Дұрыс таңдай білген мамандық – болашағың
qarmaqshy-tany.kz ТҮЛЕКТЕРДІҢ МАМАНДЫҚ ТАҢДАЙ БІЛУІ – БОЛАШАҒЫНА ҚҰЙЫЛҒАН АЛҒАШҚЫ ІРГЕТАС ДЕР ЕК. ОНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН МЫСАЛ РЕТІНДЕ ЖАН-ЖАҒЫМЫЗДАҒЫ АДАМДАРДАН КӨРУІМІЗГЕ БОЛАДЫ. ӨЗІ ҚАЛАҒАН МАМАНДЫҒЫМЕН ІСТЕП ЖҮРГЕН АДАМНЫҢ ІС-ӘРЕКЕТІ ҚАНДАЙ БОЛМАСА АТА-АНАСЫНЫҢ ЫҚПАЛЫМЕН НЕ ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ СЫНАҒЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫМЕН БАЛЫ ЖЕТКЕН СОҢ «ТҮСЕ САЛҒАН» МАМАНДЫҚТА ҚЫЗМЕТ ЕТУ ҚАНДАЙ? ЕКЕУІНІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ.
Ертеңгі күні мұның нәтижесі – елдегі жұмыссыздық деңгейінің көбеюіне, дипломы бар жастардың жұмысқа орналаса алмауына және қоғам сұранысындағы мамандықты таңдамау салдарынан екінші бір мамандықты оқуына әкеліп соқтырады. Жан қалауымен түспеген мамандықты да жүргізіп әкетуге көп адам қиналып жатады немесе басқа мамандықты игеруге мәжбүр. Бұл жұмыс сапасына айтарлықтай әсер етсе, әлемде еңбек етіп жүрген азаматтардың 60 пайызы мамандығын қаламайтындар екен. Демек, өзін қинап жұмыс істеп жүргендердің қоғамға да, отбасына да, өзіне де келтірер пайдасы шамалы. Кейде 3 дипломын сандыққа салып қойып, соның бетіне өмір бойы қараумен өтетін жандар да болады. Бірақ бұдан кімге пайда, кімге зиян?
Сол үшін де мамандық таңдаудың маңызды екені айтпаса да түсінікті. Жақында жоғары сынып оқушыларымен мамандық таңдауға арналған келелі кездесу Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектепте 11 сынып жетекшілері Эльмира Медеубаева мен Ақерке Қойбағарованың ұйымдастыруымен өтті. «Болашаққа апарар жол» деп аталған кешке мамандық таңдау, еңбек жолымен бөлісу мақсатында «Қармақшы құс» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев, ардагер ұстаз Қарлығаш Ермағанбетова, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, жеке кәсіпкер Гүлшара Таласқызы, ауылдық амбулаториялық емханасының бас дәрігері Ақбота Жакенова қатысып, түлектерге ақылкеңесін берді.
Меценат, аудандағы күріш өндірісімен айналысып отырған «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Н.Тұрғанбекұлы қарашада қосымша тағы бір жаңа кәсіпорын – жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қосып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Ол өз сөзінде ауыл шаруашылық елдің асыраушы саласы, экономиканың негізгі көзінің бірі екенін айта келе, жастарға бүгінгі таңда осы салада жетпей жатқан мамандықтар түрін атады. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары өндіріске ауадай қажет екенін, ол мамандықпен бітірген жастың келешекте жұмыссыз қалмайтынын және оның еңбекақысының төмен болмайтынын да ескертіп өтті.
Іс-шарада білім саласының ардагері Қарлығаш Ермағанбетова да түлектерге мұғалім мамандығының жауапкершілігінің жоғары болатынын, ұстаздықтың қыры мен сыры тереңде екенін құлаққа салды. Кештің келесі қонағы кәсіпті 4 құты сүт сатып бастап, бүгінде әлеуетті кәсіпкерге айналған Гүлшара Таласқызы кәсіпкерліктегі еңбек жолын баяндап, оқушыларға қызықты етіп әңгімелеп берді.
Сонымен қатар аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Жаудатбекқызы, ауылдық амбулаториялық емханасының бас дәрігері Ақбота Жакенова, аудандық агроколледж оқытушысы Әзиз Дүкенбай мамандық таңдауға байланысты ойларымен бөлісті.
Кездесу қорытындысында мектеп директоры Бақытбек Алмағанбетов өткен жылғы мектеп оқушыларының жетістіктеріне тоқтап, биылғы оқу жылында бітіргелі отырған жас түлектерге сәттілік тіледі.
«Өткен оқу жылы мектебіміз үшін табысты болды. Мектеп бітірген 14 түлектің 13-і мемлекеттік грант иегері атанды. Оның ішінде 3 оқушы үздікке бітіріп, «Алтын белгі», 1 түлек «Үздік аттестат» иеленді. Олар қазіргі кезде Ақтөбе, Павлодар, Тараз қалаларында білім алуда. Осының барлығы білім беруден жалықпаған ұстаздар еңбегінің жанғаны және ата-ана мен мектептің тығыз байланыста жұмыс жасағандарының нәтижесі. Биылғы түлектеріміз де үмітімізді ақтайды деп сенеміз» деді ол сөзін түйіндей келе.
Сондай-ақ мектеп директорының орынбасары Ботакөз Абдуллаева да шәкірттеріне жылы лебізін білдіріп, алдағы уақытта тестілеу сынағына дайындықты күшейту керек екеніне басымдық берді.
Кештен байқағанымыз – түлектер таңдауларын жасап қойған. Дәрігер, IT, ағылшын тілі маманы, психолог, әлеуметтік педагог және басқасы болғысы келеді. Шынымен де мамандық таңдауға жауапты қарамаса, дұрыс таңдалмаған мамандық ертеңгі күні еліміздегі жұмыссыздық санын көбейтуге сеп болары сөзсіз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК