ҚҰНДЫ ҚҰЖАТ сақшылары
qarmaqshy-tany.kz Заман өтеді, уақыт көшеді. Көш-көліктің артында ізі қалады. Сол ізді кейінге жеткізетін де, сақтайтын да киелі бір орын бар. Ол мұрағат деп аталады. Онда ұлттың құнды құжаттары, елдің өткен тыныс-тіршілігі, жасаған еңбегі сайрап тұрады. Біздің аудандағы осындай мұрағат мекемесі 1987 жылы құрылған.
Тарихына шегініс жасар болсақ, ол бүгінгі таңда облыстық мемлекеттік архивінің аудандық филиалы ретінде қызмет атқаруда. Ашылған жылы алғашқы басшысы болып Ж.Лекеров тағайындалса, одан кейін мекемені Ж.Бердімұратов, Ә.Ержанов, Ж.Нұржанов, Ә.Тұрғанов, Б.Дәкенов, А.Нұржанов, Қ.Досниязов секілді аға буын өкілдері басқарды. 2019 жылдан бері ұжымға Гүлжамал Іздібаева басшылық етуде.
Мекемеге бас сұққанымызда қашан көрсек те жайдары мінезімен баурап алатын Гүлжамал Ерахметқызы бұл жолы да жылы шырайда қарсы алды. Аз-кем әңгімеден соң атқарылған жұмыстарын баяндай бастады. «Аудандық архив толықтыру және әлеуетті толықтыру көзі болып табылатын 52 ұйыммен жұмыс істейді. Онда 1926 жылдан 2017 жылға дейінгі 142 қордан 36071 құжат сақталған. Оның ішінде 1926-2004 жылдарғы аудандық сотының үкім, шешімдері, 1935-1942 жылдарғы Халық Әділет Комиссариатының акт жазбалары, 1934-1992 жылдарғы аудандық атқару комитетінің, 1937-1941 жылдарғы ауданға қоныс аударған түрлі ұлт өкілінің тізімі мен Приморский партизан ұжшарынан қоныс тепкен корей халқының тізімі, қоныс аударған ұлт өкілдеріне аудан азаматтарының көмегін, достығын білдіргені туралы, ұйымдар мен кәсіпорындардың басқару-әкімшілік құжаттары сақталуда» деп сөзін әрі қарай тағы жалғай кетті.
– Одан өзге, жеке тектік қор иелері Тұрмағамбет шайырдың шәкірті Әлиакбар Жұматаевтың, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Әбдірай Бөрібайұлының, соғыс және еңбек ардагерлері Қасқыр Наметшаевтың, Шәкіман Бектібайұлының, Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекованың, І дәрежелі «Еңбек Даңқы» белгісінің иегері Милияр Арифовтың, «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Қылышбек Әбішевтің, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Қаратай Қуаңбаевтың, айтыскер-ақын, Жазушылар одағының мүшесі Қали Шыңғысовтың және басқа да ауданға еңбек сіңірген азаматтардың жеке және фото құжаттарын архив қорынан алып танысуға болады, – деді ол.
Әлбетте, ұжым қызметкерлері мекемеге қажетті құжаттарын іздеп келгендерге қашанда сұрағанын көрсетіп, бағыт-бағдар беруге даяр тұрады. Қорда сақталғандықтан әрбір құжаттың маңыздылығы жоғары екенін де олар жақсы түсінеді. Әсіресе ескі және сирек кездесетін құжаттар болғандықтан оның бүлінбей сақталуы – архив қызметкерлерінің назарындағы басты дүние. Көзге көріне бермейтін, бірақ жұмысы бастан асатын ұжым мамандарының тыңғылықты қызметі де үнемі ел алдында. Негізгі жұмыстан өзге, мұнда түрлі іс-шара өтіп, қордағы құнды құжаттар бойынша кездесу, дөңгелек үстел отырыстары өткізіліп тұрады. Ашық алаңда сала қызметкерлері мен ардагерлер, БАҚ өкілдері, мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысып, өзара пікірлерімен бөліседі. Басшылық тарапынан алғысқа бөленіп жүргендері де аз емес. Жыл қорытындысымен айтулы ұжым жоғары көрсеткіш көрсетіп, бірқатар марапатқа ие болуда. Атап айтсақ, облыстық архив мекемесінің құрылғанына 95 жыл және Архившілер күніне орай өткен «Үздік архивші» атты облыстық байқауға аудандық филиал атынан қатысқан ІІ санатты архивші, білікті маман Нұржан Аяғанов бас жүлдені жеңіп алып, аймақтағы әріптестерінен бәсі биік шықса, жаңа жыл қарсаңында тағы бір жағымды жаңалықпен толықты. Мекеме басшысы Гүлжамал Ерахметқызын сала мамандарының мерекесінде басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов Сыр елінің тарихын жинақтап, оның мұрасын қалыптастырудағы игі істері үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Оның нәтижелі жұмысына ризашылығын білдірген басқарма басшылығы әрі қарайғы да қызметіне сәттіліктер тіледі.
Г.Іздібаева Ш.Уәлиханов атындағы No26 орта мектептің түлегі. Арқалық политехникалық техникумынан «Ұйымдастырушы және архивтанушы» және Қызылорда инженер-экономикалық институтының «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша кәсіби білім алған. 1996 жылдан бастап 2019 жылға дейін аудан архивінде І санатты архивист болып жұмыс істесе, саладағы тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі ескеріліп, сол 2019 жылдан қазіргі күнге дейін филиал басшысы қызметін абыроймен алып келеді.
Ол бұған дейін де марапат төрінен көрінген. Атап айтар болсақ, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың, аудан әкімі Б.Қаюповтың, облыстық архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғ.Жарқынбаевтың, облыстық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Әлназарованың алғыс хаттарымен мадақталған.
– Қазіргі заманға сай архив саласы да өте жақсы қарқынмен дамып келеді. 2012 жылдан бастап сақтауда тұрған құжаттарды сандық форматқа жүргізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде 21 қордан, 7016 құжат, 945447 парақ сандық форматқа өткізілді. 2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі жасалып, мекемедегі сандық форматтағы құжаттарды жаңа жүйеге енгізу жұмыстары жүруде. Жалпы еңбегімізді ескерген басшылығымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ұжымға алдағы уақытта да ауызбірлік пен зор табыстар тілеймін, – дейді ол жүзінен күлкі табы сезіліп.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ