» » Қарғын су қапыда қалдырды

Қарғын су қапыда қалдырды

Биылғы жыл басы еліміз үшін оңай басталған жоқ. Ашығын айтқанда, табиғаттың тосын мінезімен бетпе-бет келіп, оған қарсы әрекетпен алдын алуда бас көтермей келеміз. Мәселен, қаңтар айында Алматы облысында орын алған қатты жер сілкінісінен ел-жұрт әлі күнге ес жия алмауда. Енді ғана жер дүмпуі тынышталды ма дегенде, күннің күрт жылынуынан айналаны қардың еріген суы басып, жұдырық үстіне соққы болып отыр.
Қауіп өңірімізге төнбесе де, елдің өзге аймағындағы ахуал бәрібір бізді алаңдатпай қоймады. Сол жақтағы ағайын-туысты түгендеп, олардың амандығын тілеп отырмыз қазір. Одан бөлек, кезінде Сырдың суы тасығанда қауіпке қам отыру біздер үшін үйреншікті дағдыға айналған. Бүгінде еліміздің он облысында жағдай күрделі. Олар – Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар және Абай облысы. Төтенше жағдайлар министрлігі осы аймақтарда су тасып, қауіп төндіріп тұрғанын айтады. Тіпті кей өңірде төтенше жағдай жарияланған.
Бұған дейін ауа райын болжайтын «Қазгидромет» орталығы Қазақстан аумағының 72 пайызын қар басып жатқанын айтып, республиканың он өңіріне су басу қаупі төніп тұрғанын ескерткен-ді. Синоптиктер тіпті қауіп-қатер жоғары, орташа, төмен облыстарды да атап көрсетті. Қауіптің алдын алу бойынша қар мөлшері көп жауған аймақтарда қар жинау жұмыстары жүргізілгенімен, қазір су басу деңгейі ұлғайып барады.
Мәселен, Ақтөбе қаласын кесіп өтетін Сазды өзені арнасынан тасып, көшеге су жайылуда. Ал суы тартылып қалған Елек өзеніне су құйылып, ернеуінен тасып, Кірпішті көпірі бойындағы үйлерді су басуда. Сонымен қатар осы облысқа қарасты аудан, ауылдарда тасқын күшейіп, мұндағы халықтарды эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, елді мекенге қатынайтын жолдарды су шайып, көлік қатынасы тоқтап тұр. Ал үйдің бел ортасына дейін су басқан Қостанай облысындағы бірнеше елді мекеннің тұрғындарын әуеден тікұшақпен құтқаруда. Тасыған су ірі малды жаңқадай ағызып әкетуде. Апат жүрген жерде адам шығыны да болады. Абай облысында су деңгейі көтеріліп жатқанда үш адам жоғалып кеткен. Аягөз ауданы Қарағаш ауылының екі тұрғыны Борлы өзенінен трактормен өтіп бара жатып, суға батқан. Құтқарушылар жоғалғандарды іздестіруде. Табиғи апатпен бетпе-бет келген төтеншеліктер күн-түн демей, құтқару жұмыстарын жалғастыруда.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов зардап шеккендер мемлекет назарынан тыс қалмайтынын жеткізді.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, еліміздің бірқатар өңірінде су деңгейі көтеріліп, тасқын болып жатыр. Қауіпке қарсы барлық күш жұмылдырылды. Республикалық және өңірлік жедел штабтар күні-түні жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы күштері мен құралдары, барлығы 4 мыңға жуық адам, 1300 техника су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылды. Жол қатынасы қиын жерлерде адамдар тікұшақпен эвакуацияланып жатыр. Бұл жұмыстар қауіп толық сейілгенше жалғасады. Зардап шеккендерге Үкімет пен әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі, – деді Премьер-министр.
Айта кетелік, су басу қаупі жоғары Қостанай өңіріне қызылордалық құтқарушылар көмекке жұмылдырылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары құрамында 31 жеке құрам адамы, 6 бірлік техника, 10 су сору мотопомпасы, 2 үрлемелі қайықпен Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Амангелді ауылында қардың еріген суын тарту бойынша жұмыстар жүргізуде.
Бүгінде Ақтөбе облысының ауарайының қолайсыз болуына байланысты республикалық маңызы бар М-32 «Самара Шымкент» автомобиль жолының 1240-1357 шақырымы, яғни Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейінгі аралықтағы барлық көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
31 наурыз 2024 ж. 264 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 790

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 835

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031