Қоғам жұмысының басты тірегі
Аудандық Жыраулар үйінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Қоғам жұмысының басты тірегі – бастауыш ұйым» атты аудандық байқау өткізілді.
Екі жылда бір рет өткізілетін бұл байқаудың басты мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оның қолданыс аясын кеңейту және халықтың қазақ тіліне деген құрметін күшейту, рухани қуатын, тәрбиелік рөлін кеңінен насихаттау және әрбір мекемеде «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жандандыру, жүйелік құрылымдарын жетілдіру мен олардың белсенділігін арттыру талаптары бойынша атқарылған жұмыстарды көрсету. Бұл додаға 9 мекемеден «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымдарының төрағалары қатысты.
Мәні мен маңызы мол байқаудың алғы сөзі аудандық филиалдың төрағасы Гүлжауһар Төлегенқызына беріліп, ол бұл сайыстың көздеген мақсатын, күтілер нәтижесін атап өтті.
– Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 1989 жылы құрылғаны баршаңызға белгілі. Біздің аудандағы қоғамның бастауыш ұйымдары өз жұмысын Жарғыға сәйкес қазақ тілін, сондай-ақ халқымыздың мәдениетін, әдебиетін, тарихын оқып-үйрену, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтай отырып, оны одан әрі дамыту бағытында ұйымдастырып, мүмкіндігінше қолдан келген шараларды іске асырып келеді. Бізде өз қызметімен қатар қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген мамандар жетерлік. Солардың бір парасы осы бастауыш ұйымның жауапкершілігін арқалап, жүгін көтеріп жүрген жандар дер едім. Ұлттың рухын көтеретін, өзіміздің ұлттық намысымызды жандыратын және сол тілге қалтқысыз қызмет ететін «Қазақ тілі» қоғамының басы-қасында жүрген әрбір ұйым мүшесінің еңбегі ерекше. Біз осы байқауға 27 ұйымның жұмысынан іріктеліп шыққан мықтыларды таңдап отырмыз. Бұл сайысты өткізудегі мақсат – бастауыш ұйымдардың белсенді жұмыс жасауына қол жеткізу, – деді Гүлжауһар Төлегенқызы.
Сондай-ақ аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Исмайл Сейілханұлы «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының қазақ тілінің мәртебесін көтерудегі жасап келе жатқан жұмыстарына алғыс білдіріп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға облыстық тілдерді оқыту орталығының аудандағы мемлекеттік тіл оқытушысы, «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының алқа мүшесі Гүлжанат Дүзенова төрағалық етсе, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Бауыржан Қайрбаев қазылар алқасының құрамында болды. Сайыс шартына сай қатысушылардың өз жұмыстарын баяндауда білім деңгейі, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау бағытындағы жұмыстары, сөйлеу мәнері, сөз саптауы, пікірін жеткізе білуі, сахна мәдениетін сақтауына баса мән берілді. Сондай-ақ ұйымның істер номенклатурасына сәйкес құжаттарының болуы, мемлекеттік тіл мен тіл саясатына байланысты қабылдаған құжаттар, өткізілген жиналыстың хаттамалары, анықтамалары, баяндамалары, хабарламалары, ұйымның жұмыс жоспары, бекітілген бағдарламалары мен іс-шаралары, өткізілген шаралардың құжаттары, түрлі түсірілімдері, мекемедегі мемлекеттік тілге арналған көрнекіліктер, стендтер, бұрыштар, тілге байланысты газеттерге жазылу жайы есепке алынды. Барлық қатысушының есебі тыңдалып, жұмысы таныстырылған соң, әділқазылар алқасы тиісті қорытынды шығарды. Нәтижесінде No199 мектептің мұғалімі, «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымының төрайымы Ақмарал Өсербаева үздік деп танылып, өзге қатысушылар жүлделі орындарды қанжығасына байла- ды.
Барлық қатысушылар аудандық филиалдың Алғыс хаты мен бағалы сыйлыққа ие болды.
Тағы бір айта кетерлігі, қатысушылардың бірі аудандық филиал қорына жұмыс жоспарына сай өткізілген іс-шара барысында дайындалған шегеге жіппен тоқылған Абай бейнесін тарту етті. Ерекше форматтағы қолөнер жұмысы көпті таңғалдырды.
Байқауды қорытындылаған «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Төлегенқызы осы байқаудың өткізілуіне атсалысқан барлық тіл жанашырына алғысын білдірді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ