» » Жедел жәрдемдегі жарасымды жұп

Жедел жәрдемдегі жарасымды жұп



Төретам кентіндегі жедел жәрдем бөлімінде фельдшер болып жұмыс істейтін жарасымды жұпты таныстырған да, табыстырған да өздері таңдаған мамандық. 24 жастағы ақайлық Еркебұлан Кенжебаев пен 20 жастағы төретамдық ару Анеля Досымханованың отау құрғандарына небәрі 5 ай ғана болған. Екеуі де Қызылорда медицина жоғары колледжінің түлектері. Бір салада, бір жерде жұмыс істейтін жас отбасы биыл бірінші рет отбасы күнін атап өтпекші.
«Өткен жылы колледжді бітіріп, жедел-жәрдем бөліміне жұмысқа тұрдым. Індеттің өршіп тұрған сәті. Алғашында маған бәрі қиын сияқты көрінді. Нағашы әжем дәрігер болғанымды қалайтын. Анам Төретам кентіндегі емханада медбике болып жұмыс істейді. Жұмысқа қабылданғанда анам өзі ертіп келіп, фельдшер, диспетчерлермен таныстырды. Еркебұлан есімді фельдшердің кезегі екен. Менен 3-4 жас үлкендігі бар маманға Анеляның білмегенін үйрет деп нықтап тапсырды. Дегенмен жігіт алдында төмен болып көрінгің келмейді ғой (күледі). Білмей тұрмын деуге намыстанатынмын. Аға-апайлар тәжірибелерімен бөлісіп, үнемі ақыл-кеңестерін айтып отырды. Солай жұмыс істеп жүргенде ұжымдағылар Еркебұлан екеумізді жиі қосатынды шығарды. Жігіт де сыйлық жасап, көңілімді аулады. «Тұрмысқа шығасың ба?» деп ұсыныс жасағанда не дерімді де білмей қалдым» дейді бала қылықты жас келін.
Иә, оқуды кеше ғана бітірген 19 жастағы бойжеткеннің бірден тұрмысқа шығам деуі ата-анасына да оңай болмаған. Дегенмен «теңін тапса тегін бер» деген нақыл бар қазақта. Қыз жат жұрттық. Ерте ме, кеш пе өзінің азаматын тауып, бір шаңырақтың түтінін түтетуі керек.
«Ақылына көркі сай, мамандығымды жанымен түсінетін жар жолыққанына қуанамын. Медицина – жауапты сала. Оның ішінде жедел жәрдемнің жауапкершілігі екі есе. Себебі ауырған адамға алғашқы көмекті көрсететін біз. Сондықтан білімімізді жетілдіріп, барынша қырағы болуға тырысамыз. Жұмыста әріптес, ал отбасында ерлі-зайыптымыз. Жас болсам да ер азамат ретінде отбасы жауапкершілігін жақсы білемін. Мен болашақ әкемін. Ата-анамыздың үмітін ақтап, соларға қызметімізді көрсетсек, нанымызды жегізсек, туған жерімізде еңбек етіп, адал жүріп тұрсақ деген арман-мақсатымыз бар» дейді Еркебұлан Еркінұлы.
Иә жас жұбайлар жұмыс істейтін жедел жәрдем бөлімі өте ұйымшыл. Бір-біріне көмектесуге даяр тұрады. Жас мамандар да жылы қарсы алып, жақсылығын асыратын жұмысына асығып тұрады.
Қылықты жұпты мерекемен құттықтап, бір-біріне деген ілтипат, ықыластарың суымай, қол ұстасып армандарыңа жетіңдер деген тілек тіледік. Мықты мемлекеттің тірегі – мықты отбасылардан бастау алады. Жас шаңырақ иелері солардың қатарынан болғай.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
11 қыркүйек 2021 ж. 628 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 315

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930