» » ӨШПЕС ЕРЛІК ӨНЕГЕСІ

ӨШПЕС ЕРЛІК ӨНЕГЕСІ

«Жеңіс күні» деген сөзді естігенде әрқайсысымыздың жүрегімізді ерекше бір қуаныш сезімі кернейді. Жеңістің арқасында бүгінгі буын мамыражай, бейбітшілік заманда өмір сүріп жатыр. Биыл Жеңіске 79 жыл толып отыр. Дүйім елге жақсылық пен берекесін қоса әкелген Жеңіс мерекесіне орай қан майдан ортасынан оралған жауынгер аталарымыз туралы бүгінгі жас ұрпақ біліп өссін деген ниетте марқұм атам, соғыс ардагері Жұматай Мұстафаев туралы сыр шертпекпін.
Майданда ерлік көрсеткен ардагер атамыз тоқсан бір жасқа келіп, дүниеден озды. Ол сонау 1925 жылы 24 сәуірде қасиетті Қармақшы топырағында қарапайым шаруа Әбу ақсақалдың отбасында дүниеге келген. Ес білгеннен еңбекке араласқан. Соғысқа өзі сұранып, әскер қатарына алынады. 1943 жылдың сәуірінде облыстан бір эшелон адам жинақталып, Қиыр Шығыстан Жапон еліне жіберіледі. Алдымен оларды Қытай елімен шекаралас Матцевская деген стансасында әскери жаттығудан өткізіп, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгертеді. «Мен Герман соғысында болған жоқпын, Жапониямен соғыста болдым» деуші еді атам. Жапондарға қарсы тайталасқан жауынгер атамыз No94 дивизия, 9-полкінің 2-ротасында әскери өмірді бастан кешіреді. Жапондардың шабуылынан қорғану үшін қақаған қыста дамылсыз күзетте болып, 1945 жылы 8 тамызда Хайдар деген қаланың бекініс қорғанына шабуыл жасайды. 18 тамызда жапон әскері жеңіліске ұшырап, қаланы өздеріне бағындырады. Осы он күн ішінде небір қиыншылықты, өмір мен өлім арасындағы жанталасты талай көреді. Полк басшысы Горшков, екі қазақ азаматы Б.Үкібаев пен Т.Тоқташов та осы жапондарға тойтарыс беру кезінде қаза болыпты. – Жапондар ақ жалауын көтеріп, берілгеннен кейін бөлімшеге қайтқан бізді қайтыс болған жауынгерлерді жерлеуге жіберді. Ұзын саны 1500-дей қайтыс болған сарбазды Нудахан деген деревняда жерледік. Әр жауынгердің басына жезден тақта жасап, оған жауынгердің аты-жөні мен туған, қайтыс болған жылдарын ойып жазып қалдырдық. Туған жерінен бір уыс топырақ бұйырмаған қаншама жауынгер қалды ғой алыста, – деп ардагер атамыз сонау сұрапыл жылдарды еске түсіріп, күрсініп айтып отыратын.
Соғыс біткеннен кейін де бас қолбасшы Сталиннің бұйрығымен 1925 жылы туған сержанттарды ерекше жағдаймен әскерге қалдырады. Содан кейін Иркутскіде, Нижний Удинскіде жауынгерлік борышын өтеу мақсатында әртүрлі жұмысқа жіберіледі. 1950 жылдың маусымында елге оралғаннан кейін Жосалыдағы әуежайда мотор жөндеуші болып жұмыс істейді. 1956-1958 жылдар аралығында Төретамдағы электр стансасында машинист болса, 1958-1964 жылдары No25697 әскери бөлімінде электрик, 1964-1980 жылдарда No74510 әскери бөлімінде слесарь болып жұмыс істеп, кейін зейнеткерлікке шығады.
Ардагер атамыз сол сұрапыл соғыста көрсеткен ерлігі үшін I дәрежелі Отан соғысы ордені және «Соғыс ардагері», 1941-1945 жылдағы «Ұлы Отан соғысына» 20, 30, 40, 50, 60 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталды. Кеңес Одағының маршалы Г.Жуковтың медальдарымен мадақталды. Аяулы әкелерін, асқар таудай аталарын балалары мен немерелері ешқашан ұмытпайды. Майдангер атамыз Пәмен әже екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде солардан тараған немере-шөбересі қанатын кеңге жайған қарашаңырақта атамыздың көзіндей әжемізді жас баладай мәпелеп, бағып отырған жайымыз бар.
Отан үшін, Жеңіс үшін, бейбітшілік үшін жан аямай күрескен ардагер аталарымыздың ерлік істерін ұрпақтары әрдайым мақтан тұта отырып, жадымызда мәңгі сақталып қала бермек.
Айгүл ҚАНИБЕКҚЫЗЫ,
келіні
08 мамыр 2024 ж. 376 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 338

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 422

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930