» » Қатер сейіле бастады

Қатер сейіле бастады

Фото: ТЖМ
Өңірде тасқын судың беті қайта бастады. Облыстық жедел штабтың мәліметінше, Әйет өзенінің деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Қарасу ауданындағы Тінтуір, Құндызды, Қара­су өзендерінің деңгейі тәулік ішінде 17 см-ден 127 см-ге дейін түскен. Торғай, Дәмді , Қабырға өзендері әлі тасып жатыр.
Су басу қаупі сейіле қоймаған Тобыл, Тінтуір өзендерінің бойын­дағы елді мекендердің ахуалын жедел штаб жіті бақылап отыр. Облыс орталығына Тобыл өзені арқылы кіретін үш көпірдің екеуі жабық тұр. Су тасқынының салдарынан 24 жол жабылып еді, облыстық жедел штаб 9 жолдың бойында көлік қозғалысы қайта жанданғанын хабарлады. Қалған жолдарды қалпына келтіру жұ­мыстары жүріп жатыр.
«Тобыл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі және елді мекендерді су басу қаупіне байланысты өткен демалыс күндері бар күш Қостанай қаласы мен Қостанай ауданына жұмылдырылды. Осы ретте еріген қар суының ағысын басқа арнаға бұру үшін арық дайындау, инертті материалдар салынған қаптарды төсеу, су сору, жағалауларды нығайту сияқты жұмыстар жүзеге асырылды. Су тасқыны кезеңінде шамамен 774 822 мың текше метр еріген қар суы сорылып, 74 299 мыңнан аса қап,  7 265 тонна инертті материал төселді», деп хабарлады облыстық жедел штаб өкілдері.
Федоров, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Әулиекөл, Б.Майлин, Қостанай аудандарында да ері­ген қар суын сору, қап төсеу жұ­мыстары жүріп жатыр. Б.Май­лин ауданына қарасты Әйет және Николаев ауылдарының, Тор­ғай өңіріндегі бірнеше елді мекеннің тұрғындары үйіне оралды. Торғайдағы эвакуация пункттерінде жатқан Тәуіш, Көлқамыс, Аралбай елді мекендерінің тұрғындары ауылдарына тікұшақпен жеткізілді. Тентексай ауылынан төрт отбасы уақытша Жаркөл ауылында тұратын болды. Жергілікті әкімдік оларға баспана беріп, тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етіп отыр.
Торғай ауылындағы эвакуа­ция­лық пункттердегі барлығы 600-ден аса адам ауылдарына оралып, эвакуациялық орталықтар жабылған. Жергілікті билік аталған ауылдардың тұрғындарының тұрмысына қажет азық-түлік, киім-кешекті тікұшақпен жеткізіп беріп жатыр. Мұндай көмек көлік қатынасы үзілген елді мекендерге жол қалпына келгенше тұрақты түрде көрсетіледі.
Сондай-ақ өңірде су тасқыны салдарынан келген шығынды есептеу, бағалау комиссиясы жұмыс істейді. Аталған комис­сияға Жангелдин ауданы бойынша бүгінге дейін 58 өтініш келіп түскен. Мұның сыртында, тұрғындарға 50 АЕК көлемінде әлеуметтік өтемақы төленді. 8 сәуірдегі мәлімет бойын­ша 32 тұрғынға 5,9 млн теңге әлеу­меттік көмек берілген.
Су тасқынына қарсы іс-шараларға ТЖМ, ІІМ, ЖАО, Қорғаныс министрлігі және басқа да ұйымдардан барлығы 2 709 адам, 443 техника, 144 мото­помпа, 29 жүзу техникасы, 3 әуе техникасы жұмылдырылды. Волонтерлер коммуналдық қыз­мет жұмысшыларын, мем­лекеттік және құқық қорғау орган­дарының кезекші қызмет­кер­лерін ыстық тамақпен, шәймен қамтамасыз етіп жатыр.
Үлкен су қоймалары жіберіп жатқан су мөлшері де азайып келеді. Мәселен, Қаратомар су қой­масы ағызып жатқан су мөлшері секунды­на 2 200 текше метрге дейін азайды. Жоғарғы Тобыл және Желқуар су қоймаларынан жіберіліп жатқан су мөлшері де азая түсті. Қостанай қаласының шетіндегі «Шағала» жағалауынан да судың 2-3 метр кері қайтқа­нын байқауға болады. Әлжан, Заречный ауылдарында да су тұрғын үйлерден 4 метр кейін шегінген.
Қаратомар, Жоғарғы Тобыл, Желқуар су қоймаларын бақылап отырған су мамандарының айтуын­ша, су қоймаларының жағдайы қанағаттанарлық жағдайда, еш қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда «Қазгидромет» жаңбыр жауады деген болжам жасап отыр. Жауын жауса, жағдай сәл күрделенуі мүмкін. Қаратомардан шығып жатқан су мөлшері біразға дейін күрт азайып кетпейді. Өйткені су қоймасына Әйет, Тобыл өзендері мен Ресейден кіретін басқа да өзендер арқылы еріген қар суы толассыз құйылып жатыр.
«Біз 7 наурызда өңірдегі су қоймаларына 700 млн текше метр су жиналады деген болжам жасағанбыз. Алайда топырақ қабатына байланған тоңның қалыңдығы 1,5 метр болғандықтан, су жерге сіңіп үлгермей, дені су қоймаларына келіп құйылды. Мұның Орскідегі жағдаймен еш байланысы жоқ. Өйткені Тобыл-Торғай су бассейні ол дамбымен байланыспайды. Сондай-ақ ел ішінде бұл судың бәрі Ресейден келіп жатыр екен деген негізсіз әңгімелер де айтылып қалады. Иә, Тобыл мен Әйетке құятын Сынтасты, Бірсуат, Қарғалы Әйет, Аршалы Әйет өзендері Ресейден кіреді. Ол жақта да су тасқыны болып жатыр. Себебі жан-жақтан келіп қосылатын салалары көп. Оның үстіне жер бедері де бізге қарай еңістей түсетінін ескеру керек. Ресейдің бізге жақын тұрған Брединск, Котенинск су қоймаларына әрі кеткенде 700 млн текше метр су сыяды. Ал Жоғарғы Тобыл, Қаратомар су қоймаларының сыйымдылығы 1,500 млрд текше метр болады. Яғни біздің екі су қоймамызды толтыру үшін Ресейдікіндей шамамен 200 су қоймасы керек болады. Кейбір адамдар Қаратомардағы суды түгел ағызып жіберу керек еді дейді. Оны түгел ағызып жіберуге болмайды. Өйткені Жоғарғы Тобыл, Қаратомар су қоймалары Лисаков, Рудный қалаларын ком­муналдық-өндірістік сумен қам­тамасыз етіп тұр. Сондықтан біз бұл екі су қоймасын су тасқынына әзірлегенде ауа райы болжамына сүйене отырып, мейлінше көп мөлшерде су жіберу жұмыстарын жүргіздік», дейді Тобыл-Торғай инспекциясы мемлекеттік ба­қылау бөлімінің басшысы Сергей Мұқашев.
Облыс әкімінің айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бәріне біржолғы әлеуметтік төлемдер беріледі, сондай-ақ демеушілік және гуманитарлық көмек көрсетіледі. Бүгінге дейін 587 отбасыға 107,3 млн теңге төленген.
egemen.kz
10 сәуір 2024 ж. 145 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031