» » Сұраныстан қанаттанған кәсіпкер

Сұраныстан қанаттанған кәсіпкер

Қазір көп жүргізуші шетелдің осыдан бірнеше жыл бұрын шыққан көлігін мінуге ынтық. Неге десеңіз, олардың жылы төмен болғанымен, сүйегі мықты, жүріске шыдамды. Алайда уақыт өте олардың шанақ бөлшектерінің түпнұсқасы бүгінде зауыттан шықпайды. Тапқанның өзінде біреудің бөлшектелген мәшинесінен қып-қызыл ақшаға сатып алып, көлігіңізге келістіресіз. Енді бұл мәселенің де күрмеуі шешілген. Жерлесіміз Мұхамедәли Қалбаев ауданда көліктің бамперін жасап шығаруда.
Кәсіпкердің шағын цехын көрмекке теміржолдың арғы бетіндегі мекен-жайына бардық. Әрі астымыздағы темір тұлпар нағыз шетелдің ескі көлігі болғасын оған қажетті шанақ бөлшегін көрсетіп алуға сыныққа сылтау бола кетті. Цехқа айналған ескі үйдің ішінде у-шу қызу тіршілік. Ауласында жиналған түрлі маркалы көліктің бамперіне қарап мұнда жұмыстың тынымсыз жүріп жатқанын білдік. Өкінішке қарай кәсіпкердің ауылда болмауына байланысты оның туған інісі Нұржан Қажымұханұлымен кәсіп жайында тілдестік.
– Кәсіптің бұл түрін ағам Алматыға барып оқып, үйреніп келді. Ол жақта пластик бұйымдар өндіретін үлкен цех бар. Сонда біршама уақыт жұмыс істеп, қыр-сырын меңгеріп, өзіміздің ауданда жұмысты ұзатпай бастады. Ағамнан мен үйреніп, қазір тапсырыстың түр-түрін қабылдап жатырмыз. Бізге көбіне немістің «Аudi», «BMW» «Mercedes» маркалы көліктеріне бампер жасатады. Өйткені бұл көліктер бөлшегінің түпнұсқасы таптыра бермейді. Тапқанның өзінде сатушы тұтынушыға қымбатқа сатады. Сондықтан қолжетімді бағаға бізге келіп жасатады. Цехта арнайы бампердің матрицасы станокта дайындалады. Матрица дегеніміз – кәдімгі қалып. Сонда көлік бөлшегі өндіріледі, – дейді ол.

Мұхамедәли бизнес бастауға «Ауыл аманаты» бағдарламасымен үлкен көлемде несие алған. Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен енді сұранысқа ие бірнеше көлікті бөлшекпен қамту жоспарында бар. Тек тынбай еңбек ету керек. Бүгінде оның кәсібінен құлағдар болғандар сырттан да келіп тапсырыс беруде.
Нұржан жасаған жұмысының нәтижесін көрсету үшін дайын болған мерседес көлігінің бамперін және оның шикізат құрамымен таныстырды.
– Жалпы бампер жасауға қажетті шикізаттар – эпоксидті шайыр, шыны талшық, щетка, полистирол, полиуретанды көбік және донорлық бампер. Бұл заттар негізі Ресей мен Қытайдан келеді. Бір бамперді дайындау үшін екі сағат уақыт жұмсалады. Әрі қарай кепкеннен кейін артық жерлерін кесу секілді майда қол жұмыстары басталады. Бұл жасалған бампердің сапасы базарда тұрған пластикалық бамперден екі есеге мықты. Бір адамның салмағын көтереді. Әрі орташа соққыларға төтеп бере алады. Бұл шикізаттардан жалғыз бампер емес, балаларға арнап бассейн, автобокс, қайық, тағы басқа көп нәрсе жасауға болады. Егер тапсырыс болса, дайындап береміз, – дейді кәсіпкердің інісі.

Цехта басқа да көліктерге арналған матрица баршылық. Қажет десеңіз, сіз қалаған заманауи сәнді түрлері де жасалады. Тек ойыңыздағыдай көрсетіп берсеңіз болды. Бағасы да қолжетімді.
Кәсіпкердің бұл жұмысына ерлер жағы қатты қуанып қалдық. Себебі көлігінің шанағына қажетті бөлшекті таба алмай жүрген жүргізушілер қаншама?! Базарға барсаңыз, бір бампердің бағасы қалтаны қағып түсіреді. Ең бастысы, қолдау керек. Сұраныс бар жерде өнімнің сапасы да артатыны сөзсіз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
02 сәуір 2024 ж. 298 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 358

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 439

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930