» » » «Тарихты жасайтын – халық, сақтайтын – архив»

«Тарихты жасайтын – халық, сақтайтын – архив»



ӨТКЕНІМІЗДІ КӨЗ АЛДЫМЫЗҒА КЕЛТІРІП, БОЛАШАҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН, ЕЛ ТАРИХЫН БАЙЫТАТЫН, МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ҚҰНДЫ МҰРАСЫН САҚТАЙТЫН МЕКЕМЕ ОЛ – АРХИВ. АРХИВТІҢ ЕЛ ӨМІРІНДЕ АЛАТЫН ОРНЫ ЕРЕКШЕ. «ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ ҚАРМАҚШЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ 35 ЖЫЛДАН БЕРІ ХАЛЫҚҚА САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ. МЕКЕМЕНІ ОСЫ САЛАДА ҰЗАҚ ЖЫЛДЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ БАР ГҮЛЖАМАЛ ІЗДІБАЕВА БАСҚАРАДЫ. 2020 ЖЫЛДАН БАСТАП ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА АТАП ӨТІЛЕТІН МЕРЕКЕЛІК КҮНДЕР КҮНТІЗБЕСІНДЕ ТАҒЫ БІР КҮН ПАЙДА БОЛДЫ. БҰҒАН ДЕЙІН КӘСІБИ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАМАЙТЫН МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ ҮШІН ҮКІМЕТ ҚАУЛЫСЫМЕН 22 ЖЕЛТОҚСАНДЫ «АРХИВИСТЕР КҮНІ» ЕТІП БЕКІТКЕНІ САЛА МАМАНДАРЫНА СЕРПІЛІС СЫЙЛАҒАН. ЖУЫРДА АТАЛҒАН МЕКЕМЕГЕ АТБАСЫН БҰРЫП, ОНДАҒЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАРҒА ҚҰЛАҚ ТҮРГЕН ЕДІК.
– Гүлжамал Ерахметқызы, сіз басқарып отырған ұжымды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Қандай мақсатпен, қашаннан бері 22 желтоқсан – архивис­тер күні болып бекітілді?
– Бұл күн кездейсоқ таңдалмаған. Дәл осы күні 1998 жылы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл – Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтау, сақтау, мемлекеттік есепке алу, пайдалану және республикадағы архив ісін мемлекеттік басқару саласындағы қоғамдық қа­тынастарды реттейтін егемен Қазақстан тарихындағы алғашқы заң.
– Сіздердің көрсететін қызмет түрлеріңіз қандай?
– Архив қызметкерлерінің негізгі жұмысы: архивтік анықтамалар мен құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру, мекемелердің ведомоствалық архивтерінен құжат қабылдау, есепке алу, тігіп-түптеу, шифровкалау, жыртылған, мәтіні өшкен парақтарды қайта қалпына келтіру, сұрыптап, маңызы жоғын жою, іс номенклатурасын құрастыру, жазба қағазын жазу, ғылыми-техникалық өңдеу, құжаттарды шаң-тозаңнан тазарту, мекемелер мен ұйымдарға архив ісі жөнінде әдістемелік қызмет көрсету бұл архивистердің күнделікті көзге көрінбейтін қызметі. Мұндағы 34000-нан астам құнды құжат әлеуметтік-құқықтық сипаттағы азаматтардың өтінішін қанағаттандыру үшін кеңінен пайдаланылады. Адамдарға туу туралы куәлік, мектепте білім алғаны туралы куәлік пен аттестат, еңбек өтілі, еңбек ақысы, марапаттау жөнінде, ауыл мен көше атауларының өзгеруіне байланысты анықтамалар беріледі. Сонымен бірге архивистер аудандық деңгейдегі айшықты оқиғаларға байланысты фотоқұжаттық көрмелер дайындайды, оқушылармен экскурсиялар ұйымдастырады, ғылыми-зерттеу жұмыстар жүргізеді және архив құжаттарынан мақалалар жазады.

Аудандық архивте қанша, қандай құжаттар сақталуда?
– Мекемеде 1926 жылдан 2015 жылға дейінгі 143 қордан, 34777 құжат сақталуда. Атап айтқанда 1926-2004 жылдардағы Қармақшы аудандық сотының үкім, шешімдері, 1935-1942 жылдар аралығындағы Халық Әділет Комиссариатының акт жазбалары, 1934-1992 жылдар аралығындағы Қармақшы аудандық атқару комитетінің, 1937-1941 жылдардағы Қармақшы ауданына қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің тізімдері және Приморский партизан колхозынан қоныс тепкен корей халқының тізімдері, қоныс аударған ұлт өкілдеріне аудан азаматтарының көмегі, достығын білдіргені туралы құжаттар және ауданымыздың барлық ұйымдар мен кәсіпорындарының басқару-әкімшілік құжаттары сақталуда. Сонымен қатар, жеке тектік қор иелері даңғайыр ақын Тұрмағамбеттің шәкірті Әлиакбар Жұматаев, еңбек ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Әбдірай Бөрібайұлы, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Шәкіман Бектібайұлы, Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана, еңбек ардагері Сәлима Жұмабекова, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Қасқыр Наметшаев, І дәрежелі «Еңбек Даңқы» белгісінің иегері Милияр Арифов, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Жазықбай Нұржанов, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Әбен Тоғызбаев, ең­бек ардагері, «Құрмет белгісі», «Құр­мет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Қылышбек Әбішев, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Қаратай Қуаңбаев, айтыскер ақын, Жазушылар одағының мүшесі, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Қали Шыңғысов, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Ідіріс Тұрмағанбетов, еңбек ардагері, Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі, КСРО спорт шебері Жарболсын Құндақбаев, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Серік Дәкенов, жыршы, термеші Көшеней Рүстембекұлы секілді ауданымызға еңбегі сіңген азаматтардың жеке құжаттарын, фото құжаттарын архив қорынан көруге болады.
– Қазір мекемеде қанша қызметкер бар? Сіздерде білім жетілдіру курстары бола ма?
– Шынын айту керек, архив ісімен сол салаға берілген адам ғана айналысады. Себебі, өзіңіз ойлаңыз жабық, қараңғы жерде ескі қағаздарды қопарып, тазалап және оны қалыпқа келтіріп отыру керек. Архив мекемесі 2015 жылдан бастап Жосалы кентінің орталығы, Абай көшесі, №95 екіқабатты ғимаратта орналасқан. Мекемеде 8 адам жұмыс істейді. Архивистер білім жетілдіру курстарына жиі барады. Гүлжанат Әбиева мен Зәуреш Маханбетжанова Алматы қаласында «Электронды архивті ұйымдастыру», «Архив құжаттарына ғылыми-анықтамалық ақпарат құру» атты курстардан өткен. Ал Алтынай Мешітбаева облыстық жас архивистердің байқауында «Мақсатшыл архивист» атағына ие болды және «Архив құжаттарына ғылыми-анықтамалық ақпарат құру» атты курстардан өтті. Архивист Нұржан Аяғанов биыл Нұр-Сұлтан қаласында «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі бо­йынша арнайы оқудан өтіп келді.
–Техника қарыштап дамыған заманда архив саласы да жақсы қарқынмен дамып келеді. Сіздерде құжаттарды цифрлы форматқа көшіру жұмысы қалай жүруде?
– 2013 жылдан бастап сақтауда тұрған құжаттарды жедел түрде сандық форматта жүргізу жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмысқа, яғни құжаттарды сандық форматқа ауыстыру үшін арнайы штатпен ақпараттық технологиялар инспекторы Кенже Қайратбекова жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін аудандық архивтегі 140 қордың 21 қорынан 7000-нан астам сақтау бірлігін, 945000 парағын цифрлық форматқа өткізді. Бұл жұмысқа арнайы жылдам өткізетін сканерлер беріліп, жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл дегеніміз, алдағы уақытта барлық архив құжаттары цифрлық форматта сақталады деген сөз. Тағы бір айтарлықтай жаңалық, 2020 жылдың ІV тоқсанынан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатындағы тапсырмасымен «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі жасалып, мекемедегі сандық форматтағы құжаттарды жаңа жүйеге енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бұл ақпараттық жүйе аудан әкімінің аппараты, аудандық мәслихат, Жосалы, Төретам кенті әкімі аппараттары, Қармақшы ауданы әкіміне қарасты бөлімдер және барлық ауылдық округ әкімдіктеріне, барлығы 26 мекемеге қосылды. Аталған мекемелер алдағы уақытта осы ақпараттық жүйе арқылы архив мекемесіне құжаттарын электронды түрде өткізетін болады. 2021 жылдың қазан айынан бастап «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметі де осы Е-Архив жүйесі арқылы жүзеге асырылуда.

– Алда қандай мақсаттар бар?
– Мемлекеттің нығаюы, механизмнің күрделене түсуі, құжаттардың жаңа түрлерінің пайда болуы, қызмет көрсетуді автоматтандыру архивис­терге үлкен міндет жүктеп отыр. Қай елдің болмасын қоғамдық-саяси, экономикалық, рухани өмірі, жалпы бар болмыс-тіршілігі құжаттарынан көрініс тауып, уақыт өте келе тарихына айналатыны белгілі. Уақыт еншісіндегі байлықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, оны тиісінше сақтау және қоғам мүддесіне пайдалануды ұйымдастыру архивтер мен архившілердің мақсаты. Ал сол мақсатты біздің архивистер абыроймен атқарып келе жатқанына кәміл сенемін. Шындығында да тарихты жасайтын – халық, сақтайтын – архив. Олай болса архивтегі құжаттар қай кезде де маңыздылығын жоғалтпайды.
– Әңгімеңізге рақмет. Жұмыс­тарыңызға жеміс тілейміз.

Сұқбаттасқан Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Суретке түсірген Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
25 желтоқсан 2021 ж. 1 663 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 773

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 823

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031