» » «Арманым шынға айналды»

«Арманым шынға айналды»

qarmaqshy-tany.kz Медицина саласы деп жинақтап айтқанымызбен, ол сан-саладан тұрады. Дәрігерлер – науқастың қандай аурумен ауыратынын анықтаса, медбикелер – ем-дом шарасымен айналысады. Ал енді бірі – жедел жәрдем тобында науқастарға қызмет көрсетеді. Біз тілімізге тиек етіп отырған саланың білікті маманы Сәуле Кәрібаева ауданымыздың дәл осы жедел жәрдем бөлімінде фельдшер болып еңбек етеді.
Алдымен қысқаша кейіпкеріміздің өмірбаянына тоқталайық. С.Мирамбекқызы 1994 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Орталықтағы Әбзәли Егізбаев атындағы №121 орта мектепте озат оқушылар қатарында білім алған ол оқу-біліммен қатар, спортқа да бір табан жақындығын көрсетеді. Шыныға білудің денсаулыққа пайдасы зор екенін жастайынан біліп өскен өрімдей қыздың баскетболды таңдауы да бекерден-бекер емес еді. Оның спортқа деген қызығушылығы талай жарысқа қатысып, жүлдегер атануына себепші болғаны бар. Мектеп қабырғасындағы марапаттары отбасында әлі күнге дейін сары майдай сақтаулы тұр.

Орта мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан әрбір шәкірттің арманы белгілі бір оқу орнына түсіп, маман атану. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, еңбек ету. Мұндай биік арман кейіпкерімізді де айналып өтпеді. Әсіресе, оның басқа басқа, медицина саласына деген ынтазарлығы ерекше болыпты. Оған басты себеп – әкесінің жиі ауырып қала беретіні болса керек.

– Әкеміз тыныс жолдарының бұзылысымен көп науқастанып жүрді. Денсаулығын жанұямызбен уайымдайтын едік. Сондай сәттерде үйге жедел жәрдем көмегін шақыратынбыз. Фельдшерлер алғашқы көмегін беріп, ем-шарасын жасайтын. Сол кездерден бастап (ұмытпасам 6-7 сыныптарда оқитын кезім-ау) фельдшер болсам деген менде ой пайда болды. Әкеме өзім қарасам, күтімін жасасам жақсы емес пе?! Сөйтіп, осындай үлкен мақсатпен Түркістан қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп шықтым, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Арнаулы кәсіби оқу орнын аяқтаған жас туған жерге оралып, 2014 жылы еңбек жолын бастайды. Аудандық аурухананың тіркеу бөліміне медбике болып жұмысқа орналасқан оның әрі қарайғы еңбек жолы 2015 жылы жедел жәрдем фельдшері, 2016-2018 жылдар аралығында іс жүргізуші секілді қызметтермен түйіседі. Ал, 2018-ден бастап қазіргі таңға дейін, яғни бес жыл көлемінде кезек күттірмейтін жедел медициналық көмек бөлімінің фельдшері болып халыққа адал қызмет етіп келеді. Он жылға жуық уақыт саланың ыстық-суығын басынан өткізген тәжірибелі маманның бүгінде өз айтары да жоқ емес.

– Медицина колледжінде білім алып жүргенімде бірқатар ұстаздарым, атап айтқанда кураторым Р.Кенбаева, сол тұстағы колледж директоры Ғ.Баймұрзаевтар біздерге ақыл-кеңесін айтудан жалықпады. Сабақты ғана емес, өмірлік тәжірибелерімен де бөлісетін. Науқаспен қалай жұмыс істеу керек, сөз қуатының дәріден де шипалы болатынын түсіндіріп бағатын. Облыстық жедел жәрдем стансасында тәжірибеден өткенімізде түрлі шақыртуларға апарып, науқастармен жұмыс жасататын.

Соңғы бес жылда білікті басшы Жасұлан Көкеев басқаратын кезек күттірмейтін жедел медициналық көмек бөлімінде фельдшерлік қызмет атқарудамын. Ауысыммен жұмыс істейміз. Ұжымның дені жастар. Ауызбірліктіміз. Көбінесе созылмалы аурумен ауыратын немесе егде жастағы созылмалы науқасы бар кісілерге, инфекциялық ауру жұқтырған науқастарға, жеңіл жарақат алғандарға (оның ішінде күйік шалған, тамақтан уланудан туындаған ауру адамдарға, он екі аптаға дейінгі жүкті әйелдерге) және тағы басқасына көмек көрсетеміз.

Фельдшер болу – абыройлы, мақтан тұтарлық мамандық. Бұған дейін аға-апаларымыздан үйреніп тәлім алсақ, қазіргі кезде біз де жастарға үйрететіндей дәрежеге жетіп қалдық. Кәсіби шеберлік, тәжірибе деген осы болар, – дейді ақ халатты абзал жан.

Сәуле Кәрібаеваның медицина саласындағы еңбегі ескеріліп, бірқатар мадақтамаларға ие болған. Атап айтқанда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Senim» денсаулық сақтау жүйесі» жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының, аудан әкімінің Алғыс хатымен, аудандық аурухана бас дәрігерінің Құрмет грамотасымен және аудандық медицина қызметкерлері кәсіподақ ұйымының мадақтамасымен марапатталған.

Сала маманы отбасында ибалы келін, ардақты ана. 2014 жылы Самат Еркебаевпен бас құраған екеуінің ортасында Эльдар есімді бүлдіршін өсіп келеді. Эльдар – Сүлеймен Есқараев атындағы №27 орта мектептің үлгілі оқушысы, күрес үйірмесінің белсенді қатысушысы.

«Адам жанына керекті ең асыл дүние ол – мейірімділік. Менің мамандығымның да ерекшелігі сол мейірім атты асыл қасиетпен астасып жатыр. Науқас адамға дәрі беріп, ине шаншудан да бұрын, жылы сөзіңіз өтімдірек. Өйткені, көп жағдайда өзіміз көзбен көріп жүргендей, адамдар жылы сөзге, жан жылулығына зәру. Ал, көпшілікке айтарым, ауруды өткізіп, асқындырып алмай, оның алдын алған қашан да емдеушіге де, ем алушыға да оң нәтиже беретінін ұмытпаса екен. Денсаулықтың қадірін әркез біліп жүрейікші», – дейді сөзін түйіндеген сіңіліміз.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
15 сәуір 2023 ж. 541 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 312

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 411

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930