» » Көнермейтін құндылық

Көнермейтін құндылық

«Асық ату» – қазақ халқының ежелден өте кең тараған ұлттық ойын түрінің бірі. Этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз. Ұлттық ойындар көбінесе әр халықтың әлеуметтік- экономикалық жағдайына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының дені табиғи заттармен ойнауға негізделген. Тіршілігі мал шаруашылығы болғандықтан, ұлттық ойындары да осыған икемделген.
Әсіресе қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Қазіргі таңда асық ойындары тек қана қазақ халқына ғана таныс ойын түрі емес. Бұл ойынды Орта Азия халықтары, оның ішінде қырғыз, өзбек, тәжік ұлттары да әлі күнге дейін ойнайды. Асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Баланы асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Ол әрбір жас баланың намысын қайрап, жеңіске деген талпынысын арттырады. Жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді және ойында үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу – жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады. Асық – төрт түлік малдың асық жілігінен алынады. Оның түрлері көп. Атап айтқанда, сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық серкеден немесе қошқар-текеден алынады. Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықтар. Шүкейт – жас малдың асығы. Қойлық – қойдың асығы. Ешкімек – ешкінің асығы. Құлжа – құлжаның асығы. Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық. Топай – сиырдың асығы, тағы басқа болып жалғаса береді. Атауларына келсек, алшы – асықтың тәйкеге қарама-қарсы жағы, яғни алшы тұруы. Тәйке – асықтың алшыға қарама-қарсы жағы. Бүге – асықтың дөңес жағының жоғары қарап түсуі. Шіге – асықтың қуыс жағының жоғары қарап түсуі және әрі қарай омпы, шоңқай деп жалғасады Асықты дөңгелек шеңбер сызып ойнайды.
Ертеде ата-бабаларымыз асық ойынын балаларына жас кезінен бастап үйрете бастаған. Тіпті сәби дүниеге келмей жатқанда, жас нәрестенің ойнайтын асықтарын жинаған. Мысалға менің әкем немересі дүниеге келмей жатып, ырымдап асық жинап бастады. Бала кезімізден соны көріп өстік. Өзіміз ержетіп отбасы болған соң, бірінші баламыз қыз бала болып, содан бастап мен де әкемнен көргенімді істеп, ырымдап асық жинап бастадым. Той-томалақ, көпшілік орындарға барғанымда асық жілікті қарап отыратын болдым. Дереу асығын алып, жұмсақ қағазға орап қалтама салатынмын. Үйге келе сала жуып, жинап жүрген асықтарыма қосып, салып қоятынмын. Солай асықтар жинала бастады. Шамамен елуге жетіп қалды. Қазір екі атқамінер баламыз бар. Балалар сол жинаған асығыммен ойнап жүр. Әлі де асық жинайтын әдетіміз қалмады. Ал әкемнің немересіне жинаған асығымен барлық ер немерелері ойнап, сол немерелері ержетіп, алды қызмет жасайды. Енді әкем асықтарды «шөберелерім ойнасын» деп жинап отыр. Оның жинаған асықтары қазіргі таңда шамамен жүзден асады. Қарап отырсақ, атадан-немереге, немереден-шөбереге қалатын көнермейтін өзіміздің ұлттық асыл қазынамыз секілді.
Құралай АЛТАЙҚЫЗЫ
17 наурыз 2024 ж. 212 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 368

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 447

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930