Ұлттық ойындарымызды қайта жаңғырту
qarmaqshy-tany.kz Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы аса зор. Ұлттық ойындар қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен өнерінің де ешкімнен кем болмағанын байқатады. Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ұлттық ойындар атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып жатыр. Ата – бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған.
Ұлттық ойындарымызда халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі қамтылып, халықтың асыл мұрасын баланың бойына сіңіру қарастырылған. Сондай-ақ адалдық пен күштілікке ұмтылу, шыдамдылық, төзімділік, сабырлық секілді құндылықтарға мән берілу байқалады. Мұның бәрі – халық данышпандығының белгісі.
Осыған орай ауданның жас жеткіншектері арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында партияның "Ұлттық мұра" жобасы аясында сайыс өтті Аталған шарада оқушыларға ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, әдет-ғұрыптарды қайта жаңғырту мақсатында ұмыт болған ойындар ойнатылды. Негізгі мақсат – ұлттық ойындарымызды қайта жаңғыртып, жастарды телефоннан алыстатып, қимыл қозғалыс ойындарына тарту, достық қарым-қатынас, тығыз байланыс орнату. Атап айтқанда, балалық шақтағы асық ату, бес асық, ойындары үйретілді.