Есепті жұмыс нәтижеге бастайды
qarmaqshy-tany.kz Аудан прокуроры М.Маханбетжанов қадағалау саласында атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөнінде баспасөз өкілдерімен брифинг өткізді. Онда аудан прокуроры қадағалау аумағындағы қылмыстылық жағдайына тоқталды.
2023 жылы аудан көлеміндегі қылмыстылық 2022 жылмен салыстырғанда 25 пайызға (102/76) азайған. Аталған төмендеу динамикасына құқықбұзушылық профилактикасы аясында жүргізілген кешенді шаралар оң әсерін тигізді. Мәселен, ұрлық 40 пайызға (30/18), алаяқтық 61 пайызға (21/8), бұзақылық 25 пайызға (4/3) төмендеген. Дегенмен жекелеген қылмыс түрлері яғни, жол көлік оқиғаларынан туындайтын қылмыстар 37 пайызға (8/11), есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар 15 пайызға (13/15) өскен.
Аталған қылмыс түрлерінің өсуі одан бөлек, мал ұрлығы, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылық мәселелері аудан әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы бойынша ведомствоаралық комиссияда бірнеше рет қаралып, тиісті іс-шаралар белгіленген. Аудан көлемінде қылмысқа бейім 239-ға жуық адамның тізімі жасақталып, тәуекел топтарына жіктеліп, олар негізінен үш санатқа бөлінген және тәуекел дәрежесіне қарай тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алаяқтық, мал ұрлығы, есірткінің заңсыз айналымы қылмыстарының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарды қылмыстық құқықбұзушылықтан қорғау мақсатында аудан көшелерінде билбордтар ілініп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қылмыстық қудалау бағытындағы айта кететін маңызды мәселе – үш буынды жүйе тәжірибесі. Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту бағытында полиция, прокуратура және сот органдары арасында өкілеттіктерді нақты бөле отырып, қылмыстық процестің үш буынды моделі жүзеге асырылуда. Яғни, прокурор қылмыстық процестегі негізгі шешімдерді келіседі немесе бекітеді және прокурордың келісімінсіз немесе бекітуінсіз бұл шешімдердің заңды күші болмайды. Негізгі шешімдерді прокурорлардың келісуі және бекітуі тергеу процесін ашық етіп, ол бойынша нақты мерзім ішінде тиісті шешім қабылдануына оң ықпал етеді. Өз кезегінде бұл процесс азаматтардың қылмыстық істер бойынша сергелдеңге салынып, әуре-сарсаңға түсуінің алдын алса, сәйкесінше олардан түсетін арыз-шағымдарды болдырмауға септігін тигізеді. Осылайша, қылмыстық қудалау органдарымен қабылданған әрбір шешім прокуратурамен жан-жақты зерделеніп, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және азаматтарды қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тарту фактілерінің жолын кесу бағытында барлық шаралар қолданылуда.
Өткен жылы аудандық полиция бөлімімен тіркелген қылмыстық істер бойынша тергеп-тексеру әрекеттері 100 пайыз электронды нысанда жүргізілді. Қылмыстық істердің тергеп-тексеруін электронды нысанда жүргізу барынша ашықтықты қамтамасыз етіп, тергеушінің, прокурордың және соттың жұмысын бағалауға мүмкіндік бере отырып, дәлелдемелерді бұрмалау, заңсыз шешімдер шығару мүмкіндігін болдырмайды. Қоғамдық мүдделерді қорғау саласы (әлеуметтікэкономикалық саладағы қадағалау бағыты) бойынша 4 (3) тексеру, 32 (33) талдау жүргізілсе, 54 (47) қадағалау актілері енгізіліп, 121 (102) тұлға жауапқа тартылған, 14998 (9947) адамның құқығы қорғалып (2807/3408 конс), 28,1 млн (24,4 млн) теңге мемлекет пайдасына өндірілген. Бұдан бөлек, аудандық прокуратурамен қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша сот актілерінің, атқарушылық өндірістер, пробация, жедел іздестіру қызметіндегі жұмыстарын жүзеге асыруда заңдылықты қадағалау салалары бойынша да атқарылған шаралар және оның нәтижелері туралы ақпарат берілді.
Кездесу барысында аудан прокуроры Бас прокуратурамен белгіленген басым бағыттар мен жүктелген міндеттерге, оның маңыздылығы мен себептеріне тоқталды.
Брифинг соңында баспасөз өкілдерінің сұрақтарына нақты жауаптар берілді.
«Қт» ақпарат