» » Абыройлы еңбекпен – құрметті зейнетке

Абыройлы еңбекпен – құрметті зейнетке

qarmaqshy-tany.kz АДАМ БАЛАСЫ ТУҒАНДА ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛАРДАЙ, ӘЛЕМДІ ТАНЫРДАЙ, ӘЛЕМГЕ СІҢЕРДЕЙ ҚАБІЛЕТПЕН КЕЛЕРІ АНЫҚ. ӘСІЛІ, ТОЛҒАНА КЕЛІП БАРШАҒА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІКТІҢ БӘРІНЕ БҰЙЫРА БЕРМЕСІ МІНЕЗДЕН БОЛСА КЕРЕК ДЕП ТОПШЫЛАДЫҚ. МІНЕЗ ҒАНА ЕМЕС, ТӘРТІП, БІЛІМ, ЖҮРЕК ЕГІЗ БОЛСА ҒАНА, АБАЙ АЙТҚАНДАЙ, ТОЛЫҚ АДАМ ДЕҢГЕЙІН ЕҢСЕРЕ АЛМАҚ. ЯКИ, ҚАЙСАРЛЫҚ ПЕН ҚАЙРАТТЫ ӘДІЛДІККЕ СЕРІК ЕТКЕН МІНЕЗ, АР ЖОЛЫМЕН ЗАҢ ЖОЛЫН ТОҒЫСТЫРАР ТӘРТІП, РИЯСЫЗ БЕРІЛЕР ІЛІМ, БАСТЫСЫ ІЗГІЛІК ПЕН МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ ЖҮРЕК ИЕСІ ҚИМАСТЫҚ СЕЗІМДІ СЫЙЛАЙ АЛАДЫ. СОНДАЙ ҚАСИЕТТЕРДІ БОЙЫНА ЖИНАП, ҰЖЫМНЫҢ ЫҚЫЛАСЫНА ҚАНЫҚ БОЛҒАН ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, АҚЫЛШЫ АНА, №277 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ БАСШЫСЫ – ЖҰМАГҮЛ ТІЛЕУҒАБЫЛОВА.

Ол 1962 жылы Төретам қыстағында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдап, еңбек жолын Ақай ауылындағы №99 мектеп қабырғасынан бастаған. Орыс тілі пәнінен сабақ бере жүріп, мектеп өміріндегі қоғамдық ісшараларға белсене араласып, өзінің жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз екендігін таныта білді. Осындай еңбегі еленген ұстаз қаламыздағы білім беру мекемесінде әдіскер болып еңбек жолын жалғады. Өз мамандығына деген сүйіспеншілік мектеп қабырғасына қайта оралтып, ағартушылық қызметін №14 бастауыш мектебінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жалғастырды. 2000 жылдан бастап сол мектептің директоры болып тағайындалған Жұмагүл Қосжанқызы мектеп жұмысын одан әрі жандандырып әкетті. Жаны жайсаң, мейірімді, жаңашылдыққа жаны құмар, жүйелі талап қоя білетін, іскер басшы білім мен тәрбиенің сапалы болуына ерекше күш салып, ұжымда ауызбіршілік пен ынтымақ орната білді. Мектеп абыройын арттыруда бағыт-бағдар беріп отырған «Кембридж» инновациялық көшбасшылық деңгейлі, заман талабына сай білікті басшы, аудандық мәслихаттың депутаты қызметін де абыроймен атқарды.
2013 жылы ашылған мектептің басқару ісін дөңгелетіп әкетіп, ұстаз, қызметкер, оқушының әрқайсысының жүрегіне жол таба білген басшы өмірінде тәлім-тәрбие беретін тәжірибені жинақтап қана қоймай, білгенін, түйгенін өзгелерге үйрете алатын, риясыз жанашырлық пен салмақты көзқарасты қатар ұстай білетін, өзіне қандай талап қойса өзгеден де соны талап етіп, сол талапты орындата алатын бірегей тұлға, ұлт жанашыры. Дархан пейілдің иесі тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіндейді. Түйгенін ой елегінен өткізіп, таразының екі басына салып саралайды, қорытындылайды. Тәрбиенің негізгі алтын діңгегі – ол ғибратты, ғұмырлы, ғасыр бойы бойымызға салт-дәстүрмен берілген ұлттық тәрбие тағылымын дәріптейді. Терең білім мен тек маңдай тердің еңбегін бағалайтын ұстаздың тәрбиесін алған біздің ұжым бүгінде оқ бойы озық маманға, ар мен абыройды ғана ойлайтын, ұлт болашағын тәрбиелеуде өзіне жоғары талап қоя білетін тұлғаға айналып отыр.
Білікті басшы оқушылары мен ұстаздарының білімі, біліктілігіне ғана емес, олардың жүрістұрысы мен киім-киісіне дейін қатаң талап етіп, үлкен ұжымды сыйластық, әдеп арнасына бойлауға үлкен еңбек сіңірді. «Қазақтың тағдыры, келешегі мол ел болуы да мектептің қандай негізге құрылуына тіреледі. Мектебімізді сау, берік, һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегімізге тайынбай серттесуге болады. Ал сондай негізге құра алмасақ, келешегіміз күңгірт» деп ұлы педагог М.Жұмабаев айтқандай, біздің басшының қатаң ұстанымы да осында айқындала түспек. Себебі, Жұмагүл Қосжанқызы ұстаздардың ғана емес, әр қызметкердің, атаана, білім алушылардың жеке мәселесін де, міндет-борышы мен қалауын да қанағаттандыра білетін көрегенді көшбасшы. Алдына барған әр жанның жүрегіне үңіліп, сергелдеңге түсіретұғын мәселелердің жауабын іздеп, оң бағыт-бағдар, аналық ақыл, түзу жол нұсқау арқылы барша ұжымның анасына айналып та үлгерді.
«Жақсының тамыры тереңде, оны ешкім шаба алмас, көлеңкесі көктен, нұрын шашар еліне» деп текке айтылмаса керек. Осы орайда, ұлағатты ұстаз басқарған білім ордасы бүгінде республика деңгейінде маңызға ие құтты шаңырақ болып отыр. Ұлт тағдырының негізгі тұғыры саналатын бала тәрбиесін мойнына алған көрегенді мектеп басшысы Жұмагүл Косжанқызының көшбасшылығы мен кәсіби шеберлігі, мектептің жүрегіне айналған білікті ұстаздардың, білімге құштар шәкірттердің бірлесе жеткен жетістіктері мектептің, барша қазақ халқы үшін, болашақтың жарқын болуы үшін маңызын көрсетіп отыр. Сапа мен ұлт болашағы үшін оңтайлы жұмыс жасайтын бұл мектептен 2015 жылдан күні бүгінге дейін 26 алтын белгі, 21 үздік аттестат иегері, халықаралық, республикалық білім, мәдени-спорттық сайыстардың бірнеше мәрте жеңімпаздары ұшып шығып, бірі білікті маманға айналса, енді бірі алдыңғы қатардағы университеттердің грантын жеңіп алып, елдегі ғылымның дамуына елеулі үлес қосып келеді. Өткен оқу жылының өзінде 60 бітіруші түлектің ішінен 54 оқушы мемлекеттік грант иегері атанып, әртүрлі салада білім алуда. Бұл – білім сапасының жоғары көрсеткіші.
Білім теңізінде желкенін тек адалдықтың желіне билеткен басшының оң саясаты арқылы білім ордамыз «Үздік мектеп – 2015», «Үздік білім ордасы – 2016», облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитетінің «Жыл таңдауы – 2018» қорытындысы бойынша «Ынтымағы жарасқан ұжым», «Жыл үздігі – 2019», «Әлеуметтік әріптес –2020» номинацияларының иегері атанса, 2018-2019 оқу жылының облыстық конкурсының қорытындысымен «Орта білім беретін үздік ұйым» жеңімпазы атанып, 17 миллион теңге сертификатын қанжығасына байлады. Осындай жаңалық пен ізденіске жаны құмар білім ордасы жыл қорытындысы нәтижесімен 2021 жылы да «Үздік идеялар жаршысы» номинациясымен, «Жылдың ең үздік ұйымы – 2021», 2022 жылы «Ең үздік қала мектебі – 2022», Қазақстандағы «Ең үздік 100 мектеп – 2022» номинациясы, «Озық идеялар мен технологиялар ордасы», Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІІ (облыстық) кезеңінде керсеткен нәтижелері үшін «Білім шыңы – 2022» номинациясымен марапатталып, №277 мектеплицейінің басшысы Жұмагүл Қосжанқызы «Білім және Ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бастысы, ұстаздық жолының даралығын, саралығын айқындайтын құрметті «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі де білімді ұстаздың кәсіби шыңға жеткен көрсеткіші. Бұл жетістіктер – ұжымды бірлікте ұстап, сапаның заң аясында, адалдық борыш пен болашақ қамы үшін жасалған үлкен еңбектің, көрегенділік пен көсемдікке толы жүректің нәтижесі деп нық сеніммен айта аламыз.
Ғибратты ғұмырын өнегеге айналдырып, өмірлік миссияны дұрыс таңдай білген, ізгілікке толы өмірін білім беру ісіне арнаған жанашыр ұстаз, ардақты ана, білікті басшымызға зейнеттің тек тәтті жемісін, арайлы таңдардың бақытты сәттерін, сәттілікке толы ғұмыр, немере, шөбере күлкісіне толы шаңырақ, аласармас абырой биігін қимастыққа толы жүрегімізбен тілейміз. Алладан келген мәртебелі мамандықты абыроймен алып жүріп, көпшіліктің көңілін таба алғаныңыз, мектеп атағын асқақтатып, баршамызға үлгі бола білгеніңіз, талғамы биік басшы болғаныңыз үшін ерекше алғыс білдіреміз.
Жұма МАХАМБЕТОВА,
№277 мектеп-лицейінің мұғалімі
28 қараша 2023 ж. 449 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 419

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 494

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930