» » Асық ойнауды ұмытпадық па?

Асық ойнауды ұмытпадық па?

qarmaqshy-tany.kz Қазақ халқының өзіне тән дәстүрі мен мәдениеті бар. Ұмыт болып бара жатқаны да қаншама. Сондай ұлттық құндылығымыздың бірі – асық ойыны. Бүгінде қаланың баласы былай тұрсын, ауыл баласының асық ойнауға ниеті жоғы қоғамдық мәселелердің біріне айналды. Расында да, қазір жас жеткіншектерге асық ойна деп айта аласыз ба? Жоқ. Себебі, техниканың дамыған уақытында аулада ойнап, әңгіме-дүкен құрған балаларды көрмейсің. Виртуалды әлемде, қолында «айфон», құлағында құлаққап, ойнағаны батыстың қан-төгіс ойындары. Олар таң атқаннан күн батқанға дейін қалтафонға телміруінен балалық шақтың қызығынан ада қалып жатқанын ойламайды да. Ата-анасы баласының денсаулығынан айырылып, ішкі рухани жағынан өзгеріп бара жатқанын білсе де, дәрменсіздік таныта алмайтын дәрежеге жеткендей. Рухани құлдыраған ұлттық құндылығымыздың жай-күйі бізді де алаңдатпай қоймады. Әлеуметтік желіде «балаңыз асық ойнап жүр ме?» деп сауал қойған болатынбыз. Біз сауал қойған оқырмандарымыздың көпшілігі асық ойыны ұмыт қалып бара жатқанын алға тартады.  Басым көпшілігі баласының ойнамайтынын, асық ескірген ойын екенін және қызықпайтынын айтып өзара қызу талқыға түсті. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, баланың рухани жан дүниесін байыту ата-ананың парызы. Сондықтан ұлттық тәрбиені ұрпақ бойына сіңіруде бей-жайлылық танытпаған абзал.
Асық ойнаудың бала үшін берер пайдасы көп. Ең алдымен жүйке жүйесі дұрыс қалыптасып, ой өрісін кеңейтеді. Мінезін байсалдылыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Қимыл-қозғалысын дәлдікке, есептікке ептейді. Асық ойнап қозғалыста жүрген баланың аяқ-қолы серпіледі. Айта берсе, көп-ақ. Денсаулықтан бөлек, асық ойыны – баланы санауға үйретеді екен. Мамандардың айтуынша, бұл ойын көздің көру қабілетін дамытады. Себебі, асықты нысанаға алғанда қан тамырларының жұмысы жақсарса, қолға ұстап иіргенде, саусақ пен алақандағы жүйке нүктелері үйкеліске түсіп, ми тынығады. Көптеген дәлелдерге көз жүгіртсек, асық ойнау нағыз спорттық ойынның бірі.
Асық ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраны қорғау үкіметаралық комитетінің 12-ші сессиясы шеңберінде Қазақ­станның дәстүрлі асық ойыны адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілген. Бүгінде Асық ойыны бойынша Ұлттық спорт федерациясы құрылған. Сонымен қатар, бұл ойын Қызылорда қаласындағы №235 орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Райхан Наукеевтің жетекшілігімен қолға алынғанына да 10 жылдан асты. Райхан ағамыз сияқты ел азаматтары оқушыларға асық ойынын үйретіп, республикалық додаларға дейін шығарып жүр. Демек, кенжелеп бара жатқан осы ұлттық спортымызға қамқорлық басталып кеткені де байқалады.
Түйін:
Күнделікті көгілдір экраннан көзімізді бұрмай, шет елдік жат ойындар ойнап, баламыздың ойлау қабілетін өзге мәдениетке бұрып жатқанымыз сізді алаңдатып көрді ме? Бір жылдары өзге елде компьютерде таңға дейін ойнаған баланың жүрегі тоқтаған болатын. Ал, қытайлық қалтафонның қызуды көтермей жарылып жатқандары қаншама. Оның адам денсаулығына зиянын теріп отырудың қажеті де жоқ. Айтпаса да белгілі. Десе де, біле тұра неге алдын ала қамданбасқа? Балаңыздың болашағы  бұлыңғыр болмасын десеңіз, оны сәби кезінен тәрбиелеген абзал. Өскелең ұрпақты пайдалы іске баулып, зиянды әдеттерден сақтау – баршамыздың міндетіміз.
 Айнұр ӘЛИ
27 желтоқсан 2022 ж. 444 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 370

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 449

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930