Кеңестің қорытынды жиыны
Жақында Жосалы кенті әкімшілігінің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсеновтің төрағалығымен кеңес отырысы өтті. Оған аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Қошалақов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының бас маманы Марат Айтхожа «ZOOM» платформасы арқылы онлайн қатысты. Жосалы ауылдық округінің әкімі Әлімбай Білжанов, III Интернационал ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Сайымов, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес бірінші кезекте III Интернационал және Жосалы ауылдық округтері әкімі аппараттарының мемлекеттік қызметтерді көрсетуде, оның сапасын арттыруда атқарып жатқан жұмыстары және жергілікті атқарушы орган ретінде нәтижелі жұмыс жасаудағы есебі тыңдалды. Мұнан соң аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Ниматулла «2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы», аудандық мәслихатының шешім жобасы жайлы хабарлады.
Келесі кезекте аудандық қоғамдық кеңестің 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Құлдүйсеновтің жұмыс жоспары талқыланды.
Жиында тиісті сала басшыларының есептік хабарламалары тыңдалып, жан-жақты зерделеніп, ұсыныс-пікірлер айтылды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мерековтің қаржы тапшылығына байланысты өзге қала, аудан арасында болатын тағылымдық шаралардан кейде тысқары қалып қоятынын тілге тиек етті. Осы орайда алдағы жылы ардагерлерге тиісті қаржы көлемінің артуына ұсынысын білдірді.
Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты қоғамдық кеңес тарапынан шешімдер қабылданып, аудандық мәслихаттың шешім жобасына келісім берілді. Осымен қатар кеңес отырысында аудандық қоғамдық кеңесінің 2024 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, бекітілді.
А.ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ