Түсініспеушіліктің түбірі неде?
АПТА БАСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ РЕСЕЙ НӨМІРІН ТАҚҚАН КӨЛІКТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ЖАҒЫМСЫЗ ЖАҢАЛЫҚ ЖЕЛДЕЙ ЕСІП, ЕЛДІ ШУЛАТТЫ. «ЖОЛ ПОЛИЦИЯСЫ КӨЛІГІМІЗДІ ТАРТЫП АЛЫП, АЙЫППҰЛ ТҰРАҒЫНА ҚАМАП ЖАТЫР» ДЕГЕН ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ КЕЗ КЕЛГЕННІҢ ҚАЛТА ТЕЛЕФОНЫНДА САЙРАП ЖҮР. МҰНЫ КӨРГЕН «ОРЫС» КӨЛІГІН ТІЗГІНДЕГЕН ЖҮРГІЗУШІЛЕР «ЕНДІГІ ЖАЙЫМЫЗ НЕ БОЛМАҚ?» ДЕП ОДАН БЕТЕР ӘБІГЕРГЕ ТҮСІП, ҚАЛА ІШІНДЕ ЖҮРУДЕН ҚАЛДЫ. ТІПТІ КӨЛІГІН ҚОРАСЫНАН ШЫҒАРМАЙ ЖОЛ САҚШЫЛАРЫНАН ЖАСЫРЫП ҚОЙҒАНДАРЫ ДА КӨПТЕП КЕЗДЕСУДЕ. КЕРЕК ДЕСЕҢІЗ, ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ТАРАПЫНАН БОЛҒАН МҰНДАЙ ҚЫСЫМ ЕЛІМІЗДІҢ КЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІН КӨШЕГЕ ДЕ АЛЫП ШЫҚТЫ. МҰНДАЙ ӘРЕКЕТТІҢ АЯҚ-АСТЫ БОЛУЫНА НЕ СЕБЕП? МӘСЕЛЕНІҢ МӘН-ЖАЙЫН БІЗ ДЕ ЗЕРТТЕП КӨРГЕН ЕДІК.
Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, Ресей нөмірін таққан көліктер бұған дейін де тоқтатылып, иесіне айыппұл салынып, көліктің өзін де айып тұрағына әкету сынды жайттар жиілей түскен. Бұл әсіресе Батыс аймағы мен Қостанай облысында көп кездескен. Себебі Ресей елімен шекаралас болғандықтан шетел көліктерінің дені осында. Енді қараңыз, ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен Ресей көліктерін тексере келе Қазақстанда көрші елдің 210 мыңға жуық көлігі Ресей нөмірімен жүргені анықталып, оның 80 мыңы еш жерде тіркелмегені расталған. Ал ұрланғаны қаншама? «Даудың бұлай шығуына не себеп?» деген сауалға қайта оралатын болсақ, Ресейдегі көлік иесі мәшинесін сенімхат арқылы біздікілерге сатады, ол уақыт өткен соң есептен шығарылады. Сөйтіп олар сатылған мүлік үшін салық төлеуден жалтарады. Шекара асып келген көлік осылайша ескі нөмірмен және құжаттармен елде еркін жүреді. Ал көлікке қарық болған Қазақстан азаматтары болса елге оралған жаңа көлігін тіркеуге қоймайды. Заң бойынша мұндай көліктер жүрген жерінде тіркеуге қойылуы тиіс. Одан бөлек ұрланған, іздеу салынған автомобильдер де аз емес. Осыған орай ішкі істер органдары ресейлік нөмірлі көліктерді тексеруге кірісті.
Мәселенің екінші жағы бар демекші, мұндайда шетел көлігін тізгіндеген жүргізушілердің де айтар өз уәжі бар. Олар көлікке салынатын баж салығын арзандатуды және тіркеуге қоюға алатын қаражаттың кейде қалта көтермейтінін алға тартады. Мәселен, көліктің қозғалтқыш көлеміне, жылына байланысты 400 мыңнан бастап 6 миллион теңгеге дейінгі аралықта утилизация алымын төлейді. Мысалы, шетелден алып келген Toyota маркалы көлік 3 млн теңге тұрса, оның Қазақстандағы бағасы – 5-6 миллионға асып жығылады. Егер сондай қаражат болса шетелдің мініп тастаған қаңсығын айдағаннан одан да салоннан су жаңа көлік алған артық емес пе?
«Даудың басы Дайрабайдың ала сиыры» демекші, бізде қымбатшылық деген бар. Соның ішінде көлік бағасы шарықтау шегінде десек артық айтқандық емес. Өзге елдермен салыстырғанда баға жағынан әлдеқайда жоғарымыз. Сондықтан шекара асып астымызға тәуір тұлпар іздейтініміз де содан. Мысалы, көршілес өзбек ағайын өзге елдің ескісін жүргізгеннен гөрі отандық өнімін пайдалануды әлдеқашан жолға қойған. Себебі су жаңа көліктің бағасын нарық бағасына келтіріп, халыққа қолжетімді еткен. Ал Армения мен Ресей жылы көнерген көлігін арзан бағада сатып, ескі-құсқысынан бір тазарып қалды. Ал біздің елде де неге солай етпеске? Танымал автожурналист Олжас Оқас Қазақстандағы көліктің қымбаттауының себебі – теңгенің әлсіздігі екенін айтады. «Кезінде 15 мың доллар тұрған көліктер әлі 15 мың доллар тұрады. Дүние қымбаттап жатқан жоқ, керісінше біз кедейленіп бара жатырмыз. Бізде автоөндіруші мен сатып алушыны ынталандыратын мемлекеттік субсидияланған автонесиенің жоқтығы. 4 процентпен несие алуға болады. Оны алу да оңай емес, бірақ жақсы бағдарлама. Тек дұрыс жолға қойылмаған» дейді ол. Мұнымен не айтпақпыз? Біздегі салонда тұрған көлікті несиеге алған жағдайда оны жоғары процентпен төлеп, 6-7 жылда екі есе қылып қайтарамыз. Ол несиені төлейміз дегенше көлік те ескіреді.
Сайып келгенде өзіміздің отандық өнім қолжетімді болғанда бәлкім өзгенің ескі көлігін алмас па едік? Осылайша екі есе шығынға ұшырап, дәл қазіргі елде болып жатқан түсініспеушілік жағдайға тап болмасымыз анық қой. Ал, сіз қалай ойлайсыз?
Ерсін СӘДУҰЛЫ