«Дәстүрімнің балқаймағы - әжелер»
Аудандық білім бөлімі және кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен 8 Наурыз –Халықаралық әйелдер мерекесіне орай ағымдағы жылдың 4-5 наурыз күндері, ұлттық құндылықтарымызды жастар санасына сіңіру, жас ұрпақты адамгершілікке, кішіпейілділікке, үлкенге құрмет көрсетуге тәрбиелеу, ұстаздың ұлы жолын дәріптеу мақсатында аймақтық мерекелік іс-шаралар өткізілді.
4 наурыз күні №183 орта мектеп базасында «Дәстүрімнің балқаймағы - әжелер» тақырыбында 70 жас, 75 жас, 80 жас, 85 жас, 90 жасқа келген мерейтой иелері ардагер ұстаздарымызды құттықтап, №28 орта мектеп базасында «Мен анамын ұрпағын әлдилеген» тақырыбында ұстаз аналар байқауымен жалғасын тапты. 5 наурыз күні №279 мектеп-лицейінде «Қыздарға әсемдік жарасады» тақырыбындағы сайыспен қорытындыланды.
Тағылымдық, тәрбиелік мәні зор мерекелік іс-шараларға аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Мәжитқызы арнайы қатысып, ұстаз аналарымызды мерекемен құттықтап ізгі тілегін білдірді. Жас ұрпақтың бойына үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, бірлікті, татулықты, адамгершілікті, қарапайымдылықты, адалдықты сіңіру мақсатында өткізілген кездесуде ардагерлеріміз өздерінің өнегелі өмірлерінен, тәрбиелік танымдық аңыз әңгімелерінен, өсиеттерінен үзінді айтса, аналар байқауында «Өнегелі анадан, ұлағатты ұстаздан» нақыл сөзі аясында отбасылық құндылықтарды дәріптеу, тәрбиелеу мен білім беру арқылы ұстаз мәдениеті, ұстаз бейнесі сомдалды. Қазақ қашанда қыз баласына ерекше көңіл бөлген. Қыз баласының отбасында орны ерекше. Ару қыздарымызға арналған іс-шарада қазақ қызына тән ұяңдылық, биязылық, инабаттылық көрініс тапты.
Барша ардақты асыл аналарымызды, аяулы аруларымызды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймыз! Әрқашанда шаңырақтарыңыздың берекесі болып, жүздеріңізден нұр шашып жүре беріңіздер. Сіздерге зор денсаулық пен баянды бақыт тілейміз!