелетіп, жарының да қас-қабағын бағып отырған ардақты жан, аяулы әже.
Түптеп келгенде біздің ең қымбат байлығымыз – өміріміз осы сала қызметкерлерінің кәсібилігіне тікелей байланысты. Сондықтан да бұл сала иелеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның жанына дауа, дертіне шипа бола алатын да осы сала қызметкерлері. Ал денсаулық сақтау саласында талай жыл тапжылмай тер төгіп, еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленіп, үздіктер қатарынан көрініп жүрген жандардың еңбек жолы көпке үлгі деуге болады. Себебі тіршілікке нәр беріп, қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылылықты жанына серік еткен, игілікті мамандық иесі атанған олар қашанда сый-құрметке лайық.
Ақнұр САҒЫНТАЙ