» » Қуаныштың көз жасы немесе 50 жылдан кейінгі жүздесу

Қуаныштың көз жасы немесе 50 жылдан кейінгі жүздесу

Өмірдің ой-шұқыры көп. Кейде мұңаясың, кейде қуанасың. Алдыңда не тұрғанын білмейсің? Әрине осылай болсын деп ешкім қолдан тағдыр жасамайды. Басқа не салады, пенденің соған көнетін де кезі аз болмайды. Біздің кейіпкеріміз де осыдан 50 жыл бұрын нағашысынан көз жазып қаламын деп еш ойламаған еді.
Жосалы кентінің тұрғыны, еңбек ардагері Тынышкүл Еленова 18 жасында Амангелді есімді жігітпен бас қосып, шаңырақ көтереді. Екеуінің ортасында үйелмелі-сүйелмелі 7 бала дүниеге келіп, ерлі-зайыптылар бақытты өмір сүреді. Көпбалалы ана Марал баба (ишан) әулетінің өнегелі аналарының бірі. Жасы 80-ге келіп отыр. Түрлі салада абыройлы еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан оның ауданның құрылыс, астық қабылдау бекеті секілді мекеме ұжымдарында қолтаңбасы қалған. Бір уақыттары малшы, аспазшы болып та жұмыс істеп, жан жарының жанына жалау бола білген. Ардақты жан – бүгінде өңірінен өрбіген ұрпағының ортасында отырған аяулы ана, асыл әже. Әулетінің жол бастар ақылманы, мейірбан жанашыры.
Міне айтпағымыз да осы жерден тін тартпақ. Тынышкүл Оспанқызының отбасында көптен күткен қуаныш. Оның себебі де жоқ емес. Сонау Ресей шекарасын артқа тастап, бірнеше мың шақырым жол жүріп туған нағашысының балалары 50 жылдан соң іздеп келіп жатыр. Сол тойдың біз де қонағы ретінде қатысып, жағымды жаңалықтың куәсі болған едік.
– Іздеп келіп жатқандар – менің жалғыз нағашым Әлдебайдың қыздары, яғни анамның бір түйір інісінің балалары. Ата-анадан екеуі ғана болған. Нағашымның 8 ұл-қызы болса, солардан қазір 3 қызы тірі. Қалғаны дүниеден өткен. Соңғы рет нағашыммен 1972 жылы жүздескенбіз. Содан беріде кездескен емеспіз. Анам ауырып жатқанда келіншегі Гүлзирамен бірге келіп, әпкесінің жағдайын сұрап кеткен. Ойымда жүретін, іздеймін, ба- рамын деймін, ақыры бара алмадым тіршілік, бала-шаға деп жүріп. Енді өздері келіп жатыр. Мұнан артық қуаныш болар ма? – дейді анамыз дауысы бұзылып, көзіне жас іркіле.
Әрі қарай кемсеңдей аз-кем өмір тарихына жүгінді.
«Шешем – Торғайдың қызы. Ертеректе нағашы атам (малы көп болса керек) Сыр өңіріне қыстайды екен. Атам қызын, менің анамды 14 жасында Кәрібай дегенге ұзатып береді. Ол кісіден 4 балалы болыпты. 1929 жылы Кәрібай әкеміз өмірден өтеді де, артынша 4 баласы да (сол кезде елде жаппай белең алған) қызылша ауруынан бірінен соң бірі қайтыс болады. Елен әкемнің сонда төрт қора ағашы, төрт үйі бар екен. Сол төрт үйде шешем жалғыз өзі 4 жыл отырады. Өзің білесің, бұл қайғы-қасірет анама оңай болды деп айта алмаймын. Сол мезетте менің әкем, Еленнің баласы, қайынінісі Тәшкеннен келеді. Сол кісіге қосылып, Қармақшы ауылының бер жағындағы «Андрейдің буткасы» деген жерде екеуі бірге теміржолда жұмыс істейді. Кейін бері қарата Анакөл разъезіне көшіп келді. Әке-шешеміз өмірден өткенше сонда қоныстанды» дейді кейуана тағы бір сәт көңілі босап.
Бір айтарлығы, Тынышкүл апаның да ұл-қыздары Ресей жақта осындай туысқандарының барынан хабардар, әрі іздеп те тұрған. Бірақ оң нәтиже бермеген.
– Смағұлдың (Қауысов) әкесін «Даде» дейтін едік. Сол әкесінің Қостанайда жиені бар еді. Руы – Уақ. Сол кісінің 2 баласы бар. Бірі – Аманқарағайда, бірі – Қостанайда тұрады. Кішісінің 2 ұлының үлкені Оразмамат та, екіншісі Қабиболла. Бізге нағашым Әлдебайдың қыздарын Қабиболла ағайындарға сұрау салып, 3 күнде тауып берді. Қызым Гүлзинат қостанайлықтармен жақсы араласады. Бабаның атында өтетін іс-шараларға қатысып келеді. Мен жасы келген адаммын, сыртқа шыға бермеймін. Осы қызым бірден хабарласып, анық-қанығын білді ғой.
Нағашым Ресейге қалай кетіп жүр деген сауал туатыны анық. Әуеліде анасымен жылыстап-жылыстап Орскіге барған. Оның Адамовский деген ауданы бар. Сонда отырғанда қойма меңгерушісі болып жұмыс істейді. Жұмыс істеп жүрген жерінен «бір уыс би- дай ұрладың» деп жала жабылып, 25 жылға үкім кеседі. Жаңадан үйленген атпалдай жігіттің қолында анасы мен қызы болады. Кетерінде әйелі Бағилаға «25 жыл түрмеде отырамын. Шешеме, қызым Жақсыбикеге дұрыстап қара» деп аманат етеді. 10 жылдан соң түрмеге кездесуге барған әйеліне «Мен тірі шығамын ба, өлі шығамын ба, білмеймін. Саған тұрмыс құрамын десең, рұқсатымды бердім. Мен ырзамын. Бірақ шешем мен баламды бағасың» деп тілегін білдіріпті. Арада 6 ай өткен соң, нағашымыз рақымшылықпен босап үйіне келгенде келіншегі екіқабат. Үйінің қасында біреуге тиген екен. Қайтып жар етіп аламын десе де, әйел көнбей «Енді біздер жараспаймыз, болмайды» деп қайта қосылудан бас тартады жеңгеміз. Аулада қызы ойнап жүрсе керек, «Жақсыбике, анаңда қаласың ба, әлде маған ересің бе?» дегенде әкесінің қолынан ұстаған күйі еріп кете беріпті. Сөйтіп, анасы мен қызын алып, кейін келе ағамыз қайтып жаңа отбасын құрып, екінші жеңгеміз Гүлзирамен бас құрайды. Сол үлкен қыз Әлдебай нағашымның екінші некедегі ұл-қыздарымен бірге тел өсті. 8 ұл-қыздан бүгінде Жақсыбике, Рысбике, Бақтыбике, Қонысбай, Аманбайлар дүниеден озса, Ұлмекен, Күлжан, Балжан есімді қыздары шүкір аман-есендікте. Ұлмекен денсаулығына орай келе алмаса, Күлжан, Балжанмен жарты ғасыр дегенде көрісіп, қауышып жатырмыз. Бәрі балалы-шағалы, өскен-өнген жандар. Алғашқы хабарды естігеннен-ақ жүрегіміз аузымызға тығылып, жарыла қуандық. Бұған дейін де іздеп отырдық. Дегенмен, таба алмаған едік. Бұйырса енді бір-бірімізден айырылмаймыз. Мен бара алмасам да балалар барады. Құдай қаласа, өздері де қатынап тұрады, – дейді көз жасына ерік берген анамыз.
Бүгінде Қонысбайдың жары бала-шағасымен Бредодағы қарашаңырақтың түтінін түтетіп отырған көрінеді. Әлдебай ағамыз сотталып келген соң Челябо облысы Бредо ауданына тұрақтаған. Сан тарау жол, қилы тағдыр. Иә, істі болған адамды кім жанына жақын тұтсын. Темір тордан босап келгесін мал шаруашылығымен айналысқан. Еңбегінің арқасында атақты шопан және депутат дәрежесіне дейін көтерілген. Қыздарының айтуынша, әкелерін Кеңес үкіметі «Ленин» орденіне ұсынғанда соттылығы үшін марапат иесін таппапты.
Қоса кетерлігі, әпкелі-інілі бауырлар отбасын құрғаннан кейін 3-4 мәрте ғана көріскен. Соңғы көріскендері 1972 жыл екен.
Қыздар деп отырғанымыз – Күлжан мен Балжан Әлдебайқызы. Педагогикалық білім алған. Бірі – кәсіпкер болса, бірі – Тәжікстанда ашылған орыс мектебінде келісім-шарт негізінде ұстаздық етіп жүр. Олардың да өз айтары бар.
– Біз Қазақстанда әкеміздің әпкесі бар екенін кішкентайымыздан білетінбіз. Жазу солай болды ма, әйтеуір туыстарымыздан ажырап қалдық. Бәлки оған әкеміздің ұзақ жылдар бойы ауырғаны да себеп болған болар. Анамыз да, әкеміз де өмірден өткен. Дегенмен, ағаларымызға туыстарымызды тауып алайықшы деп жиі айтатын едік. Үйде әкеміздің шағын жәшігінде әпкесінің мекен-жайы жазылған хаттары сақталатын. Бірақ сол жәшік жоғалып кетіп, адрес те сонымен бірге кетті. Осылайша арадағы хат-хабар үзілді. Іздегіміз келгенімен, бұл кісілердің атын, не фамилиясын білмейміз. Тек қана Қызылорда облысынан екенін білетінбіз. Бар мәліметіміз осы болды. Әйтпесе, осы кезге дейін қатынасып, арқа-жарқа болып араласып отырушы едік қой. Енді ажырамаймыз, – дейді әпкелі-сіңлілер жүздерінен қуаныш сезімі есіп.
Қандас бауырларымыз бір апталық сапарларында туған жердің қонақжайлылығына риза болып ауылдарына аттанысты. Қорқыт ата секілді тарихи орынға зиярат етті. Ата-баба рухына арналып оқылған Құранға қол жайды. Орыс жерінде өскенімен жеті атасын жатқа біліп, қазақы рухты сақтағаны бізді де бейжай қалдырмады. Жарты ғасырлық сағыныштан соң, енді Ресей мен Қазақстанның ортасында жорға да, дорба да қатынамақ. Бауырлардың елге қайтарында бір-бірін қимай қоштасқандарына қарап осындай шешімге еріксіз келеді екенсің.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
30 наурыз 2024 ж. 559 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 360

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 440

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930