» » Білікті маман, ардақты ана

Білікті маман, ардақты ана

Кәсіпорын мен мекемелерде жұмыстың жүйелі жүзеге асып, қызметкердің өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруына кадр жөніндегі бөлімнің ықпалы айрықша. Бір қарағанда қарапайым қызмет деп көруіңіз мүмкін. Әйтсе де бұл жұмыста бірінші кезекте жауапкершілік маңызды. Себебі жұмыстың негізгі көзі құжаттармен тікелей байланысты. Сондай жауапты жұмысты атқарып жүрген жанның бірі – Нұрсәуле Дәуменова.
Ол – Аралдың тумасы. Ата-анасы медицина саласынан алыс емес. Әкесі Тілектес рентгенолог болып ұзақ жыл қызмет етсе, анасы Алма перзентханада акушерка болып 25 жыл бір орында табан тіреп еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан. Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде білім алған жас ол ауданға белгілі, үлгілі отбасылардың бірі – Дәуменовтар әулетінің келіні атанады. Жарылқасын Қоңырбайұлы есімді жігітке тұрмысқа шығып, бүгінде көпбалалы отбасы атанып, күміс алқа тағынып отыр.
Білікті маманның негізгі мамандығы – мұғалім. Осылайша бірнеше жыл баланың білім нәрімен сусындауына ерекше үлес қосады. Алғашқы еңбек жолы Қызылорда қаласында No9 мектепте математика пәнінің мұғалімі болуымен басталады. Одан кейін Ақжар ауылындағы No28 мектептің математика және физика пәнінің мұғалімі болумен жалғасады. Ал 2008-2014 жылдар аралығында аудандық емхананың кадр жөніндегі инспекторы қызметіне келеді. Алғыр да ізденімпаз маман осылайша оң тәжірибе жинақтады. Міне, қазір 10 жылға жуық уақыт ішінде аудандық ауруханасының кадр бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
– Кадр маманының құзырына қызметкерді жұмыс орнына қабылдау, ауыстыру, жұмыстан босату кіреді. Сонымен қатар ішкі кадрлық саясатын жүзеге асыру, қызметкердің құжаттарын қабылдау, жаңа құжаттаманы құру, осы секілді талаптарға сай жұмыс атқарамыз, – дейді Нұрсәуле Тілектесқызы.
Кадр бөлімі бұл – кәсіпорындағы негізгі мамандық. Білікті маманның саладағы еңбегі де елеусіз қалған емес. Облыс әкімі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталып, бірнеше рет аудандық аурухананың кәсіподағы ұйымының мақтау қағазы мен аудан әкімінің Алғыс хатын иеленген.
Біздің кейіпкеріміз қызметтегі жұмысынан бөлек, шаңырағының да шаттығын бөлеп отырған аяулы жан. Өмірлік жары Жарылқасынның жеке кәсібі бар. Сонымен қатар мал шаруашылығымен де айналысады. Жолдасының кәсібіне қолдауын аямайтын көрінеді.
– Барлық істі ұйыстыру үшін ең алдымен уақытты тиімді пайдалану керек. Таңмен тұрып, тіршілігімізге кірісеміз. Жұмысқа да үлгеру қажет. Балалардың сабағы да бар. Жалпы әйел заты қалауын тапса, барлығының да сәнін кіргізе алады. Жолдасым екеуміздің басты мақсатымыз – балаларға жақсы тәрбие беру. Олардың лайықты білім алып, саналы азамат ретінде қоғамға қосу. Тұңғышымыз Арайлым Алматыдағы Қыздар педагогика университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша 2-курста оқыса, одан кейінгі ұлымыз Рахман Қызылорда қаласында «Болашақ» жоғары колледжінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығында оқиды. Студент болған екі баламыз да грантқа оқуға түсті. Айзере, Рахат би, Рыскүлім мектепте білім алса, кіші қызым Айназым балабақшада тәрбиеленуде, – дейді ол.
Өз ісінің білгір маманы қай кезде де сұраныста болады. Өйткені ол елдің дамуына үлес қосатын қозғаушы күш.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
25 наурыз 2024 ж. 702 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 363

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 442

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930